Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қазақстан тарихының жылнамасында әр кезеңнің өз жүгі мен жауапкершілігі бар. Алайда кейінгі жеті жыл еліміз үшін кеше мен ертеңнің арасын жалғаған іргелі трансформация мен ұлттық жаңғырудың маңызды кезеңі
болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен халқымыз күрделі геосаяси сын-қатерлерді еңсеріп, Әділетті Қазақстан құруға сенімді қадам басты. Ел өміріне түбегейлі жаңа өзгерістер енді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекеттік басқарудың негізгі діңгегіне айналды. Біз әлемдік геосаяси жағдай құбылып, жаһандық дағдарыстар белең алған тұста мемлекетіміздің ішкі әлеуетін нығайтып, сыртқы сын-қатерлерге төтеп бере алатын тұрақты жүйе қалыптастыра білдік.
Халқымыз үшін жеті саны қандай қасиетті ұғым болса, Президенттің осы уақыт аралығындағы қызметін де жеті үлкен белестен тұратын жасампаздық кезең деп сипаттауға болады. Саяси жаңғыру, экономикалық реформалар, әлеуметтік әділдік, білім мен ғылымның өрлеуі, цифрлық трансформация, ұлттық бірегейлікті нығайту және халықаралық беделдің артуы – Қазақстанды түбегейлі реформаларды нақты іске асыратын динамикалы мемлекет ретінде танытты.
Зиялы қауым мен білім ордасының өкілі ретінде біз бұл өзгерістерді қоғамның ең сезімтал барометрі – жастардың санасындағы сілкіністер арқылы бағалаймыз.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» концепциясы мемлекеттік басқарудың жаңа философиясы. Саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етпейінше, экономикалық немесе мәдени прогрестің болуы мүмкін емес екенін уақыт дәлелдеп берді.
2022 жылғы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциялық өзгерістер елдің саяси келбетін түбегейлі өзгертті. Президент өкілеттігінің бірреттік жетіжылдық мерзіммен шектелуі, Конституциялық соттың құрылуы, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін нығайту демократиялық дамудың басты кепіліне айналды.
Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасында тікелей диалог мәдениетін қалыптастырды. Мемлекеттік органдардың халық алдындағы есептілігі артып, азаматтардың пікірі ірі шешімдердің қабылдануына түрткі болды.
Президенттің бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай – ата-бабаларымыздан қалған ұлы дәстүрді заманауи жаңғыртты. Бұл алаңда еліміздің зиялы қауымы, ғалымдары мен белсенді азаматтары бас қосып, ұлттың болашағына қатысты стратегиялық мәселелерді талқылап келді. Құрылтайда көтерілген «Адал азамат» тұжырымдамасы мен ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселелері біздің білім саласындағы тәрбие жұмыстарымыздың басты темірқазығы болып бекіді.
Саяси реформалардың басты жеңісі – халық жүрегінде өз ертеңіне деген сенімнің оянуында. Тұрақтылық деген жайбарақат жүру емес, бұл үздіксіз реформалар мен даму арқылы келетін тепе-теңдік. Міне, осы саяси іргетас білім мен ғылым саласында батыл қадамдар жасауға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Жолдауы мен стратегиялық бастамалары білім мен ғылымды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде айқындады.
Президент атап өткендей: «Біз ғылымды дамыту арқылы ғана елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыра аламыз. Егер біз алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарында болғымыз келсе, ғылым мен технологияға негізделген экономика құруымыз қажет». Бұл қағида – отандық академиялық қауымдастық пен жоғары мектеп үшін негізгі бағдар.
Кейінгі жеті жылда Қазақстанда интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолында да жүйелі жұмыст атқарылды. Білім саласының мазмұны түбегейлі жаңарып, функционалдық сауаттылық пен креативті ойлауды дамытуға басымдық берілді. Бұл үдеріс балабақшадан басталып, жоғары оқу орнына дейінгі үздіксіз білім циклін қамтып отыр.
Мемлекеттің болашақ ұрпаққа деген қамқорлығы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» жинақтау жүйесі арқылы көрініс тапты. Бұл бастамалар елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық қадамдар.
Кез келген реформаның табысты болуы оны жүзеге асыратын мамандардың әлеуетіне байланысты. Осы орайда, Президенттің тікелей тапсырмасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңы және мұғалімдер мен ЖОО оқытушыларының еңбекақысын еселеп арттыру туралы шешімдер – тарихи әділдіктің салтанат құруы. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларға берілетін гранттар санын көбейту және іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институттарды тікелей қаржыландыруға көшу отандық ғылымның еңсесін тіктеді.
Кейінгі жылдары білім мен ғылым саласына бөлінетін қаржының бес есеге артуы саланы серпінді даму жолына шығарды. Бұл ғылыми инфрақұрылымды жаңартуға, іргелі зерттеулерді жандандыруға және ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды инвестиция болды.
Университеттердің академиялық және басқарушылық дербестігінің кеңеюі жоғары оқу орындарына еңбек нарығының талабына сай білім бағдарламаларын икемдеуге, халықаралық ғылыми кеңістікке еркін интеграциялануға мүмкіндік берді. Зерттеу университеттері санының артуы ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жойып, экономиканың нақты секторларына инновациялық шешімдер ұсынуға жағдай жасады.
Президенттің жарлығымен Ғылым және жоғары білім министрлігінің жеке бөлініп шығуы, Мемлекет басшысы жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы саланың мәртебесін айтарлықтай арттырды. Бұл кеңес мемлекет, ғылым және бизнес арасындағы алтын көпірге айналып, зерттеулердің экономикалық қайтарымын арттырудың стратегиялық тетігін қалыптастырды.
Мемлекет жас зерттеушілерге арнайы гранттар бөліп, ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтты. «Жас ғалым» бағдарламасы мен «500 ғалым» халықаралық тағылымдамасы қазақстандық зерттеушілердің әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтармен терезесі тең жұмыс істеуіне жол ашты. Ғалымдарды әлеуметтік қолдау бағытындағы тұрғын үй бағдарламалары мен гранттардың көбеюі ғылымға талантты жастардың ағылуын қамтамасыз етті.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2024 жылы қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңы. Құжат ғалымдардың әлеуметтік пакетін нығайтып қана қоймай, ғылыми ізденістердің нәтижелілігін арттыруға жаңа серпін берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бұл реформалардың алғы шебінде келе жатқан бірегей ғылыми орталық. Университет жанындағы инновациялық орталықтар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, инновациялық экожүйе қалыптастыру және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Бұл жетістіктер отандық жоғары білім жүйесінің жаһандық білім кеңістігіне сенімді түрде кірігіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге халықаралық академиялық серіктестік кеңеюде. Бірлескен ғылыми жобалар, академиялық алмасу бағдарламалары және ортақ зерттеу бастамалары білім мен ғылымның жаһандық интеграциясын күшейтті.
Бұл бағытта әлемдік үздік университеттердің филиалдарын ашу тәжірибесі өзін толықтай ақтады. Президент бастамасымен елімізде 30-дан астам шетелдік университеттің филиалдары мен өкілдіктері ашылды. Оксфорд, Аризона немесе Хериот-Уотт сияқты алпауыт оқу орындарының Қазақстанға келуі – отандық білім сапасына деген халықаралық сенімнің белгісі. Бұл қадам жастардың елден кетпей-ақ, халықаралық үлгідегі диплом алуына және озық технологияларды игеруіне жол ашты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ да бұл үдерісте көшбасшылық танытып, шетелдік филиалдарын ашып, экспорттық әлеуетін арттыруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық тапсырмасына сәйкес, елімізде 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін жеткізу көзделген. Осы ауқымды межеге жетуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жетекші рөл атқарып келеді. Қазіргі таңда қара шаңырақта әлемнің 54 елінен келген 7 мыңға жуық шетелдік студент дәріс алуда.
Жалпы алғанда, кейінгі жылдары жүзеге асырылған реформалар еліміздің білім және ғылым жүйесін сапалық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталды.
Бүгінгі әлемді жасанды интеллектісіз елестету мүмкін емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды IT-мемлекетке айналдыру және ЖИ саласында көшбасшылыққа ұмтылу туралы батыл міндет қойды. ЖИ негіздері еліміздің барлық мектебі мен университетінде міндетті пән ретінде кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл ретте университеттер жаңа технологиялардың сынақ алаңына айналуда. Біз жасанды интеллектіні тек оқып қана қоймай, оны мемлекеттік басқару, медицина және экология салаларында қолданудың ғылыми негіздерін жасау үстіндеміз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жасанды интеллект бағытындағы кешенді білім мен ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде дамытып келеді. Университетте жасанды интеллект факультеті ашылып, «Зияткерлік басқару жүйелері», «Бизнес-талдау және Big Data», «Роботтехникалық жүйелер» сияқты заманауи білім бағдарламалары жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар жасанды интеллект элементтері университеттің барлық факультетінің оқу жоспарларына енгізілді.
Негізгі пәндермен қатар, студенттер «Жасанды интеллектіге кіріспе», «Жасанды интеллект әдістері мен технологиялары», «Нейрондық желілер және терең оқыту», «Басқару жүйелеріндегі жасанды интеллект» секілді тереңдетілген курстарды меңгереді.
Бұл жаңа дәуірдің интеллектуалды бәсекесі және бұл бәсекеде біздің жастарымыздың озып шығуына барлық жағдай жасалуда. «AI Sana» ұлттық білім бағдарламасы аясында қысқа мерзімде мыңдаған студент арнайы курстардан өтті. Алдағы уақытта елімізде арнайы Жасанды интеллект университетін ашу жоспарланып отыр. Бұл университет жоғары технологиялық кадрларды даярлап қана қоймай, жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулердің ұлттық орталығы болмақ.
Білім мен ғылым саласындағы ілгерілеу өз кезегінде экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізін қалайды. Жеті жыл ішінде экономикалық саясаттың бағыты шикізаттық тәуелділіктен арылып, әртараптандыру мен инновацияға бет бұрды. Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік әділдікті орнату.
Осы орайда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде заманауи білім ошақтарының бой көтеруі ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын жоюға бағытталған сындарлы шешім.
Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару үдерісі. Қайтарылған миллиардтаған қаражаттың жаңа мектептер, ауруханалар мен балабақшалар құрылысына жұмсалуы халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтты. Экономиканы монополиядан арылту арқылы шағын және орта бизнеске жол ашылды, бұл нарықтық бәсекелестіктің жаңа кезеңін бастап берді.
Кез келген трансформация рухани негізсіз, жаңа қоғамдық этикасыз баянды болмақ емес. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі жеті жылдағы қызметінің ең маңызды қырларының бірі – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған рухани жаңғыру саясаты.
Президент Ұлттық құрылтай мінберінен жариялаған «Адал азамат» идеясы біздің қоғамдық этикамыздың биік мұраты ретінде қабылданды. Мемлекеттілік рухын нығайту жолында Республика күнінің ұлттық мереке мәртебесімен қайта оралуы тарихи әділдіктің салтанаты болды. Ал Наурыз мейрамының «Наурызнама» форматында, онкүндік мазмұнымен толығуы халқымыздың төл мәдениетін заманауи тұрғыдан жаңғыртты. Бұл жұртты бірлікке, бауырмалдық пен жасампаздыққа жетелейтін идеологиялық серпін. Қара шаңырақ ҚазҰУ-да бұл мерекелер тек салтанатты жиын емес, ұлттық құндылықтар мен заманауи ғылымды ұштастырған мәдени-интеллектуалды форумдар деңгейінде атап өтілуде.
Өткен жеті жылға көз жүгіртсек, Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығы нығайып, халықаралық аренадағы беделі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін көреміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың теңгерімді сыртқы саясаты мен батыл ішкі реформалары елімізді жаңа тарихи деңгейге алып шықты. Ұлы даланың тарихын түгендеу, Түркістанды рухани астана ретінде дамыту және халықаралық аренада Қазақстанның бейбітшілік пен келіссөздер алаңы ретіндегі беделін нығайту – елімізді аймақтық көшбасшы ғана емес, жаһандық мәселелерді шешуде де пікірі ескерілетін беделді мемлекет ретінде мойындатты.
Президент бастамаларының заңды жалғасы әрі мемлекеттің демократиялық трансформациясын бекіте түскен шешуші кезең – 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдум. Жаңа Конституцияны қабылдау арқылы біз мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімді бекіттік.
Жаңа Конституцияның басты маңызы – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын конституциялық деңгейде орнықтыру.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сияқты іргелі оқу орындары үшін Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарлары күнделікті жұмыс жоспарына айналды. Біз Президент бастаған реформаларды ғылыми негіздеп қана қоймай, оны іс жүзінде асыратын білікті кадрларды тәрбиелеп отырмыз. Университет ғалымдарының әлемдік деңгейдегі зерттеулері, жасанды интеллект саласындағы серпінді жобаларымыз бен халықаралық кампустарымыз – бұл қуатты мемлекеттің интеллектуалды қуатына қосылған нақты үлес.
Бұл кезең бізге ең басты нәрсені – ертеңге деген сенім мен бірліктің маңызын ұғындырды. Біз геосаяси дауылдардың ортасында отырып, өз жолымыздан жаңылмай, Әділетті Қазақстан құру идеясының айналасына топтаса білдік. Елдің ішкі бірлігі сыртқы сын-қатерлерге қарсы ең мықты қалқан болса, жүргізіліп жатқан реформалар сол қалқанның берік сауыты іспетті.
Жеті жыл – үлкен жолдың маңызды кезеңі. Біз бүгінде «Күшті ел – тұрақты мемлекет» қағидатымен алға жылжып келеміз. Біз уақыттың сынынан өттік, ендігі міндет – жеткен жетістікті бекемдеп, дамудың жаңа сатысына көтерілу. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық бағдар бойынша білім мен ғылымға арқа сүйеп, әділетті, таза, қауіпсіз және Жаңа Қазақстан құру жолында еңбек ете береміз. Бұл маңызды миссияда университеттер ұлттың болашағын қалыптастыратын негізгі күш болып қала береді.
Мемлекетіміздің іргесі берік, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры
Соңғы жаңалықтар
Ризабек Айтмұхан жаңа салмақта ел чемпионы атанды
Күрес • Кеше
«Егемен Қазақстан» фото тілшісі Ерлан Омаров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Марапат • Кеше
Елімізде 30 елді мекенді су басу қаупі бар
Су тасқыны • Кеше
Сарапшы: Елімізде жоғары жылдамдықпен жүретін тасжолдарда жылдамдық режимі біркелкі емес
Қоғам • Кеше
Асхат Аймағамбетов: Қызметкерлерге скринингтен өту үшін жылына 3 күнге дейін демалыс беріледі
Қоғам • Кеше
Жетісу облысындағы балабақшада қауіпті қалдықтар сақталған
Оқиға • Кеше
Мәжіліс мемлекеттік қызмет туралы заң жобасының жаңа редакциясын бірінші оқылымда мақұлдады
Қоғам • Кеше
Ертең еліміздің басым бөлігінде тұман түседі
Ауа райы • Кеше
Көкшетауда 136 млн теңге жинаған қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына үкім шықты
Оқиға • Кеше
Алматыда «ҚазТАГ» агенттігінің басшысы Әсет Матаев ұсталды
Оқиға • Кеше
Қазақстандық әуе компаниясы Дубайға рейстерді 19 сәуірге дейін тоқтатты
Қоғам • Кеше
Әкімдер қызметі қандай көрсеткішпен өлшенуі керек?
Экономика • Кеше
Шекара қызметінің сарбаздары үйлеріне орала бастады
Әскер • Кеше
«Ұлттық киім» шеруі: Елордалық тұрғындар дәстүрлі киіммен көпшілікті тәнті етті
Мереке • Кеше
Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшырады
Қоғам • Кеше