Жаңғыруын күткен Жұбанов мектебі

04.08.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Архив құжаттарын парақтаған са­йын ұлт үнін тәрбиелеген қарашаңы­рақ­тың тарихы қазақ кәсіби музыка өнерінің қалыптасу шежіресімен қатар өрілгеніне көз жеткіземіз. Өт­кен ғасырдың алпысыншы жылдары ұлттық музыка жаңа белеске көтеріл­генімен, оны жалғастыратын кәсіби орындаушыларға деген сұраныс айрық­ша сезілді. Халық арасындағы табиғи таланттың мол екенін академик Ахмет Жұбанов жақсы білді. Бірақ сол да­рынның бәрі бірдей үлкен өнердің жолына түсе алмайтынын да ерте аңғарды. Ауылдағы қарапайым отбасының өнерге ынтық баласы білім мен мүмкіндікке қол жеткізе алмаса, талай таланттың тағдыры тасада қалатынын түсінді. Сондықтан да көреген композитор дарынды кездейсоқ іздеуге емес, жүйелі түрде тәрбиелейтін ұлттық музыкалық мектеп құруды мақсат етті.

Бұл ой Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын басқарған жылдары нақты шешімге айналды. Сол кезеңде ұлттық кәсіби кадрлардың тапшылығы анық байқалды. Қазақ музыкасының болашағы үшін ауылдағы талапты балаларды ерте жастан кәсіби білімге бау­литын арнайы оқу орны ауадай қажет еді. Табанды еңбектің нәтижесінде 1964 жылы Алматы қаласында республи­калық қазақ музыкалық мектеп-интернаты ашылып, қазақ музыкасы тарихындағы жаңа дәуірдің қазығы қағылды. Бұл жай ғана білім ордасының емес, ұлттық орындаушылық мектептің негізі қаланған тарихи сәт болатын. Жаңадан құрылған оқу орнының алғашқы директоры болып Түркістан Мақсұтұлы Өзбеков тағайындалды. Ол Ахмет Жұбановтың асыл мұратын жалғастырып, кәсіби музыканттар мен тәжірибелі педагогтерді бір арнаға тоғыстырды. Арнайы құрылған қабылдау топтары республиканың түкпір-түкпірін аралап, табиғи қабілетімен ерекшеленген балаларды іздеді. Ал 1968 жылы Түркістан Өзбековтің бастамасымен мектепке Ахмет Жұбановтың есімі беріліп, ұлт руханияты алдындағы тарихи миссиясы жаңа мазмұнға ие болды.

Міне, содан бері алпыс жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде айтулы білім ордасы қазақ мәдение­тінің алтын қорына енген қаншама өнерпазды тәрбиеледі. Республика сахнасында ғана емес, әлемнің әйгілі теа­трлары мен концерт залдарында өнер көрсетіп жүрген көптеген музыканттың алғашқы ұстазы да, алғашқы сахнасы да осы қарашаңырақ болды. Сондықтан бұл мектептің тарихы – жүздеген түлектің тағдыры ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның музыкалық мәдениетінің де тағылымды тарихы.

Алайда уақыт алға озған сайын талап та өзгереді. ХХІ ғасырда музыкалық білім беру бұрынғыдай тек сабақ өтетін кабинетпен өлшенбейді. Әлемнің жетекші консерваториялары мен музыка мектептері шығармашылыққа арналған тұтас экожүйеге айналып келеді. Арнайы акустикасы бар жеке дайындық сыныптары, цифрлық дыбыс жазу студиялары, камералық және симфониялық репетиция залдары, халықаралық деңгейдегі концерттік кешендер – мұның бәрі кәсіби музыкант даярлаудың ажырамас бөлігі.

Өкінішке қарай, Қазақстандағы кәсіби музыкалық білімнің қарашаңы­рағы саналатын Ахмет Жұбанов мекте­бінің бүгінгі мүмкіндігі оның тарихи миссиясына толық сәйкес келе бер­мейді. Ең өзекті мәселенің бірі – орын тапшылығы. Жыл сайын республиканың барлық өңірінен жүздеген талапкер келіп, бірнеше кезеңнен тұратын күр­де­лі іріктеуден өтеді. Бірақ таланттың бәрі­не бірдей мүмкіндік бұйыра бермейді. Себебі интернаттағы орын саны шектеулі. Ойланатын мәселе де осы. Біз «ауылдағы таланттарды қолдау керек» деп жиі айтамыз. Бірақ сол таланттарды қабылдайтын орын жеткілікті ме? Егер мектептің материалдық мүмкіндігі шектеулі болса, қаншама дарынды бала үлкен өнерге жете алмай, өз ауылында қалып қоймай ма? Демек, ендігі мәселе Жұбанов мектебін жаңаша жаңғырту төңірегінде толғантуы керек. Бұлай деуімізге негізгі себеп – музыканттың кәсібі өзгелерден ерекше. Оның басты ұстазы – күнделікті бірнеше сағаттық дайындық. Бір аспаптың үнін жетілдіру үшін кейде мыңдаған сағат еңбек қажет. Сондықтан әр оқушыға жеке дайындық кабинеттері, акустикалық талапқа сай репетиция бөлмелері, ансамбльдік және оркестрлік залдар ауадай қажет. Өнердегі ұлы жетістік ең алдымен тыныш бөлмеде өткен ұзақ сағаттардан басталады.

Бүгінгі таңда Ахмет Жұбанов мекте­бі тек білім беретін мекеме болып қалмауы керек. Ол еліміздің академия­лық музыкасының ұлттық орталығына айналуға тиіс. Мұнда халықаралық байқаулар, фестивальдар, шеберлік сабақтары, ғылыми конференция­лар, жас орындаушылардың форумдары тұрақты ұйымдастырылса, еліміздің мәдени кеңістігі жаңа деңгейге көтерілер еді. Бұл тек мектеп үшін емес, тұтас қазақ музыкасының халықаралық беделі үшін қажет. Өйткені мәдени дипломатия қазір саясаттың да, экономиканың да маңызды тетігіне айналып отыр. Жаһан жұрты өз өнері арқылы танылды. Қазақты да әлемге танытатын күштің бірі – кәсіби музыка. Ал сол музыканың негізі дәл осы мектептен басталады.

Жаңа кешеннің тағы бір маңызды миссиясы – ұлттық музыкалық мұраны сақтау. Қазақтың ұлы компози­торларының қолжазбалары, ноталық мұралары, сирек архивтері, ғылыми зерттеулері бір орталыққа топтасып, жас музыканттарға қолжетімді болуға тиіс. Концерттер, шығармашылық кештер, ғылыми жобалар, ноталық жинақтардың тұсаукесерлері – мұның бәрі мектеп өмірінің табиғи жалғасына айналғанда ғана Ахмет Жұбанов армандаған ұлттық музыка мектебінің рухы сақталады.

Әрине, білім сапасы ең алдымен баланың өмір сүру жағдайымен де өлшенеді. Сондықтан жаңа мектеп қауіпсіз, жайлы, халықаралық стандарттарға сай болуы шарт. Заманауи интернат, кең оқу кабинеттері, қолайлы демалыс аймақтары, сапалы асхана, қауіпсіз инженерлік жүйелер, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған кедергісіз орта – мұның бәрі жай ғана құрылыс талаптары емес, сапалы білімнің негізі.

Біз көбіне мәдениет туралы айтқанда концерттер мен фестивальдарды сөз етеміз. Ал сол сахнаға шығатын өнерпаздың қайда тәрбиеленіп жатқа­нын ұмытып кетеміз. Шын мәнінде, үлкен өнер ең алдымен мектептен басталады. Егер сол мектеп заман талабына сай болмаса, ертең халықаралық сахналарда ұлт намысын қорғайтын жаңа буынды қалай тәрбиелейміз?

Ахмет Жұбанов атындағы респуб­ликалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының жаңа ғимаратын салу – бір білім мекемесінің мәселесін шешу ғана емес. Бұл – ұлттық мәдениетке, қазақ музыкасының болашағына, дарынды балалардың тағдырына салынатын инвестиция. Өйткені ұлттың өнері ең алдымен талантты танып, оны қанаттандыратын мектептен басталады. Ал ондай мектеп талантқа тарлық етпеуге тиіс.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью