Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен оның командасы рингке оралу процесін жеделдету мақсатында Дүниежүзілік бокс ұйымына (WBO) ресми түрде апелляция жолдады. Олар дисквалификация мерзімін қысқартуды немесе толықтай алып тастауды сұрап отыр. Бұл жаза оның қанынан антидопинг кодексімен тыйым салынған мельдоний заты анықталғаннан кейін тағайындалған.
Қазіргі уақытта Әлімханұлы WBO чемпионы атағын сақтап отыр, алайда оның дисквалификациясы биылғы желтоқсанға дейін күшін сақтайды. Тыйым салынған зат оның былтыр желтоқсанда WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен өтетін жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда тапсырған сынамасынан табылған.
WBO өкілі Густаво Оливьери Boxeo Urbano Network басылымына берген сұхбатында:
— Жәнібек пен оның командасы дисквалификацияға апелляция берді, қазір ол қаралып жатыр. Олар бұл шешіммен келіспейді және оны қайта қарауға толық құқылы. Ұйым ішінде арнайы апелляциялық комиссия бар, оның құрамына заңгерлер мен лицензияланған мамандар кіреді. Соңғы шешімді солар қабылдайды, — деді.
Әлімханұлының командасы бұл істі қайта қарауды талап етіп отыр. Бұл орта салмақтағы жағдайға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Оливьеридің айтуынша, WBO-ның тиісті комитеті апелляцияны қарап жатыр, сонымен қатар дивизиондағы тұрақтылықты сақтау үшін уақытша чемпиондық жүйе енгізілген.
— Қорытынды шешімді күтуіміз керек. Дисквалификация өзгеріссіз қалуы, қысқаруы немесе толықтай жойылуы мүмкін, — деді ол.
Жәнібектің уақытша шеттетілуіне байланысты WBO аралық чемпиондық титул енгізді. Бұл мүмкіндікті британдық боксшы Дензел Бентли тиімді пайдаланып, Эндри Сааведраны жеңіп, уақытша WBO чемпионы атанды.
Қазіргі таңда ұйым Бентли мен рейтингте екінші орында тұрған кубалық боксшы Йоэнлис Эрнандес арасында жекпе-жек ұйымдастыруды қарастырып жатыр. Алайда алдымен Бентлиге ерікті түрде титул қорғау мүмкіндігі берілуі мүмкін — бұл ұсыныс қазір қаралып жатыр.
— Мен чемпионат комитетіне Эрнандесті Бентлидің міндетті қарсыласы ретінде бекітуді ұсынамын. Себебі соңғы екі жылда міндетті қорғаныс жекпе-жегі өткізілген жоқ, сондықтан бұл талап орындалуы тиіс, — деді Оливьери.
Егер Әлімханұлының апелляциясы қанағаттандырылып, дисквалификация қысқартылса немесе толық жойылса, WBO қазақстандық чемпион мен Бентли арасында тікелей жекпе-жек ұйымдастыруы мүмкін. Бұл жағдайда Эрнандес келесі міндетті үміткер ретінде қала береді.
Қазіргі уақытта апелляция нәтижесі бүкіл дивизиондағы жағдайға тікелей әсер ететін негізгі факторға айналып отыр. Ұйым чемпионаттың белсенділігі мен бәсекелестігін сақтау үшін барлық процестерді үйлестіріп келеді.
Айта кетейік, тергеу нәтижесінде Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды, алайда WBO титулын сақтап қалды.