Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ұлттық сананың жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрілігінің тікелей қолдауымен Түркістан облысы Отырар ауданындағы Өзбекәлі Жәнібеков кесенесінде ғылыми-реставрация жұмыстары жүргізілді.
Этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесі 1998 жылы бой көтерген.
Тарих сахнасында «Мәдени майдан» қайраткері атанған Өз-ағаңның кесенесіндегі жаңғырту жұмыстары тұлға мерейтойының маңыздылығы назарға алынып, той қарсаңында қолға алынды. Бұл жұмыстар бүгінде мәдениет саласын басқарып отырған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік ететін уәкілетті органның жоспарына сәйкес рет-ретімен жүзеге асырылды. Кесененің техникалық ахуалы толықтай зерделеніп, сараптамалық қорытынды жасалды, реставрация жұмыстарының ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленді. Кесенені қалыпқа келтіру ісін жарты ғасыр бойы осы бағытта жұмыс атқаратын «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары жүргізді.
«Кесене – мемлекеттік маңызы бар тарихи нысан. Сондықтан алдын ала зерделеудің нәтижесі негізінде ғылыми-реставрация жұмыстары мұқият жүргізілді. Кесене күмбездері қыш кірпішпен толық қапталып, кірпіштердің жіктері жауын-шашын мен ылғалдан қорғайтын арнайы қоспамен бекітілді. Ішкі бөліктегі қабырғалар мен төбенің үгітілген сылақтары алынып, қайта сыланды. Есік-терезелер мен панжаралар нысанның сәулеттік ерекшеліктеріне сай қайта орнатылды», – дейді «Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры Олжас Шариязданов.
Қалпына келтірілген тарихи ескерткіш зияратшылар қауымына ұнаған. Жиырма жылдан бері кесененің шырақшысы қызметін атқаратын Нұржан Абанұлы реставрация жұмыстарының дер кезінде қолға алынғанына ризашылығын білдірді. «Кесене салынғалы бері күрделі жөндеу жасалмаған еді. Жыл сайын өзімізше аздаған жерін жамап-жасқап, әктеп күтім жасап отырамыз. Дегенмен ғылыми реставрацияның жөні бөлек қой. Міне, кесенің қасбеті, күмбезі тозыңқырап кеткен еді. Келушілердің айтар тілегі жөндеу жасалса дейтін. Биыл марқұм Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, кесененің қайта жаңғырғаны жөн іс болды. Мұны қайраткер тұлғаға көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз», – дейді шырақшы. Оның айтуынша, кейінгі жылдары кесенеге келушілердің қатары да айтарлықтай артқан. Әсіресе Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен еңбегін зерттеп жүрген жастардың қызығушылығы жоғары. Еліміздің Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Батыс Қазақстан өңірлерінен арнайы келетін жас зерттеушілер көп көрінеді.
Қайраткердің мазарына Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Түрікменстаннан да ғалымдар мен зиярат етушілер ұдайы келіп тұрады. Солардың бірі – Түрікменстаннан келген Сардар есімді азамат. «Мен Өзбекәлі Жәнібековтің есімін, еңбегін үлгі тұтамын. Бүгін арнайы тағзым жасауға келдім. Түрікмен елінде Өзбекәлі ағамыздың ақыл-кеңесімен алғашқы Наурыз тойын тойлағанын мақтанышпен еске аламыз», – дейді. Бауырлас елден келген мейман қазақтардың біртуар түлғаны ұлықтап, кесенесін жаңыртып жатқанына ризалығын білдірді.
Тарихи ескерткішті қалпына келтіру кез келген құрылыс жұмыстарынан өзгеше іске асады екен. Мұндағы басты талап – жаңа нысан салу емес, тарихи нысанның әуелгі сәулеттік келбетін жоғалтпай реставрациялау. Сондықтан да 50 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары кесенедегі реставрацияны кәсіби шеберлікпен қатар ғылыми дәлдікпен, аса жоғары жауапкершілікпен, ерекше тарихи талғаммен жасағанын аңғардық.
Саналы ғұмырын ел тарихы мен мәдениетін түгендеуге арнаған ғалым-қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың тарихи ескерткіштерді сақтау үшін аянбай күрескені, жоғалып кеткелі тұрған мұраларды аман алып қалғаны бәрімізге мәлім. Сондықтан да мемлекет елдіктің шежіресін түгендеген ұлылардың еңбегін ұдайы ұлықтап, жас ұрпаққа жеткізуде қажетті міндеттерін атқарып келе жатқаны зиялы қауымды қуантады.
Біле білсек, Өзекеңнің аманаты – ұлттың тарихи жадын жоғалтпау, мәдени мұрасын сақтау және елдік құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу еді. Сондықтан «Қазқайтажаңарту» РМК мамандарының Өзбекәлі Жәнібеков кесенесін ғылыми негізде қалпына келтіріп, мерейтой қарсаңында жұмысты толық аяқтаған тиянақты ісі ел тарихына, ұлттық руханиятқа жасалған тағылымды қызмет деп санаймыз.
Тельман БЕЙСЕНОВ,
журналист, тарихшы