Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Алматы тұрғындары хайуанаттар бағындағы жануарлардың жағдайы мен инфрақұрылымға шағымданды. Олар нысанды аралап көрген соң, ондағы жануарларды күтіп ұстау жағдайын тексеруді талап етті. Алматы хайуанаттар бағының әкімшілігі шағымға жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жағымсыз әсер алдым": келуші неге шағымданды?
Желіде Алматы тұрғынының жазбасы жарияланды. Ер адам жақында Алматы хайуанаттар бағына барып, онда көргеніне көңілі толмағанын айтты.
Айтуынша, ол кейінгі кезде Оңтүстік Корея, Таиланд және Қытайдың хайуанаттар бақтарында болған. Осыдан кейін туған қаласындағы зообаққа баруы оның көкейінде көптеген сұрақ туғызған.
"Шынымды айтсам, көргенімнен жағымсыз әсер алдым. Алғашқы минуттардан бастап қалалық хайуанаттар бағына емес, әлдеқашан күрделі жөндеуді қажет ететін аумаққа келгендей сезінесің. Кіреберіс аймағы, жалпы инфрақұрылым, аумақтың жағдайы - мұның бәрі сұрақ тудырады", - деп жазды ер адам.
Жазба авторы көптеген жануар қозғалмай жатқанын атап өткен.
"Мен көрген жануарлардың көбі өте енжар көрінді және аз қозғалады. Сағат 17:00 шамасында да көбісі қозғалмай жатты. Мен ветеринар емеспін және сыртқы түріне қарап диагноз қоймаймын, бірақ мұндай көрініс қатты алаңдатады", - деді Алматы тұрғыны.
Ер адам жануарлардың тамағы, күтімі мен ветеринарлық бақылауы жеткілікті ме деген сұрақ қойды.
"Төбесі аласа сұр қораптағы піл"Тағы бір келуші пілді ұстау жағдайына шағымданды. Әйелді жануар қамалған тар бөлме ашындырған.
"Алып, өте ақылды жануар төбесі темірмен жабылған тар сұр қорапта қамалып отыр. Не көгал, не өмір сүруге лайықты кеңістік жоқ, тек бетон, темір тор және шарасыздық. Піл бұрышқа тіреліп тұр", - деп жазды ол.
Екі автор да хайуанаттар бағының басшылығы мен Алматы әкімдігін жануарлардың жағдайына назар аударуға шақырды.
"Жануарлар келушілердің көңілін көтеруге міндетті емес": хайуанаттар бағы не деп жауап берді?
Threads-тен көру
Алматы хайуанаттар бағының әкімшілігі шағымға қатысты пікір білдірді. Мекеме өкілдерінің айтуынша, ветеринарлар күн сайын жануарлардың жағдайын бақылайды, ал қызметкерлер олардың тәбетін, белсенділігі мен мінез-құлқын тексереді. Сондай-ақ мамандар тексеріс жүргізіп, зертханалық зерттеулер жасайды.
"Жануарлардың күннің белгілі бір уақытында қозғалмауы немесе ұзақ демалуы әрдайым денсаулығында кінәрат бар екенін білдірмейді. Бұл табиғи биологиялық ерекшеліктерге, тәуліктік белсенділік ырғағына және нақты түрлердің мінез-құлқына байланысты болуы мүмкін", - деп түсіндірді хайуанаттар бағының өкілдері.
Әкімшілік келушілерге жануарлардың денсаулығын олардың қаншалықты белсенді қозғалатынына қарап қана бағаламау керек екен атап өтті.
"Хайуанаттар бағындағы жануарлар цирк аңдары емес немесе арнайы келушілердің көңілін көтеруге үйретілмеген. Бұл - жабайы жануарлар, өздерінің табиғи түйсігіне сәйкес әрекет етеді және белсенділік пен демалыс кезеңдерін өздері таңдайды", - делінген жауапта.
Хайуанаттар бағының өкілдері ветеринарлар әр жануарға жеке бақылау картасын толтыратынын, ал тамақтану рационы олардың түріне, жасына және денсаулық жағдайына қарай таңдалатынын айтты.
Жаңа вольер мен реконструкция: не істелді?Әкімшілік деректері бойынша, 2020 жылдан 2026 жылға дейін пілдер мен мүйізтұмсықтардың вольерлері жаңартылды, жолбарыстар, ақ аю мен құстарға жаңалары салынды. Сондай-ақ балықтарға арналған екі тоған реконструкцияланды.
"Жақын арада сілеусіндер мен қар барысына арналған жаңа вольерлер салу жоспарланып отыр. Хайуанаттар бағы аумағын толық реконструкциялау және жаңғырту жобалық құжаттаманы, қажетті келісімдер мен қаржыландыруды ескере отырып, алдағы даму жоспары аясында қарастырылған", - деп хабарлады әкімшілік.
Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Жауапта хайуанаттар бағын реконструкциялаудың нақты мерзімі аталмаған.
Билет құны және ақша қайда жұмсалады?Хайуанаттар бағының өкілдері 2026 жылдың 15 қаңтарынан бастап ересектерге арналған билет 1427 теңге, ал балаларға арналғаны 562 теңге тұратынын нақтылады.
"Кіру билеттерінің тарифі Алматы әкімдігінің тиісті қаулысымен бекітіледі. Кәсіпорын билет құнын өз бетінше белгілемейді", - деп түсіндірді зообақ өкілдері.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, билеттерді сатудан түскен қаражат жануарларды азықтандыру мен емдеуге, вольерлерді күтіп ұстауға, аумақты жинауға және жөндеу жұмыстарына жұмсалады.
Әкімшілік мемлекеттік органдар хайуанаттар бағының қаржылық қызметін жыл сайын тексеретінін айтты.
Ұйым өкілдері инфрақұрылымды жаңартуды және жануарларды ұстау жағдайын жақсартуды жалғастыратынына сендірді.
Бұған дейін Алматы хайуанаттар бағын кеңейту жоспары туралы жазған едік. Былтыр Алматы әкімінің орынбасары хайуанаттар бағы ескіргенін, ал оның вольерлері жануарларды ұстаудың заманауи стандарттарына сай келмейтінін айтқан еді. Аумақты кеңейту үшін әкімдік іргелес жер телімдерін сатып ала бастаған.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу