Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Белгілі әнші, продюсер Мөлдір Мұқанова тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнап «Солған гүл» атты ән шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол туындыны қоғамда зорлық-зомбылыққа қатысты ауыр оқиғалар жиілеген тұста елге арнаған жұбанышы ретінде түсіндірді.
М. Мұқанова әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жазбаны біреудің қайғысы мен өлімін хайпқа айналдыру мақсатында жасамағанын атап өтті.
«Менің бұл жазбам – біреудің өмірінен хайп табу немесе біреудің өліміне айып тағу емес. Мен жылағанда ел жұбатты, ел жылағанда мен жұбатпаймын ба?», – деп жазды ол.
Әннің сөзін де, әуенін де Ерболат Қарақойшы жазған. Туындыны Мөлдір Мұқанова орындады.
«Солған гүл» әніне түсірілген видеода тұрмыстық зорлықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенова мен Мадина Рашидованың, сондай-ақ алып қашудың құрбаны Нұрай Серікбайдың бейнелері көрсетілген.
Ән мәтінінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің тағдыры суреттеледі.
«Қиянат көрдің бе қабырғаңнан,
Мезгілсіз сөндің бе жаңылғаннан,
«Жаным» деп жүргендер жаныңды алған», – деген жолдар кездеседі.