Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Жапонияның INPEX компаниясы Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты мұнай жеткізу бағыттарын әртараптандыруды жоспарлап отыр.
Осы ретте Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан маңызды серіктес ретінде қарастырылуда.
Жоба аясында негізгі назар Қашаған кен орны аударылмақ. Қазіргі уақытта бұл кен орнында тәулігіне шамамен 430 мың баррель мұнай өндіріледі. Сонымен қатар жапон тарапы Азери–Чыраг–Гюнешли жобасы арқылы да жеткізілім көздерін кеңейтуді көздеп отыр. Бұған дейін INPEX қатысатын жобалардағы мұнайдың басым бөлігі Еуропа нарығына бағытталған еді.
Бұл бастаманың негізгі себебі – Жапонияның энергетикалық қауіпсіздігін күшейту. Қазіргі таңда ел мұнай импортының 90 пайыздан астамын Таяу Шығыс мемлекеттерінен алады. Егер Ормуз бұғазы жабылатын болса, бұл Жапония экономикасына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Логистика тұрғысынан Қазақстаннан Жапонияға мұнай жеткізу 35-55 күнге созылады. Бұл Парсы шығанағынан жеткізілетін шамамен 20 күндік бағытқа қарағанда ұзақ әрі қымбат. Соған қарамастан, жапон тарапы бұл қадамды энергия көздерін тұрақтандырудың тиімді жолы деп бағалап отыр.