Жапонияда азаматтарға заңсыз жұмысшылар туралы ақпарат үшін ақы төлеу ұсынылды

06.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Бұл бастама қоғамда біраз пікірталас тудырды. Сыншылар мұндай шара дискриминация мен әлеуметтік жіктелуге әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.

Токионың солтүстік-шығысында орналасқан Ибараки префектурасы қатарынан төртінші жыл елдің барлық өңірлері ішінде шетелдіктердің заңсыз жұмыспен қамтылу фактілері бойынша көш бастап келеді. Осыған байланысты билік 2026 қаржы жылынан бастап сыйақы жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте шетелдік жұмыс күшін ығыстыру туралы сөз болып отырмағаны атап өтілді.

Механизм заңсыз жұмысқа алу фактілерін анықтауды көздейді. Билік өкілдері бұл жүйе жалпы шетелдік жұмысшыларға қарсы емес, тек еңбек заңнамасын бұзушыларға қарсы бағытталғанын түсіндірді. Хабарлама қамауға алуға әкелген жағдайда ғана сыйақы төленеді.

Ибараки губернаторы Кадзухико Ойгава заң бұзушылықтармен күрес — жергілікті биліктің тікелей міндеті екенін және ол тиімді шараларды талап ететінін мәлімдеді.

— Бұл шетелдіктерді шеттетуге еш қатысы жоқ. Заңсыз жұмыспен қамтуға жол бермейтін қоғам қалыптастыру — шетелдіктердің толыққанды қатысуы үшін қажетті шарт, — деді ол баспасөз мәслихатында.

Билік бастаманы қолдауға қол жеткізу үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Алайда сыншылар басқа пікірде. Префектураның адвокаттар алқасы бұл жоспардан дереу бас тартуға шақырып, оның азаматтарды шетелдік жұмысшыларға күдікпен қарауға мәжбүр ететінін, теріс көзқарастарды күшейтіп, дискриминацияны өршітетінін ескертті. Осындай үндеулерді Усикудағы уақытша ұстау орталығында шетелдіктерді қолдайтын азаматтық ұйымдар, сондай-ақ Жапониядағы корей резиденттері одағы да білдірді.

Халықтың қарқынды қартаюы мен жұмыс күші тапшылығы аясында Жапония соңғы жылдары дәстүрлі қатаң көші-қон саясатына қарамастан, шетелдік жұмысшылар үшін еңбек нарығын біртіндеп ашып келеді.

Айта кетейік, Ресейде еңбек мигранттарына қатысты жаңа ережелер енгізілмек.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью