Жәрдемақы төлеу шарттары бекітілді: жаңа талап кімдерге қатысты

10.10.2026

Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Үкімет мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау, уақытша тоқтату және толық тоқтату шарттарын бекітті. Жаңа ережеге сәйкес, азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен отбасының әл-ауқат деңгейі бағаланады. Sputnik Қазақстан жаңа талаптардың негізгі тұстарын ұсынады.

Жәрдемақы төлеу қандай жағдайда уақытша тоқтатылады?

Үкімет қаулысына сәйкес, 10 түрлі мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді уақытша тоқтату және толық тоқтату шарттары белгіленген. Олардың қатарында бала тууына байланысты жәрдемақы, бала күтімі бойынша төлем, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, асыраушысынан айырылу және мүгедектік бойынша төлемдер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға берілетін жәрдемақы бар.

Жәрдемақы төлеу мынадай жағдайларда уақытша тоқтатылуы мүмкін:

алушының банктік шотында үш ай немесе одан да ұзақ уақыт бойы шығыс операцияларының болмауы;

алушының Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі;

алушының сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі;

алушының стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тұрып, толық мемлекеттік қамсыздандыруда болуы;

алушының хабарсыз кеткенін растайтын құжаттың немесе оны хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің болуы;

шетелдік азаматтың жеке басын куәландыратын құжатының немесе қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің аяқталуы;

алушының қайтыс болғанын растайтын құжаттың болуы.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыға қатысты да арнайы талаптар бар. Егер отбасындағы балалардың бірі 18 жасқа толса, төлемді тағайындау шарттары қайта қаралады. Егер бала колледжде немесе жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде білім алса, заңда белгіленген талаптарға сәйкес жәрдемақы төлеу жалғасуы мүмкін. Оқу тоқтатылған жағдайда төлемге құқық қайта қаралады.

Сондай-ақ ата-ана баланы тәрбиелеу құқығынан айырылған жағдайда жәрдемақы төлеу тәртібі заң талаптарына сәйкес өзгеруі мүмкін.

Бала күтіміне арналған жәрдемақы қандай жағдайда тоқтатылады?

Ережеде бала күтіміне байланысты жәрдемақыны толық тоқтатудың да негіздері көрсетілген. Олар:

баланың қайтыс болуы;

баланың толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынуы;

өтініш берушінің жалған немесе дұрыс емес мәліметтер ұсынуы;

алушының Қазақстан азаматтығынан айырылуы немесе азаматтығының тоқтатылуы;

ата-аналардың ата-ана құқықтарынан айырылуы немесе олардың құқықтарының шектелуі;

бала асырап алу туралы шешімнің жарамсыз деп танылуы немесе күшінің жойылуы;

қорғаншының өз міндеттерін атқарудан босатылуы немесе шеттетілуі.

Мүгедектікке, асыраушысынан айырылуға, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға және көпбалалы аналарға берілетін төлемдерге қатысты да заңда белгіленген тоқтату негіздері қолданылады.

Ал мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаға төленетін жәрдемақы мүгедектік тобы өзгергенде немесе мүгедектігі бар адамның өзі тиісті өтініш берген жағдайда тоқтатылуы мүмкін.

Әлеуметтік жағдай қалай бағаланады?

Отбасының немесе азаматтың әлеуметтік әл-ауқаты бес деңгей бойынша бағаланады:

1.

А тобы – жоғары деңгей;

2.

В тобы – ауқатты деңгей;

3.

С тобы – қанағаттанарлық деңгей;

4.

D тобы – экономикалық осал деңгей;

5.

Е тобы – экономикалық және әлеуметтік осал деңгей.

Отбасының әлеуметтік жағдайы Отбасының цифрлық картасы негізінде бағаланады. Ережеге сәйкес, А және В топтарына жатқызылған азаматтардың жәрдемақы алу құқығы шектелуі мүмкін. Бұған дейін төлем алып келген отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарса, жәрдемақы уақытша тоқтатылуы ықтимал.

Отбасының әл-ауқаты ай сайын қайта бағаланады. Егер азаматтың әлеуметтік жағдайы өзгеріп, ол С, D немесе Е топтарының біріне жатқызылса, заңда көзделген талаптарға сәйкес жәрдемақы төлеу қайта басталуы мүмкін.

Азаматтардың дербес деректері жиналады

Үкімет қаулысына сәйкес, жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының кәмелетке толған мүшелері және төлем алуға үміткер азаматтар өздерінің дербес деректерін жинауға және тексеруге келісім беруге тиіс.

Тексеру барысында банктік құпияға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтер, сондай-ақ кредиттік бюродан алынатын ақпарат пайдаланылуы мүмкін. Оған кредит бойынша берешек сомасы, ай сайынғы төлем мөлшері, мерзімі өткен берешек және қалған қарыз туралы деректер кіреді.

Бұл мәліметтер отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау үшін қолданылады.

Кімдердің әлеуметтік жағдайы тексерілмейді?

Әлеуметтік әл-ауқатты бағалау жүйесі жәрдемақылардың кейбір түрлеріне қолданылмайды. Олардың қатарына:

жасына байланысты зейнетақы алатын наградталған көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;

мүгедектігі бар балаларға және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға тағайындалатын асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

жасына байланысты зейнетақы алатын азаматтарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы жатады.

Үкімет қаулысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью