Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Астанада Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өткен болатын. Сол отырыста басты мәселелердің бірі халықты жұмыспен қамту тақырыбы болды. Жиында айтылғаны 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 2,9 млн сапалы жұмыс орны сақталып, 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру болды. Жиында жұмыс орнындағы адам қауіпсіздігі мен қорғалуы да қаралды. «Цифрландыру жағдайында ыңғайлы әрі түсінікті коммуникация құралдарын енгізу маңызды», – деп есептейді Аида Балаева.
Сонымен қатар тараптардың кепілдіктерін, құқықтары мен міндеттерін айқындайтын еңбек шартын әзірлеу тапсырылды.
Ведомствоның басым міндеттерінің бірі – мүгедектігі бар адамдарды кешенді әлеуметтік қорғау. Оларды жұмыспен қамту тәсілдерін жетілдіру, техникалық қажет құралдарымен қамтамасыз ету және инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін арттыру мәселелері өзекті екені айтылды. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды дамыту мен әлеуметтендіруге ерекше назар аударылды.
Айта кету керек, Қарағанды облысында жұмыспен қамтуға аса көп мән берілген. 2025 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 23 148 жас, оның ішінде 21 476 адам жұмыспен қамтылды.
Статистика органдарының деректеріне сәйкес, өткен жылдың 3-тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3%-ды құрады.
Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа төмен, алайда Қазақстан Республикасы бойынша республикалық көрсеткішке сәйкес келеді – 3% (2024 ж. 3-тоқсан – 3,1%).
Қарағанды облысында бос жұмыс орындарына 9 009 адам жолданды; жобалар аясында – 876 адам; жеке бастамалар бойынша – 7 094 адам жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарына 4 435 адам орналастырылды, олардың ішінде 123-і – мүгедектігі бар адамдар. Жастар арасында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар бағыттары кеңінен сұранысқа ие.
Жаңа дағдыларды меңгеру және біліктілікті арттыру мақсатында қысқамерзімді кәсіптік оқуға білім беру ұйымдарына 196 жас жіберілді. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша олар газэлектр дәнекерлеуші, слесарь, тігінші, аспаз, кондитер, бухгалтер және басқа да мамандықтар бойынша сертификаттар алды.
Оқу мерзімі біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне байланысты 6 айдан аспайды. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізілді. Нәтижесінде, 726 адам сертификат алды. Әлеуметтік осал топтағы жастарға 400 АЕК (1 572 800 теңге) мөлшерінде 62 грант берілді.
Гранттар тафтинг стиліндегі кілемдер өндіру, табиғи компоттар шығару, ерлер киімін жеке тігу, жедел тағам дайындау цехын ұйымдастыру, автокөлік қаптамаларын тігетін ателье ашу және басқа да жобаларға берілді.
Сонымен қатар электрондық еңбек биржасында (skills.enbek.kz) 750 адам онлайн-оқытудан өтті. Электрондық еңбек биржасының «Мансап компасы» цифрлық экожүйесі (mansap.enbek.kz) іске қосылды. Платформадағы деректер күн сайын жаңартылып отырады. Онда жалақысы 300 мыңнан 700 мың теңгеге дейінгі 400 сұранысқа ие мамандық бойынша ақпарат ұсынылған.
Студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыру мақсатында электрондық еңбек биржасында өндірістік практика функционалы іске қосылды. Қалалар мен аудандарда тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі. Потенциалды жұмыс берушілер қатарында барлық меншік нысанындағы ұйым мен кәсіпорын бар.
2025 жылы барлығы 145 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 1 560 жұмыс беруші қатысты. Жалпы саны 24 562 бос жұмыс орны ұсынылды.
Мобильді топтар мемлекеттік жұмыспен қамтуды қолдау шараларын түсіндіру мақсатында шалғай ауылдарға шығады. Өткен жылы мамандар 375 рет іссапарға жіберілді.
Жақында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде студент жастар үшін маңызды шара – «Карьера Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл іс-шара университет пен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, болашақ мамандардың еңбек нарығына еркін бейімделуіне жол ашады. Іс-шара барысында өңірдің 90-ға жуық жетекші компаниялары, ұлттық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның ішінде ірі зауыттар мен өндірістік кәсіпорындардың 60-тан астам өкілі келді. Студенттер жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, тағылымдамадан өту, жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы нақты ақпарат алды. Іс-шара барысында университет басшылығы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерімен бөлісті. Былтыр зерттеу нысандары бойынша оқуын аяқтаған түлектердің 91 пайызы жұмысқа орналасқан. Бұл – тек теориялық білім ғана емес, тәжірибелік дағдылардың да сапалы қалыптасқанын көрсетеді. Қазір оқу орны 86 өнеркәсіптік кәсіпорынмен серіктестік орнатқан. Соның ішінде 33 кәсіпорынның тапсырысы бойынша 268 студент білім алуда. Олардың оқу ақысын өндіріс орындары төлейді. Сонымен қатар университет жанындағы колледж 14 мамандық бойынша кадр даярлайды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы