Жәрмеңке жұртқа жәрдем бе?

03.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Үкімет қазір ет бағасының өсуіне онсыз да шектеу қойып отыр, әйтсе де нарықтың заңдылығын бұзып, тым төмендете алмайтыны тағы бар. Жалпы, Қарағанды облысындағы еттің 80 пайызын жекелеген шаруа­шылықтар өндіреді. Табын сиыр мен үйір жылқы, отар қой – осы жеке шаруаларда. Бүгінде нарықты солар билеп тұр. «Біздің қолдан тек жәрмеңке өткізу келеді» деген шен­ділер еттің бағасын емес, әкелінген ет­тің көлемін есептеуге жүйрік. Мысалы, былтыр 13 жел­тоқсан күні Қарағанды қаласындағы Global City сауда-ойын-сауық орталығының аумағында ауыл­шаруа­шылық жәрмеңкесі өтті. Жәр­меңкеге Қарағанды облысының 7 ауыл­­­дық ауданынан және облыс қа­лала­рындағы қайта өңдеу кәсіпорындары­нан 90-нан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі қатысып, қала тұрғындарына өнімдерін нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен ұсынды. 45 тонна ет сатылды. Мейлі дейміз ғой, бірақ «бола­шақта мегаполис боламын» деген Қара­ғанды қаласына 45 тонна мөлшер тым аз.

Ет бағасының айтарлықтай өсуі халық арасында үлкен алаңдаушылық туғызуда. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда кейінгі бір жылда ет бағасы 20-30 пайыз аралығында өскен. Қара­ғанды өңірінде сиыр етінің 1 келісі 3 500-4 500 теңге аралығында. Премиум санаттағы ет бағасы одан да жоғары. Қойдың бағасы ірі қарадан қымбат, 3 800-ден басталады. Тек жылқы етінің бағасы 3 200 теңгеден басталады. Бұл көрсеткіштер халықтың етке жұмсайтын шығынының айтарлықтай артқанын дәлелдейді.

Былтыр сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан­ның кейбір өңірлерінде ет бағасының қымбаттауына қатысты: «Мұнда екі фактор бар. Біріншісі – бұл жаһандық проблема, оны мен бұған дейін де айт­тым. Бұл әлемдік ірі өндірушілер – Бразилия, Аргентина секілді елдердегі көлемдердің өзгеруіне байланысты. Екіншісі – бүгінде көршілес елдерде еттің бағасы әлдеқайда жоғары, сон­дықтан өнім сол жаққа көптеп кетуде, үлкен нарықтық сұраныс бар. Біз, ми­нистрлік ретінде, бұл жағдайды бақылап, бірқатар шараны, соның ішінде сыртқы саудаға қатысты бастамаларды қолға алдық, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін», – деген болатын.

Сонымен қатар «Біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бағаны тікелей бұйырып бекіте алмаймыз. Бірақ біз осы шекте ұстап тұру үшін, қай жерде, қашан та­у­ар­лық интервенция жасау қажет болса, соны анықтап, дүрлігуді басып отырамыз. Ең бастысы – нарықта ет болады», – дегені тағы бар.

Ал қарағандылық кәсіпкер, ет сатушы Нұрлан Әбдіров нарықтағы жағдайды былай сипаттайды: 

«Біз бағаны негізсіз көтермейміз. Бірақ көтерме бағамен қымбат сатып алған соң үстеме қосуға мәжбүрміз. Оның үстіне, тасымал, жалға алу, электр энергиясы сияқты қосымша шығындар да жылдан-жылға өсіп келеді».

Бұл пікір логистика мен инфрақұры­лым шығын­дарының бағаға тікелей әсер ететінін көрсетеді. Жал­пы алғанда, Қарағандыдағы ет бағасының қым­баттауы – бір ғана себептің емес, бірнеше экономикалық және әлеуметтік фак­тор­лардың нәтижесі. Мал азығының, жа­нар­майдың, логистика шығындары­ның өсуі, экспорт көлемінің артуы, өндірістің төмендеуі және сұраныстың жоғары болуы бағаның өсуіне тікелей әсер етуде. 

Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені шешу үшін жергілікті өндірісті дамыту, фермерлерді қолдау және нарықты тиімді реттеу қажет. Қарағанды қала­сына аудандардан таң ата «Арай» базарына қарай ет тиеген көліктер ағылады. Бұл жерде делдалдар келілеп емес, тонналап алып, үстемеақы қосып дүкен, сауда орталықтары мен базар сөрелерінде саудалауға көшеді.  

«Қала болған соң барлығы бірдей жылқы мен қой етін шаш та төк жей бермейді. Әркім қалтасына қарай сауда жасайды. Көбіне елдің тұтынатыны – құс еті. Бұдан соң қой мен сиыр еті. Ал жылқы етін сирек алады. Жылқыға жұрттың жүгінетіні дәстүрге сай тек қонақ күткенде ғана десек, артық айтқандық емес. Онда да тұтынушылар қазы мен қарта, жал-жая сұрайды. Біз қазір жылқы етінің келісін 3 200 теңгеден қабылдап, оны 3700 теңгеге сатамыз. Қарап отырсаңыз, екі баға – екі түрлі. Алушы саны көп. Олардың әр­қайсысы аз мөлшерден алады. Бұл жүйе біздегі тауар айналымына көп септігін тигізе­ді», – дейді ет сатушы Сайран Ордалы.

Әрине, әкімдік те қарап отырған жоқ, арнайы сауда орындарын ашып жатыр. Әлеуметтік павильондар қаланың әр ауданында бар. Бірақ оның бәрі сұранысты қанағаттандыра ала ма? 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью