Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Бауырлас қос елдің басшылары екіжақты байланыстардың қазіргі жай-күйін талқылап, алдағы перспективалар жөнінде пікір алысады. Әрі бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізеді. Президенттер мен түрлі құрылым басшылары бірқатар құжатқа қол қояды. Бір ай бұрын Астанаға келген Түркия вице-президенті Жевдет Йылмазды қабылдаған кезде Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдағы кездесуде маңызды құжаттарға қол қойылатынын, екі елдің стратегиялық серіктес екенін атап өткен болатын.
«Бауырластығымыз өзара сенім мен құрметке негізделген. Дипломатиялық қатынас орнаған 35 жылға жуық уақыт ішінде біз көптеген биік белесті бағындырдық. Қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Арамызда ешқандай түйткіл жоқ. 14 мамырда Президент Режеп Тайып Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын өткіземіз. Жаңа келісімдерге қол қоямыз», – деген еді Мемлекет басшысы. Демек, Қазақ-стан – Түркия ынтымақтастығын тереңдетудің келесі қадамы жасалып жатыр.
Алмасаң, бермесең ...
Жалпы, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың тамыры терең. Әдетте ресми байланыстардың 1991 жылдың 16 желтоқсанында Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін ресми мойындайтынын мәлімдегенінен бастағанымызбен, қос халықтың байланыстары одан бұрын да үзіле қоймаған. Оғыз тайпаларының Анадолы өлкесіне қоныс аударған жылдарын айтпағанда, беріректе Осман империясы мен Қазақ хандығының өзара байланысы болғаны, ХХ ғасырдың басында Мағжан ақынның түрік бауырларға арнап жыр арнағаны тарихтан белгілі. Ал тәуелсіздік жылдарында бұл қарым-қатынастар жаңа сипатқа ие болды. Алайда алғашқы 30 жылға жуық уақытта Қазақстан мен Түркияның өзара сауда айналымын 5 млрд долларға жеткізу турасындағы межеге жету біршама күрделі болғаны жасырын емес.
Тек 2020 жылдан кейін өзара сауда-саттық, жан-жақты байланыстар жаңа белеске көтерілді. Ресми Астана мен Анкараның серіктестігі мәдени-рухани сипаттан асып, нақты прагматикалық бағытқа ие болды. Жиырма жылға жуық уақыт жеткізбестей көрінген 5 млрд долларлық тауар айналымы межесінен астық. Салыстырар болсақ, 2019 жылы екі елдің арасындағы өзара тауар айналым көлемі 3,9 млрд доллар болса, 2024 жылы 5 млрд, 2025 жылы 5,4 млрд долларға жеткен. Түркияның Қазақстанға құйған инвестициясының көлемі 6 млрд доллардан асты. Үкімет жетекшісі Олжас Бектенов сәуір айында осы деректі айта отырып, Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да артқанын тілге тиек етті. Қазақстан Анадолы еліне 2,4 млрд доллардың инвестициясын құйыпты. Қазақстанда түрік капиталы құйылған 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін 4 млрд долларлық 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Сонымен бірге құны 3,9 млрд доллар болатын қосымша 50 жоба іске асырылып жатыр. Осылайша, Түркия Қазақстанның 5 ірі сауда-саттық, 10 ірі инвестициялық әріптесінің қатарына кіріп отыр. Бұл дегеніңіз кейінгі бес жылда екі елдің өзара қарым-қатынасы жаңа сипатқа көтерілгенін байқатса керек. Алдағы жылдары екі елдің өзара тауар айналымын 15 млрд долларлық межеге жеткізу міндеті тұр. Қазіргі қарқынмен оған жететін күн де тым алыс болмаса керек.
Біздің пайымдауымызша, Қазақстан – Түркия қарым-қатынастарының жаңа белеске көтерілуіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі әрі прагматикалық саясатының әсері болғаны анық. Себебі екі елдің арасында 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шарт болғанымен, сауда-саттық көлемі көңілдегідей бола алған жоқ. 2022 жылы Қ.Тоқаевтың Түркияға сапары кезінде қос елдің басшылары шартты «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы бірлескен мәлімдеме жасады да, содан соң өзара қарым-қатынас деңгейі өсіп, алыс-беріс артып сала берді.
Түркиядағы Османие Қорқыт Ата университетінің оқытушысы, халықаралық қатынастар сарапшысы Эмрах Кая өзара байланыстың нығаюына сол 2022 жылғы бастама себеп болғанын айтады. Әрі Қазақстан тарапы ұсынған деректерден бөлек мәлімет келтіреді. Шамасы Түркиядағы есеп-қисаптағы өзгерістерден болса керек, сарапшы екі ел арасындағы сауда көлемін 10 млрд доллар ретінде бағалаған. Қызығы сол, Түркия медиасы да осындай жоғары көрсеткіштерді ұсынады.
– Екі мемлекет арасындағы қатынастар Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қол қойған «Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен мәлімдеме» арқылы жаңа кезеңге көтерілді. Аталған құжат Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастардың институционалдық және стратегиялық деңгейде тереңдегенін көрсетеді. Екіжақты қатынастар өзара мүдде, сенім және көпқырлы ынтымақтастық негізінде сауда, көлік, энергетика, қауіпсіздік, туризм және білім беру сияқты салаларда дамып келеді. Экономикалық қатынастар тұрғысынан қарастырғанда, екі ел арасындағы сауда көлемі 10 миллиард доллардан асты. Тараптар бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін арттыруды мақсат етіп отыр. Түркияның Қазақстандағы алғашқы бес инвестор елдің қатарында болуы да экономикалық қатынастардың жеткен деңгейінің дәлелі болып табылады. Тараптардың өзара инвестицияларының шамамен 7 миллиард доллар деңгейіне жетуі экономикалық интеграцияның күшейгенін көрсетеді, – деді Эмрах Кая.
Әлбетте, екі ел сарапшыларының өзара қарым-қатынасқа көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ екі жақ та Қазақстан – Түркия байланыстарының кейінгі 7 жылда күрт жақсарғанын, бұрынғы декларативті сипат азайғанын айтады. Ынтымақтастық экономиканың көптеген саласын қамти бастады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, қаржы, құрылыс, қорғаныс өнеркәсібі тәрізді салалардағы ынтымақтастық нығая түсті.
Эмрах Кая бұл бағыттардағы серіктестік өзекті екенін алға тартты.
– Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық та кейінгі жылдары айтарлықтай артты. Осы шеңберде TUSAŞ пен Kazakhstan Engineering арасында 2022 жылы ANKA ұшқышсыз әуе аппаратын Қазақстанда бірлесіп өндіруге қатысты келісімге қол қойылды. Бұл даму екі ел арасындағы қорғаныс өнеркәсібі ынтымақтастығының технология алмасу деңгейіне жеткенін көрсету тұрғысынан маңызды.
Жаһандық деңгейде қарқын алып отырған технологиялық трансформация жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік салаларын стратегиялық маңызы бар бағыттарға айналдырды. Осыған байланысты Қазақстан мен Түркия арасында ғылым, технология және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және киберқауіпсіздік бағыттарында ортақ жобаларды жүзеге асыру ұзақмерзімді перспективада екі тарапқа да елеулі стратегиялық артықшылықтар бере алады, – дейді ол.
Бұл айтылғандарды нақты статистикаға негізделген экономикалық ынтымақтастықтың көрсеткіштері ретінде бағалайтынымыз рас. Дегенмен қазақ-түрік қарым-қатынасының мәдени-рухани сипаты да бар. Қос халық бір-бірінің туыс екенін жақсы сезінеді. Түркия емханаларына барып емделу қазақстандықтар үшін таңсық дүние емес. Бауырлас елде білім алып жатқан жастарымыз да мол. Статистикаға көз салсақ, 2026 жылдың сәуірінде Түркияда 12 893 қазақстандық студент білім алып жүр. Қазақстанда да жүздеген түрік студенті білім алады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2029 жылға қарай Қазақстандағы шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізу міндетін жүктегенін ескерсек, алдағы жылдары түркиялық білім алушылар саны еселеп өсуі мүмкін. Оған еш кедергі жоқ. Ал өз кезегінде бұл жастардың етене араласуына, соның нәтижесінде ынтымақтастықты тереңдететін қосалқы фактор рөлін атқаруына жол ашады. Мұны екіжақты байланыстардың тағы бір қыры ретінде бағалауға болады.
Дипломатия – ортақ ұстаным
Осы тұста Қазақстан мен Түркияның халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымы да біршама үйлесімді бола түскенін атап өту керек. Қазақстан Президенті БҰҰ-ны реформалау қажет екенін ұдайы алға тартып келеді. Ал бұл ұсынысты Түркия да қолдап отыр. Халықаралық дау-жанжалды дипломатиялық жолмен шешу турасындағы ұстанымдарымыз да ұқсас. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысын жандандыру да қос елдің маңызды саяси ұстанымдарының қатарына кіреді.
Одан бөлек, «Орта дәліз» жобасына Түркия кейінгі жылдары айрықша назар аудара бастады. Былтыр жазда Қ.Тоқаев Анкараға жұмыс сапарымен барардан бірер күн бұрын, Түркия Әзербайжанның Нахичевань автономиялы республикасымен шекараға қарай теміржол салуды бастады. Карс – Игдыр – Нахичевань бағытындағы жолдың ұзындығы 224 шақырым болмақ. Құрылысқа 2,4 млрд доллар бөлініпті. Бәлкім, сырт көз үшін Кавказ жақтағы инфрақұрылымның Қазақстанға қатысы шамалы болып көрінуі мүмкін. Алайда Қазақстан «Орта дәліз» жобасының бекем болуы үшін, төңіректегі мемлекеттерді бір мақсатқа жұмылдыру үшін барын салып жатыр. Тіпті, Түркияның да бұл бағытқа назар аударуына Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалы зор болды деуге негіз бар. Сондықтан «Орта дәліз» бағытын жетілдіретін кез келген жоба Қазақстанның мүддесімен үндеседі деген сөз. Мұны түрік сарапшысы да мойындап отыр.
– Геосаяси тұрғыдан алғанда, «Орта дәліз» екі ел арасындағы стратегиялық жақындасуды қолдайтын маңызды факторлардың бірі деп айтуға болады. Бұл бағыт тек экономикалық қана емес, сонымен бірге мәдени және тарихи байланыстарды да нығайтатын қызмет атқарады.
Бұған қоса, Ресей – Украина соғысынан кейін балама энергия және көлік бағыттарына деген ізденістердің артуы Қазақстанды Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбырына бағыттады. Осы шеңберде Түркия Қазақстанның энергоресурстар экспорты үшін маңызды транзиттік орталықтардың біріне айналды.
Мәдени байланыстар тұрғысынан алғанда, туристік қозғалыстың артуымен қатар, әлеуметтік және тарихи байланыстардың да нығайғаны байқалады. Әсіресе, Түркістан қаласы қазақ және түркі қоғамдары үшін символдық әрі рухани маңызы бар қалалардың бірі ретінде ерекшеленеді, – деді Эмрах Кая.
Осы тұста түрік сарапшысының пікірін қосымша деректермен де толықтыра кеткен жөн. Рас, Түркия Қазақстанның мұнай экспорты үшін маңызды транзиттік хабқа айналды. Сөйте тұр Түркия Қазақстан мұнайын да көптеп ала бастаған. Айталық, 2025 жылы Түркия Қазақстаннан 3,7 млн тонна мұнай сатып алған. Бұл дегенің Түркия нарығында үшінші орынға шыққанымызды білдіреді. Яғни, геосаясаттағы турбуленттіліктің өзін ұтымды пайдаланып жатырмыз.
Қауіпсіздік те назардан тыс қалмайды
Айтпақшы, Қазақстан – Түркия қарым-қатынастарындағы кей бағыттар «үй артында кісі бар» дегендей, әлемдегі һәм аймақтағы ахуалға байланысты сәл кенжелеп қалатындай көрінетіні рас. Мұны бізбен пікірлескен сарапшы Эмрах Кая да растап отыр. Әсіресе, қауіпсіздік, қорғаныс өнеркәсібі кешеніне байланысты серіктестікті нығайту барысында «екі шоқып, бір қарайтын» кездеріміз бар. Сарапшының айтуынша, екі мемлекет ұзақ уақыттан бері көпқырлы әрі жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ұмтылып келеді. Қарым-қатынастардың кеңеюі мен тереңдеуі барысында тау-кен өндірісі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, авиация, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайларды басқару және медиа сияқты жаңа ынтымақтастық бағыттары күн тәртібіне шыққан. Дегенмен жоғарыда біз атап өткен бағыттарда әлі де болса байланысты нығайту қажет.
– Тараптар қол қойған келісімдер мен айқындаған стратегиялық мақсаттарға қарамастан, екіжақты қатынастарда әлі де жетілдіруді қажет ететін бірқатар бағыт бар. Бұл салалардың басым бөлігі шамамен отыз жылдан бері Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың негізгі күн тәртібінде сақталып келеді.
Олардың бірі – қауіпсіздік және әскери ынтымақтастық. Тараптар өңірлік және жаһандық тепе-теңдікті ескере отырып стратегиялық қадамдар жасап отырғанымен, қазіргі уақытта күшейіп отырған түрлі сын-қатер неғұрлым институционалдық және құрылымдық әскери әріптестіктің қажеттілігін айқындай түседі. Екі мемлекеттің де қауіпсіздік саясаты қорғаныс пен тежеу қағидаттарына негізделген. Осы тұрғыдан алғанда, әскери байланыстарды нығайту қауіпсіздік саласында өзара толықтырушы көзқарас қалыптастырып, анағұрлым тиімді тежеу жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты да тереңдету қажет. Қазақстан мен Түркияның тарихи тәжірибесі мен әртүрлі әскери блокпен байланыстары олардың қорғаныс доктриналары мен қару-жарақ жүйелерінде белгілі бір айырмашылықтардың бар екенін көрсетеді. Алайда бұл ерекшеліктер тараптарға жаңа әрі гибридті қорғаныс тәсілін әзірлеуге мүмкіндік бере алады. Бұл тұрғыда Түркия мен Әзербайжан арасындағы әскери ынтымақтастық үлгісі назар аударуға тұрарлық.
Сонымен қатар қарулы күштерді жаңғырту, әскери әлеуетті арттыру және операциялық үйлесімділікті күшейту қорғаныс саласындағы әріптестіктің маңызды толықтырушы элементтері болып табылады. Тараптардың бір-бірінің қорғаныс өнеркәсібі өнімдеріне басымдық беруі және жекелеген салалардағы олқылықтарды өзара технологиялық және өндірістік мүмкіндіктер арқылы толықтыруы стратегиялық сенімнің тереңдеуіне ықпал етуі мүмкін, – дейді Эмрах Кая.
Әлбетте, бұл сарапшының өз пайымы. Дегенмен бұл бағыттағы ынтымақтастық кейінгі жылдары біршама алға басқанын мойындау керек. Қазақстан нарығына Түркия қорғаныс өнеркәсібі кешенінің белді фирмалары кіре бастады. Бронды техника, әскери кеме жасау, патрон өндіру, ұшқышсыз ұшатын аппарат құрастыру бағытында уағдаластықтар бар. Әскерге қажет құрал-жабдықтар, түнде көретін құрылғылар, байланыс құралдарын өндіретін «Қазақстан Аселсан инжиниринг» бірлескен компаниясының жұмыс істеп тұрғанына 15 жылдай болды.
Одан бөлек, екі елдің әскери мамандары тығыз байланыс орнатқан. Айталық, биыл мамырдың басында Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Қаныш Әубәкіров Түркияға барды. Түрік әскерилері де Қазақстанға жиі ат басын тірейді. Екі елдің өзара әскери жаттығулары да ұйымдастырылып тұрады. Бүгінде Түркияның әскери оқу орындарында 200-ге жуық қазақстандық офицер мен курсант білім алып жатыр. Демек, екі елдің қарым-қатынастарын қалай болғанда да жан-жақты сипаты бар құбылыс ретінде бағалау керек.
Түйін:
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ретінде айтсақ, Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы бұрын-соңды дәл қазіргідей деңгейге жеткен емес. Сөйте тұра екі жақ бүгінгіге тоқмейілсіп отыруды да көздемейді. Күн өткен сайын өзара алыс-беріс, барыс-келіс нығая берері сөзсіз. Бүгін өтетін кездесулерде де маңызды құжаттарға қол қойылары, жаңа межелер белгіленері анық.
Ал әр меже мен мақсат, бауырлас елдер басшыларының осы жолдағы әр бастамасы, әр қадамы екі халықты замана көшінен қалдырмауды көздесе керек.
Амангелді ҚҰРМЕТ