Жас ғалымдар мәрмәр қой етін өндіру технологиясын әзірледі

11.08.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ құрамындағы «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғалымдары қазақтың биязы жүнді қой тұқымы негізінде мәрмәр қой етін өндірудің кешенді технологиясын әзірледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Технология қозыларды қарқынды өсіру және бордақылаудың ғылыми негізделген жүйесін қамтиды. Сонымен қатар ғалымдар дәнді және ақуызды компоненттер, пробиотиктер, өсімдік тектес қоспалар, премикстер мен минералды заттардан тұратын теңгерімді құрамажем әзірледі. Мұндай азықтандыру малдың тәуліктік орташа салмақ қосуын арттырып, зат алмасу үдерістерінің тұрақты жүруін қамтамасыз етеді және бұлшық ет ішіндегі майдың біркелкі жиналуына ықпал етеді.

Зерттеу нәтижесінде қазақтың биязы жүнді қой тұқымының генетикалық әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік туды. Қозы етіндегі бұлшық ет ішіндегі майдың мөлшері 4-6%-ға жетті. Ал дәстүрлі жайылымдық жағдайда өсірілген малда бұл көрсеткіш шамамен 2-3%-ды құрайды. Бұл еттің мәрмәрлілігін арттырып, оның шырындылығы мен жұмсақтығын жақсартып, дәмін қанықтыра түсті.

Сонымен қатар малдың сойыс көрсеткіштері де жақсарды. Атап айтқанда, ең құнды ет бөліктерінің шығымы артты, бұлшық ет пен май ұлпаларының арақатынасы оңтайланды. Соның нәтижесінде өнімнің тауарлық құндылығы артып, оны сыртқы нарықтарға шығаруға жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Әзірленген технология қозыларды өсіру мен бордақылаудың барлық кезеңін оңтайландыруды көздейді. Ғалымдар ұсынған құрамажемнің құрамындағы дәнді және ақуызды компоненттер, пробиотиктер, өсімдік тектес қоспалар, премикстер мен минералды заттар малдың қарқынды өсуіне, зат алмасу үдерістерінің тұрақты жүруіне және етте мәрмәрлі құрылымның қалыптасуына жағдай жасайды.

Алынған мәрмәр қой еті экспортқа шығарылатын өнімге қойылатын сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Технологияны жоғары сапалы ет өндіруге бағытталған Қазақстандағы қой шаруашылығы кәсіпорындарына енгізуге болады.

Әзірлеменің ғылыми маңыздылығы пайдалы модельге берілген екі патентпен расталды. Зерттеу нәтижелері ғылыми басылымдарда да жарияланған.

Жаңа технологияны өндіріске енгізу етті қой шаруашылығын дамытуға, қосылған құны жоғары өнім көлемін арттыруға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью