Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
1992 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқауда қазақстандық өнерпаздар талай мәрте топ жарды. Ересектер мен балалар арасындағы негізгі вокалдық бәсекелерді қоса есептегенде, отандық орындаушылар осы уақытқа дейін жеті рет Гран-при иеленіп, ел мерейін үстем етті. Бұл байқау Шығыс Еуропадағы ең ірі мәдени фестивальдардың бірі саналады. Оның бағдарламасы музыка, театр, кино, бейнелеу өнері және халықтық қолөнер секілді түрлі өнер салаcын қамтиды. Фестиваль жыл сайын түрлі мемлекеттен келген өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың басын қосады. Оның аясында концерттер, халықаралық музыкалық байқаулар, театр қойылымдары, кино көрсетілімдері және көрмелерге арналған түрлі мәдени шара ұйымдастырылады. «Славян базары» халықаралық мәдени байланыстарды нығайтып, әртүрлі елдің өнері мен ұлттық мәдениетін таныстыруға арналған беделді шығармашылық алаң ретінде қалыптасқан.
Жасминаның жұлдызды сәті
19 елдің жас өнерпаздары бақ сынаған «Славян базарының» балалар музыкалық байқауында талантты бүлдіршіндердің арасынан жеңіске қол жеткізгендердің ішінде Жасмина Түзелова да бар. Ол – 13 жаста. Байқаудың алғашқы кезеңінде қазақтың халық әні «Сарыарқаны» орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ұлттық нақыштағы туынды жас әншінің дауыс мүмкіндігін кеңінен көрсетуге мүмкіндік беріп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Екінші кезеңде ол «Ромашка-Василек» композициясын шырқап, екі күннің қорытындысы бойынша 126 ұпай жинады. Нәтижесінде қазақстандық өнерпаз халықаралық байқаудың ІІ дәрежелі лауреаты атанды. Ал бас жүлде Беларусь бүлдіршініне бұйырса, бірінші орынды Румыниядан келген қатысушы иеленген. Жасмина, әсіресе румыниялық өнерпаздың өнеріне ерекше назар аударыпты. Опера жанрында ән шырқаған қатысушы Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы шығармалардың бірін орындаған. Болгариялық өнерпаздың да вокалдық мүмкіндігі қазақстандық әншіге айрықша әсер қалдырған.
Жасминаның бұл байқауға дейінгі жолы да оңай болған жоқ. Ұлттық іріктеу бір жылға жуық уақытқа созылып, бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен үміткерлер онлайн өтінім тапсырса, кейін үздік вокалистер Алматыда өткен тікелей тыңдалымға қатысты. Жасминаға Қазақстан атынан халықаралық сахнада өнер көрсету мәртебесі осылай берілген еді. Осыдан кейін жас әнші ұстазымен бірге үш ай бойы тыңғылықты дайындықты бастапты. Жасмина Астанада, ал оның вокал бойынша педагогі Әділ Ахметжанов Алматыда тұрғандықтан, дайындық үшін әнші анасымен бірге Алматыға арнайы барып, бірнеше ай бойы сол қалада тұрған. Жасминаның айтуынша, халықаралық додаға дайындық барысында әрбір шығарма ұзақ талқылаудан кейін таңдалған.
– Біз бұл байқауға ұзақ әрі үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Ән таңдау кезінде бірнеше нұсқаны қарастырып, ұстазыммен және мамандармен көп ақылдастық. Маған дауысымның мүмкіндігін барынша ашатын, мінезіме де сәйкес келетін шығармаларды таңдау маңызды болды. Нәтижесінде «Сарыарқа» халық әні мен «Ромашка-Василек» композициясына тоқтадық. Байқауда түрлі елден келген өте мықты өнерпаздарды көрдім, олардың әрқайсысынан үйренер дүние көп болды. Әсіресе Румыниядан келген қатысушының опералық орындауы қатты ұнады, ол Димаштың репертуарынан ән шырқады. Бұл жүлде мен үшін үлкен қуаныш әрі алдағы шығармашылық жолыма берілген маңызды серпін болды. Болашақтағы ең үлкен арманым – Eurovision ән байқауына қатысып, Қазақстанның атын халықаралық сахнада таныту, – деді ол.
Жас әншінің халықаралық додадағы табысы оның шығармашылық жолындағы алғашқы ірі жетістігі емес. Жасмина бұған дейін «Бала дауысы – 2021» байқауының Гран-приін иеленген. Байқау қорытындысында жас вокалистке танымал композитормен бірге авторлық ән жазуға мүмкіндік беретін арнайы сертификат та табысталды.
«Кастингтен 8 рет өттім»
Ақерке Амалят – «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясындағы эстрадалық ән орындаушылар байқауында бірінші орын иеленген қазақстандық әнші. Екі күнге созылған өнер додасының қорытындысы бойынша қазылар алқасы қазақстандық орындаушыға 134 ұпай берді. Бас жүлде иегері атанған Италия өкілі Сорайя 135 ұпай жинап, Ақеркеден небәрі бір ұпайға озды. Екінші орынды Беларусь өкілі Елена Кузнецова мен молдовалық Алексей Осичев өзара бөліссе, үшінші жүлде Қырғызстаннан келген Нұрдоолот Деркембаев пен Грузия әншісі Важа Гаделияға бұйырды.
Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар әлемдік хиттерді «минус 1» фонограммасының сүйемелдеуімен орындады. Ал екінші күні өнерпаздар Ұлттық Президенттік оркестрмен бірге славян тілдерінің біріндегі шығармаларды сахнаға алып шықты. Ақерке үшін бұл жеңіске апарар жол бірнеше айлық дайындықпен ғана шектелген жоқ. Әнші «Славян базарына» қатысу үшін бұған дейін сегіз рет кастингтен өткен. Биылғы додаға ол шамамен алты ай бойы тыңғылықты дайындалып, вокалдық шеберлігімен қатар сахнадағы психологиялық төзімділікке де ерекше мән берген. Ақеркенің айтуынша, халықаралық байқаудың сахнасына шығу оның көптен күткен армандарының бірі болған.
– «Славян базарының» сахнасына алғаш рет 15 жасымда шыққан едім. Содан бері осы байқауға қайта оралып, үлкен нәтиже көрсетуді армандадым. Бұл жолғы дайындық та оңай болған жоқ, өйткені сахнаға шыққанға дейінгі толқу мен жауапкершілік кейде ән айтудың өзінен де ауыр сезіледі. Байқауға қатысу үшін бірнеше рет кастингтен өтіп, көп еңбек еттім. Фестиваль барысында түрлі елден келген талантты өнерпаздармен танысып, бір-бірімізді қолдап, жақсы араластық. Беларусь халқына қонақжайлығы үшін, ал көрерменге ықыласы үшін алғыс айтамын. Елге осындай нәтижемен оралғаныма өте қуаныштымын, – деді Ақерке Амалят.
Жеңімпаздар диплом және арнайы мүсіншемен марапатталды. Ақерке Амалятқа бірінші орын үшін 15 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Байқауға төрелік еткен халықаралық қазылар алқасының құрамына Беларусь, Ресей, Түркия, Грузия және Германияның өнер қайраткерлері енді. Қазақстан атынан қазылар алқасында Қазақстанның халық әртісі Әлішер Кәрімов болды. Айтпақшы, жүлдегер бұған дейін де бірқатар республикалық және халықаралық байқауда топ жарған. 2024 жылы George Grigoriu International Pop Music Festival халықаралық фестивалінде І дәрежелі жүлде жеңіп алғаны және былтыр «Түркістан дауысы» мен «Шымкент сазы» байқауларында Гран-при иеленгені тағы бар.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ