Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Кейінгі жылдары жасанды интеллект GameDev индустриясында жиі қолданыла бастады. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде ЖИ ойын жасау процесін жылдамдатып, техникалық міндеттерді жеңілдеткенімен, шығармашылық тұрғыдан адам еңбегін толық алмастыра алмайды.
GameDev саласының мамандары жасанды интеллекті қазір бағдарламалау, 3D модельдеу, гипотезаларды тексеру және түрлі автоматтандырылған процестер барысында тиімді қолданылып жатқанын айтты.
«Жасанды интеллект – екі ұшты құрал. Бір жағынан, авторлық құқық пен этика мәселесі бар. Екінші жағынан, бұл – жұмысты жылдамдататын маңызды технология. Біз өз жобаларымызда ЖИ-ді машиналық оқытуда және автоматтандырылған процестерде қолданамыз. Бірақ шығармашылық өнімді толықтай жасанды интеллектіге сеніп тапсыруға болмайды. Соңғы нәтижені бәрібір адам шығарады», – дейді Show Studio геймификация студиясының негізін қалаушы әрі CIAQ үйлестірушісі Малика Игібаева.
GameDev Center жетекшісі Элина Ким де бүгінде гейминг саласының мамандары ЖИ құралдарды код жазу, қателерді түзету және өнімділікті арттыру мақсатында пайдаланады. Дегенмен ЖИ-дің көмегі бағдарламашының немесе суретшінің кәсіби біліктілігін алмастыра алмайтынын атап өтті.
«Егер бағдарламашы бағдарламалауды білмесе, оны ешқандай ЖИ құтқармайды. Жасанды интеллект – тек көмекші құрал», – деді ол.
Гейминг саласында жасанды интеллекті құралдары техникалық және қайталанатын процестерді орындауда барысында ғана тиімді. Ал ойынның көркемдік стилі мен шығармашылық шешімдерді ойынды жасайтын маманның өзі жүзеге асыруы тиіс. Себебі сала мамандарның айтуынша, қолданушылар ЖИ арқылы жасалған визуалды контентті оңай ажыратады және мұндай жағдайда ойынға тұтынушылардың көңілі толмайды.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары ЖИ ойын индустриясының ажырамас бөлігіне айналады. Алайда оның басты міндеті – адамды алмастыру емес, ойын әзірлеушілердің жұмысын жеңілдетіп, шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік жасау.