Azh.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасанды интеллектінің (ЖИ) енгізілуі алдағы жылдары Қазақстанның еңбек нарығын қалай өзгертетінін және азаматтардың жаппай қысқартудан қорқуына негіз бар-жоғын айтып берді, деп хабарлайды LS.
Ведомстводағылар сендіргендей, елде технологиялардың дамуына байланысты жұмыссыздықтың жүйелі өсімі күтілмейді. Сонымен қатар, болжам бойынша, 2035 жылға қарай жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың саны қазіргі 9,2 миллионнан 10,7 миллион адамға дейін өседі. Жұмыс орындарының саны шамамен 1,5 миллионға артады.
Дегенмен, еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. 2035 жылға қарай Қазақстанда шамамен 80 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 33 мүлдем жаңа мамандық пайда болады.
ҚР-да қандай жаңа мамандар пайда болады?Егер қазіргі уақытта трансформация негізінен IT саласының ішінде жүріп жатса (ML-инженерлер, Data Scientists және AI-тренерлерге сұраныс жоғары), жақын арада технологиялар экономиканың дәстүрлі секторларына келеді.
Еңбек министрлігі мынадай мамандықтардың пайда болатынын болжап отыр:
Цифрлық мұнай кен орнының инженері;
Компьютерлік көру (computer vision) инженері;
Білім беру мен медицинадағы AI (жасанды интеллект) маманы;
Құрылыс жобаларының BIM/AI-менеджері;
Агротехнологиялар жөніндегі маман.
Кімдер тәуекел тобында?Министрлік атап өткендей, басты тәуекел бос жұмыс орындарының жоқтығымен емес, адамдардың технологиялардың даму көшіне ілесе алмай қалуымен байланысты. Қазақстандағы шамамен 1,1 миллион жұмыс орны (жұмыспен қамтылғандардың барлығының 12 пайызы) жасанды интеллектінің әсер ету деңгейі жоғары санаттарға жатады.
Ең осал салалар: әкімшілік және кеңсе қызметкерлері, қаржылық сарапшылар, жарнама, сату және іс қағаздарын жүргізу мамандары, корректорлар мен мәтін терушілер. Автоматтандырудың әсерінен call-орталық операторларына, есептегіш құралдарын тексерушілерге (контролер), курьерлер мен инкассатор-жүргізушілерге сұраныс төмендейді.
Жаңа трендтердің алдында ең қорғаусыз болып 15 пен 24 жас аралығындағы жастар шықты. Бүгінде елдегі әрбір төртінші жас қызметкер автоматтандыру оңайға түсетін бастапқы төменгі лауазымдарды иеленіп отыр. Жас мамандарды қорғау үшін мемлекет субсидияланатын жұмыс орындарын кеңейтуді және экспресс-қайта оқыту бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр.
Роботтар адамдарды толықтай алмастыра ма?Министрліктегілер соңғы онжылдықтарда техникалық прогресс жер бетінен тек шам жағушылар (фонарщик) немесе лифтшілер сияқты санаулы ғана мамандықтарды жойғанын еске салады.
Жасанды интеллект адамның орнын баспайды, оның басты көмекшісіне айналады. Күнделікті қайталанатын (рутиналық) және механикалық тапсырмалар алгоритмдерге өтеді, ал адамның рөлі күрделі талдау жасау, басқару және шешім қабылдау жағына қарай ауысады. Болашақтың басты ережесі — цифрлық құралдармен тандемде (бірлесіп) жұмыс істей білу.
Бүгін, 11:41