Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Енді жазатайым оқиғаларды тек тіркеумен шектелмей, олардың алдын алуға басымдық берілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, еңбек қауіпсіздігіне көзқарас өзгеріп жатыр. Бұған дейін тексерулер көбіне бұзушылықтарды анықтауға бағытталса, енді қауіптің алдын алуға мән беріледі.
— Қазір келісімшарттар, тексерулер және жазатайым оқиғаларды тергеу бір жүйеге біріктірілді. Соның негізінде еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы жасалды, — деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, бұл карта қауіпті жағдайларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
— Енді қауіп оқиға болғаннан кейін емес, соған дейін байқалады. Бұл жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті күшейтеді, — деді Бахтияр Жазықпаев.
Сонымен қатар жүйеге жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр.
— Жасанды интеллект жазатайым оқиғалардың себептерін саралап, олардың алдын ала болжауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл формалды тексерулерді азайтып, нақты қауіпсіздікке басымдық беруге жол ашады.
— Ең бастысы — қағаз жүзіндегі есеп емес, жұмыс орнындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, — деп атап өтті вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек министрлігі әлеуметтік қызметтерге бақылауды күшейтпек.