Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Сурет ЖИ көмегімен жасалған
Заңдық негіз – қауіпсіздік кепілі
Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша аймақтағы көшбасшы мемлекеттердің бірі ретінде ЖИ технологияларын құқықтық өріске енгізуді қолға алды. Парламент қабырғасында дайындалып жатқан құжаттардың негізгі мақсаты – инновацияларды тежеу емес, керісінше азаматтардың құқықтарын қорғау, деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлемдік тәжірибеге сүйену. Мәселен, Еуропалық Одақ (EU AI Act) әлемдегі алғашқы ауқымды заңнамалық актіні қабылдап, ЖИ-ді тәуекел деңгейлері бойынша қатаң реттеуді таңдаса, АҚШ инновациялар мен еркін нарыққа көбірек еркіндік береді. Қазақстан үшін осы екі модель арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды. Бір жағынан азаматтарды киберқауіптерден қорғау қажет болса, екінші жағынан отандық стартаптардың дамуына кедергі келтірмеуі керек.
Әлеуметтік зерттеу: қоғамның көзқарасы қандай?
Мақала аясында студенттер, оқытушылар және түрлі сала мамандары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Зерттеу нәтижелері қоғамның бұл технологияға үлкен қызығушылықпен қатар, белгілі бір алаңдаушылықпен де қарайтынын көрсетті.
Респонденттердің 42,9 пайызы ЖИ құралдарын жиі пайдаланатынын айтса, 35,7 пайызы сирек қолданатынын жеткізген. Пайдаланушылар арасында ChatGPT (64,3%) және Google Gemini (35,7%) көш бастап тұр.
Сауалнамаға қатысқандардың 42,9 пайызы ЖИ-дің пайдасы мен қаупі қатар жүреді деп есептесе, 35,7 пайызы оны пайдалы технология деп бағалайды. Ал 21,4 пайызы қауіп-қатері басым деген пікірде.
Респонденттердің жартысы (50%) жасанды интеллект болашақта кейбір мамандықтардың орнын басуы мүмкін деп санайды. Сонымен қатар респонденттердің 64,3 пайызы бұл технология олардың болашақ мамандығына тікелей ықпал ететініне сенімді.
Қатысушылардың пікірінше, ЖИ ең алдымен білім беру (50%), журналистика (35,7%) және дизайн (35,7%) салаларында елеулі өзгерістер алып келеді.
Мемлекет пен мамандар дайын ба?
Қоғамдағы алаңдаушылық пен сұранысқа байланысты мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен жаһандық үрдістердің ықпалы заң шығарушылар мен сала мамандары арасында қызу талқыланып жатыр.
«Жасанды интеллект жақын арада азаматтарды жаппай жұмысынан айырмайды. Өйткені қысқарған жұмыс орындарының орнына жаңа жұмыс орындары ашылады. Кейбір салаларда жұмыс орындарының азаюы 7-10 пайызды құраса, кейбір бағыттарда керісінше көбейеді. Бірақ бұл жаңа жұмыс орындары басқа құзыреттер мен дағдыларды талап етеді. Сондықтан қызметкерлер қайта даярлаудан өтіп, жаңа білім мен білікті меңгеруге дайын болуы керек. Бұл мәселені жұмыс берушілер де алдын ала ойластырғаны жөн. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау қажет. Жұмыспен қамту бағдарламалары заман талабына сай бейімделіп, тегін курстар қолжетімді болуға тиіс», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева Мәжіліс кулуарында.
Ал ЖИ маманы Мейіржан Әуелханұлы жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері екі жақты екенін айтты.
«Дүниежүзілік экономикалық форумның Future of Jobs Report 2025 зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай әлемдік еңбек нарығының 22 пайызы өзгеріске ұшырайды: 170 миллион жаңа жұмыс орны пайда болып, 92 миллионы қысқарады. Дегенмен бұл өтпелі кезеңде жұмыскерлердің 6-7 пайызы қызмет ауыстыруға мәжбүр болады. Қазірдің өзінде пошта қызметкерлері, банк кассирлері мен әкімшілік ассистенттердің бірқатар функциялары автоматтандырылып жатыр. Тіпті генеративті ЖИ-дің әсерінен графикалық дизайнерлер де қысқару қаупі бар мамандықтар қатарына енді. Ал үлкен деректер, жасанды интеллект және машиналық оқыту мамандарына сұраныс артып келеді. Оксфорд Insights жариялаған Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде Қазақстан 195 мемлекеттің ішінде 60-орынға ие болып, Орталық Азияда көш бастап тұр. Дегенмен кадр тапшылығы мен ғылыми-зерттеу базасының әлсіздігі сияқты мәселелер әлі де бар. Сондықтан жастарға технологиялық, когнитивтік және адами дағдыларды қатар дамыту қажет. Физикалық рутинамен немесе техникалық шаблонмен бәсекеге түсу – тиімсіз», деді сарапшы.
Нейрожелілер не дейді?
Зерттеу барысында бүгінгі нарықтағы танымал жүйелердің бірі ChatGPT мен Gemini-ге «Жасанды интеллект болашақта қандай мамандықтардың орнын басуы мүмкін?» деген сұрақ қойылды. ChatGPT-дің пайымдауынша, ЖИ ең алдымен қайталанатын және ережеге негізделген жұмыстарға әсер етеді. Тәуекел аймағында дерек енгізушілер, call-center операторлары, базалық аудармашылар мен қарапайым копирайтерлер бар. Алайда жүйе: «Мамандық толық жойылады дегеннен гөрі, оның форматы өзгереді деген дұрыс. Зерттеу журналистикасы, репортаж, сұхбат алу және аналитика сияқты адамдық фактор қажет бағыттар жойылмайды. Excel бағдарламасы шыққанда бухгалтерлер жойылып кеткен жоқ, керісінше олардың жұмыс тәсілі өзгерді», деген пікір білдірді.
Google Gemini де осы көзқарасты қолдайды. Оның талдауынша, ЖИ техникалық мәтінмен жұмыс істейтін транскрибаторлардың, бухгалтерлер мен банк кассирлерінің, сондай-ақ қойма жұмысшылары мен конвейер операторларының жұмысын автоматтандырады. Ал адаммен тікелей қарым-қатынасқа негізделген психолог, мұғалім, дәрігер секілді мамандықтар және шығармашылық сала өкілдері сұраныста қала береді. Екі нейрожелі де бір ортақ тұжырымға келеді: жасанды интеллект адамды толық алмастырмайды. Бірақ ЖИ-ді тиімді қолдана алатын маман оны қолдана алмайтын маманнан басым түседі.
Түйін
Заман ағымына қарсы жүзе алмайтының ақиқат. Кешегі буын зауыт пен фабриканың тілін үйренсе, бүгінгі буын алгоритм мен нейрожелінің тілін меңгеруге мәжбүр. 7-10 пайыздық жұмыс орындарының қысқаруы – жай ғана статистика емес, бұл мыңдаған адамның тағдыры. Егер бүгін жұмыс беруші қызметкерлерін қайта даярлауды ойламаса, ертең нарықтың өзгерісі компанияның өзіне де әсер етеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды» деген қанатты сөзі бар. Бүгінгі цифрлық дәуірде бұл қағида жаңа мағынаға ие болды. Біз жасанды интеллектіге тек қазақша сөйлеуді ғана емес, қазақша ойлауды да үйретуіміз керек. Сонда ғана технология бізді жұмысымыздан айыратын қауіп емес, елімізді алға жетелейтін құралға айналады. Болашақ маман ретінде біздің міндетіміз – осы көштің соңында қалып қоймай, жасанды интеллект құралдарын тиімді меңгеріп, оны ұлт игілігіне бағыттау.
Жанасыл ЗАЙТИМХАН,
ЕҰУ студенті