Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілетудің маңызы зор екенін айтты, деп хабарлады Ақорда.
Оның айтуынша, жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды.
"Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз", - деді Тоқаев.
Президент жасанды интеллектінің мүмкіндігі молая түскен сайын, оның қаупі де артады деп пайымдайды.
"Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ", – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.