Жасанды интеллектті дамыту мен реттеуге әйелдерді тарту маңызды Әсел Жанасова

07.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Іс-шара Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ұлы дала әйелдерінің күшті, тәуелсіз әрі жан-жақты бейнесіне арналды.

Әсел Жанасова өз сөзінде жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында әйелдердің технология саласындағы рөлі ерекше маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда жаңа технологияларды дамытуға арналған нормативтік-құқықтық база қалыптасып жатыр. Атап айтқанда, жасанды интеллектті қолдануды реттейтін орта қалыптастыратын Цифрлық кодекс қабылданған.

— Егер біз жасанды интеллектті белсенді дамытатын болсақ, бұл процеске әйелдердің үлес қосуы өте маңызды. Әйтпесе технологиялар көбіне ер адамдардың тәжірибесі мен көзқарасына негізделіп қалыптасу қаупі бар. Сондықтан тепе-теңдік сақтау үшін әйелдердің де жасанды интеллектті жасауға қатысуы қажет. Сонда жүйелер теңгерімді болып, қоғамның барлық қажеттіліктерін ескеретін болады, — деді ол.

Осыған байланысты Жанасова қонақтарға ЖИ-агенттерінің (жасанды интеллект агенттері) рөлі артып келе жатқанын айтты. Бұл — адамның орнына белгілі бір тапсырмаларды орындай алатын бағдарламалық жүйелер, олар жұмыс барысында да, күнделікті өмірде де көмекші бола алады.

— Қазіргі таңда көп адам жасанды интеллект пен ЖИ-агенттердің нақты не үшін қажет екенін толық түсіне бермейді. Бірақ қазірдің өзінде кейбір компаниялар қызметкерлердің орнына ЖИ-агенттерді пайдаланып, бизнес ашып жатыр. Олар талдау жасаудан бастап, клиенттерге қызмет көрсетуге дейінгі түрлі міндеттерді орындай алады, — деді Жанасова.

Оның айтуынша, мұндай технологиялар мемлекеттік институттар деңгейінде де қарастырылып жатыр.

— Бүгін Ақордада жасанды интеллект қолданылатын бірнеше бағдарламаны қарастырдық. Мысалы, сот жүйесінде ЖИ-агенттер бірнеше сағаттың ішінде талдау жасап, негізгі шешімдерді қабылдауға көмектесе алады, — деді ол.

Спикер мұндай технологиялар күнделікті өмірде де үлкен көмекші бола алатынын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект арқылы тәжірибелі мамандардың цифрлық «клондарын» жасауға болады. Мысалы, білікті ұстаздардың цифрлық нұсқаларын білім беру мақсатында қолдануға мүмкіндік бар.

Оның сөзінше, мұндай шешімдер ауылдық жерлердегі балаларға да ең үздік мұғалімдерден білім алуға мүмкіндік береді.

Технологиялардың болашағы туралы айта келе, Жанасова қыз балалардың нақты ғылымға қызығушылығын арттыру қажет екенін айтты.

— Келесі ұрпақ жүйелі ойлай білуі керек. Математика, логика және нақты ғылым — кез келген дамудың негізі. Қыздарды бәсекелі ортада тәрбиелеу қажет, сонда олар бұл бағыттарда өздерін сынап көруден қорықпайды, — деді ол.

Айта кетейік, Silk Power 2026 алаңы қазіргі заманғы әйелдің рөлі мен оның қоғамдық, экономикалық және технологиялық күн тәртібіне қатысуын талқылау үшін әртүрлі саладағы 70-тен астам әйелді біріктірді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью