Жасөспірім сағат 22:00 ден кейін көшеде ұсталды Қазақстанда ата аналарға қандай жаза қолданылады

10.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Бала түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде ересектерсіз жүрсе, оған ата-анасы жауап береді. Алматы полициясы кәмелетке толмағандардың түнгі серуені үшін қандай жаза қарастырылғанын және заңбұзушылық қайталанған жағдайда не күтетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

11 мың жағдай

Алматы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, 2026 жылдың жеті айында ғана құқық қорғау органдары осындай 11 мыңнан аса жағдайды анықтаған.

"Жеті ай ішінде түнгі уақытта үйден тыс жерде заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген балалардың 11 мыңға жуық ата-анасы жауапқа тартылды. Сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларын тұрғын үйден тыс жерде қараусыз қалдыруға құқығы жоқ. Егер бұл бірінші рет болса – ескерту жасалады", – деді Тимур Ноғайбаев.

Сондай-ақ ол бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл қарастырылғанын еске салды.

Ата-аналарға қандай айыппұл салынады?

Жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы "Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуы" бойынша қарастырылған.

Бұл ретте уақыт пен жаза баланың қай жерде болғанына байланысты.

Егер кәмелетке толмаған бала түнгі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін ойын-сауық мекемесінде заңды өкілдерсіз жүрсе, ата-анасына 3 АЕК (2026 жылға 12 975 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бала түнгі 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін үйден тыс жерде ересектердің еріп жүруінсіз болса, алғашқы құқық бұзушылық кезінде ата-анасына ескерту беріледі. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, 7 АЕК (2026 жылға 30 275 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Тимур Ноғайбаев ата-аналарды балалардың бос уақытын бақылауды күшейтуге және оларды түнгі уақытта қауіп-қатерге итермелемеуге шақырды. Сондай-ақ ол балаларға мұқият қарап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үндеді.

Бұған дейін Қазақстанда үш күндік профилактикалық рейдтер кезінде полицияға 2400-ден аса кәмелетке толмаған бала жеткізілген болатын. Олардың 1500-ден астамы – әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, тағы мыңға жуығы – қараусыз және панасыз қалғаны үшін ұсталған.

Сол кезде құқық қорғау органдары 4 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін 257 ата-ана, ал кәмелетке толмағандардың түнде көшеде және ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 1500-ге жуық ата-ана жауапқа тартылды.

Рейдтер 1-3 шілде аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Қазақстанның бірқатар облыстарында өтті. Ішкі істер министрлігі мұндай профилактикалық шаралар тұрақты негізде өткізілетінін мәлімдеді.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью