Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
2015 жылдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдары Қазақстан соңғы 10 жыл бойы жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша әлем елдері арасында алғашқы үштіктің қатарында деп бағалаған болатын. Расымен сол кезде жасөспірімдер арасындағы суицидтің ең жоғары деңгейі 2008 жылы көрсеткен. Сонда Қазақстан 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша бірінші орынға шыққан. Алайда соңғы 2-3 жылда мамандар жағдайдың өзгергенін, жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы 7 пайызға төмендегенін айтуда. Осының анық-қанығын білмек болдық.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол салу фактісінің аз да болса, төмендегенін жеткізді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың 8 айында Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасында 122 суицид фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ға азайғанын көрсетеді. Негізгі жағдайлар Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында тіркелген – 56%. Ең жоғары өсім Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды.
– Сонымен қатар, Алматы облысында соңғы 10 жылда алғаш рет айтарлықтай төмендеу тіркелген. Шымкент қаласында да азаю бар, ал Абай облысында суицид әрекетінің саны екі есеге түскен. Жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу жағдайының 62%-ы ата-анамен күрделі отбасылық қарым-қатынас аясында орын алған. Оның ішінде ата-ананың сөгісінен қорқуы, баланың қызығушылығын елемеу, әке-шешесінің көңіл бөлмеуі, қамқорлығының жеткіліксіздігі, мазақ етуі, қысым көрсетуі себеп болған. Ал 10 пайызы қиын жағдайда өмір сүргеннен болса, 22% жағдайда мектептегі буллинг, жауапсыз махаббат салдарынан өз-өзіне қол салған. Тіпті әдебиетке, ойынға әуестігінен 10% суицидке барса, 5 пайызы психикалық аурудың салдарынан бұл әрекетке барған, – дейді Динара Закиева.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, жаңағы суицидтік жағдайдың зерттеуінде 44 жасөспірімнің өмірін сақтап қалу мүмкіндігі болған. Алайда мектептерде сапалы сүйемелдеу, психологтардың көмегі немесе жұмыстың уақытылы жүргізілмеуінен бұл жүзеге аспаған. Сондықтан ол барлық мектептерде бірыңғай диагностикалық бағдарламаны енгізу сапасы, сондай-ақ қауіп тобындағы балаларды сүйемелдеу және оларға көмек көрсету алгоритмін жан-жақты қарастыры керегін айтты.
Суицидтік мінез-құлықпен жұмыс істейтін тәжірибелі психолог Татьяна Браун болса, жасөспірімдер арасындағы суицидтің азайғанын айтты. Десе де, арқаны кеңге салып, еркінситін жағдай емес екенін жеткізді.
– Иә, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында суицидтік жағдайдың өздап төмендеу байқалады, бірақ маңызды нюанстарды ескеру керек. Әрине, соңғы жылдары 5-10% төмендеу – бұл оң үрдіс. Оның үстіне Қазақстанның суицид бойынша ең жоғары көрсеткіші бар елдердің «тізімінен» біртіндеп шығып келетіні қуантады. Дегенмен халықаралық өлшем бойынша еліміздің деңгей әлі де жоғары, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында қол салуына байланысты.
Сонымен қатар, суицид статистикасы – бұл биік мұз тауының басы ғана. Өйткені әрбір өз-өзіне қол салып, қаза тапқан жағдайдың артында ондаған өзіне зиян келтіруге әрекет пен суицидтік ойлар тұр. Сондықтан белгілі бір жақсару бар, бірақ мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ деп айтар едім, – деді психолог Татьяна Браун.
Оның айтуынша, Бұқараларық ақпарат құралдарында жасөпірімдер арасындағы суицид жайлы көп жазылып, көп айталады. Содан көпшілік кәмелеттік жасқа толмағанның өз-өзіне қол салуы көп деп санайды. Негізінде ел ішінде жасөпірімнен гөрі ересек адамдардың өзіне қол салуы жиі кездеседі.
– Шынын айту керек, қазір көп БАҚ қаралым жинау үшін жасөспірімнің өлімі жайлы, оның мән-жайын ашып жазуға жатып алған. Оған қоса, осындай оқиғалар қоғамда күшті резонанс тудырады. Бірақ оның салдары барын да ұмытпауымыз керек. «Эмоционалды жұғу» эффектісі қосылып, әлеуметтік желілер арқылы таралып, өз-өзіне қол салуды насихаттайды.