​Жасқайраттықтар Наурызды қалай қарсы алды

23.03.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Исатай ауданы Қамысқала округіне қарасты Жасқайрат елді мекені аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан. Ауданнан жырақ, шалғай орналасқан ауыл халқы жыл сайын Наурыз мерекесін ұйымшылдықпен қарсылап жүр, биылғысы ерекше.

Елді мекеннің өзінде 21  үй орналасса, ал 18 қыстақ жағалай бес, он шақырым жерде шашыраңқы қоныстанған. Қаймағы бұзылмаған, түтіні түзу ұшқан елді мекенде бар жағдай жасалған. Төрт түлік малмен күнелтіп отырған шағын елді мекенге көгілдір отын, таза су құбыры тартылып, үздіксіз жұмыс жасауда. Ауыл интертнетке қосылған. Бастауыш мектеп, замануи үлгідегі медпункт, кітапхана, су сақтау және тарату қоймасы қалыпты жұмыс жасап тұр. Тіпті шағын балалар алаңы да бар, күн жылына асыр салып ойнап жатқандары. 

Жасқайрат халқы ұйымшыл, той-томалақ пен таудай тірлікті бірігіп атқарып тастайды. Әз Наурыз мерекесін тіптен бөлек қарсылауда. Киіз үй құрылып, ою өрнекті текемет, алашалар жайылып, қазанда баданадай сары бауырсақтар пісіп жатты. 

Екінші қазанда наурыз көже бүлкүлдес, дастарханда ұлттық тағамдар сары май, ірімшік, құрт, сүзбелер орын теуіпті. Наурыз көжеден дәм татқандар «ырыс, құтымыз арылмасын, бірлікте болайық» десіп жатты. Төрде отырған үлкендер қаздай тізіліп, жастар мен балаларға батасын беруде. 

- Биыл қыс өте ұзаққа созылды. Қыстың қақ ортасында жаңбыр жауып, жер беті көк мұзға айналып, малымыз жайылысқа шыға алмай қалды, мал азығының тапшылығы сезіле бастап, аудан әкімшілігі жеммен көмектесіп, қиындықтан алып шықты. Оны ұмытпауымыз керек. Күндіз күн шырайын шашса, ал түн салқындығы әлі бар. Дегенмен мал жайылысқа шығып, арқа басымыз босамағанмен жеңілдеп жатырмыз. Наурыз мерекесін асыға күткенбіз, ауыл халқы бірлесіп тойлап жатырмыз, осының өз неге тұрады. Малдың көкке ауыз ауыз тиіп, аузымыз аққа жеткеніне шүкіршілік айтуымыз керек,-десті ауыл үлкендері Қуаныш Қайырлин, Ғайнолла Махметов, Жақып Рахметовтер.

Осы ауылдың келіндері Оксана Қазиханова, Анаргүл Мұхтаровалар орамалдары желбіреп зыр жүгіре қазан басында жүр. Балалар да көктемгі каникулға шығып, үлкен де, кіші де мәз-мейрам. Ұлттық нақышпен киінгендер ауылға сән беріп, ұлттық ойындар ойнап, ән, күйден шашу шашты. Бірлігі жарасқан ауыл халқы бір-бірімен қауыша көрісіп, кең даланы дүбірлетіп жіберді.

«АЖ» атынан барша халықты ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел атанайық деген шын ниет тұрды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоны түсірген автор

Бүгін, 12:50

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью