Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Іс-шараға Қостанай облысының қалалары мен аудандарынан 18-35 жас аралығындағы 80-ге жуық белсенді жас пен волонтер, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысуда. Сондай-ақ басқосу Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Ақмола облыстарының белсенді жастарын біріктірді.
Слеттің ашылуында Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қазез Қайрат жастардың әлеуетін нақты істерге бағыттау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті.
– Қостанай облысында бүгінгі таңда 210 мыңнан астам жас бар. Бұл – өңірдің дамуына елеулі үлес қоса алатын үлкен күш әрі үлкен жауапкершілік. Жастардың әлеуетін нақты істерге бағыттау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жастарды еңбекпен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. Соңғы бес жылда «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы 9 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Биыл тағы кемінде 1 900 жасты еңбек жасақтарына тарту жоспарланып отыр. Бұл жастардың еңбекке араласуымен қатар, туған жерді абаттандыруға, көгалдандыруға және қоршаған ортаны қорғауға қосқан нақты үлесі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Іс-шара бағдарламасы экологиялық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысымен танысу, тренингтер, шеберлік сабақтары және командалық жұмыстарды қамтиды. Қатысушылар өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді талдап, оларды шешуге бағытталған стратегиялар әзірлейді. Бағдарламада экологиялық волонтерлік, ұқыпты тұтыну, зооволонтерлік, қалдықтарды қайта өңдеу, көгалдандыру, жаңартылатын энергия көздері және климаттық жобалар бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді.
Слет қорытындысында үздік экологиялық стратегияны іске асыруға кемінде 1 млн теңге көлемінде қаржыландыру беріледі. Іс-шара «Біз мұнда болған жоқпыз!» экологиялық акциясымен аяқталады.
Облыстық экологиялық слет жастардың білімін арттырып қана қоймай, олардың экологиялық бастамаларын нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ