Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Ақтөбе облысында табысты жұмыс істеп келе жатқан шағын және орта бизнес нысандарының саны бүгінде 80 мыңнан асты. Жылма-жыл жеке кәсібін бастағандар қатарының артуына түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер мен грант қаражаттарының көбеюі де себепші болды.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Алайда кәсіпкерлердің жас ерекшеліктерін салыстырып қарағанда, олардың арасында 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі айтарлықтай төмен екені байқалады. Өңір тұрғындарының 28%-ы – 18–35 жас аралығындағылар. Демек, жастар әлеуеті жеткілікті болса да, кәсіпкерлікке толық тартылмаған.
Екінші жағынан, жастарды қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен гранттық қолдаулар Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Жастар саясаты, Кәсіпкерлік басқармалары мен «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалы арқылы жүйелі түрде іске асырылып келеді.
Мәселен, өңірлік Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тапсырысымен «Атамекен» ҰКП филиалында былтыр «Бастау бизнес» жобасы аясында 2 283 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқып, олардың ішінен 227-сі 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Бизнес-жобаларын сәтті қорғағандар 1 млн 500 мың теңгені негізінен киім тігетін машина, кондитерлік тағамдар мен нан-тоқаш пісіретін пештер, тор тоқитын станоктар, көлік жөндеуге арналған құралдар, компьютерлік жабдықтар, мал-құс сатып алуға жұмсаған. Олардың арасында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар көп.
Грант иегері қаражаттың жартысын ғимаратты жалдауға жұмсауға құқы бар. Алайда балаларды дамыту орталықтары мен тіл үйрету курстарын ашқан бірен-саран жас кәсіпкер болмаса, қалғандары бар ақшасына жабдықтар сатып алған. Яғни олар ғимарат жалдауға қаржы жұмсағысы келмеген.
Тағы бір назар аударарлығы – қала мен аудан орталықтарындағы жаңадан ашылған нысандардың дені ұсақ сауда мен қызмет көрсету саласында шоғырланса да, ұзақмерзімді, тұрақты кәсіпке айналмай келеді. Олардың көбі бірер жылдың ішінде жабылып қалады. Бұл жағдай тек мемлекет қаржысымен іс бастағандарға ғана емес, жеке қаржысын құйғандарға да тән. Гранттың қысқамерзімді жобалармен аяқталуының бірнеше себебі бар. Ең алдымен, мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін қаржы көлемінің шектеулі болуы (ең көп грант қаржысы 5 млн теңге, ең төменгісі 400 АЕК көлеміндегі 1,5 млн теңге), оған көпшіліктің қол жеткізе алмауы. Жоғарыда көрсеткеніміздей, былтыр «Бастау бизнес» арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыған 2 283 жастың 227-сі ғана 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант ұтты. Қалған үміткерлер мұндай қолдауға ие бола алмады. Бәлкім, қазіргі инфляция деңгейін ескеріп, «Бастау бизнес» арқылы қаржы беруді көбейткен жөн бе? Тегін келген қаржы құмға сіңген су сияқты бейберекет жұмсалып кетпес пе деген қауіп те бар.
Көп жағдайда жұмыспен қамту басқармасының мамандары жастарды еңбек нарығына тартудың барлық мүмкін жолдарын қарастырып келеді. Басқарма мамандарының берген мәліметіне қарағанда, былтыр жұмысқа орналастырылған 47 382 ақтөбеліктің 19 930-ы немесе 42%-ы – жастар. Соның ішінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы 12 114, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 2 152 адам орналасса, қысқа мерзімді кәсіптік біліммен 170 жас қамтылып, Электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқытуға 1 039 адам жіберілді. Өткен жылы басқарма мамандары бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ай сайын ұйымдастырып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің басын бір жерге қосып отырды. Былтыр өткен 151 бос жұмыс орны жәрмеңкесіне 4 183 ақтөбелік қатысса, оның 1 122-сі – жастар.
Екінші жағынан, Жастар саясаты басқармасы аудандардағы ресурстық орталықтар арқылы волонтерлік топтар жұмысын үйлестіріп, әсіресе NEET санатындағы жастарды ортақ іске тартып жүр. Республикалық «Zhas Project» жобасына да белсенді қатысатын өңірлердің бірі – Ақтөбе облысы. Мәселен, 2025 жылы «Zhas Project» жобасы аясында 200-ге жуық жастың әлеуметтік-кәсіпкерлік бастамасы қолдауға ие болды. Еңбек нарығының күрт өзгерісі адамдардың жаңаша ойлап, жаңаша әрекет етуін міндеттейді. Жасанды интеллектінің енгізілуімен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар, волонтерлік сала сауатты да тиімді бастамаларды қажетсінеді.
Осы тұрғыдан 2021 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жаңашыл, креативті жастардың басын біріктіріп, шығармашылық қырларын ашып жатқаны көзге түседі. Мәдени мұраны дамыту, «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы, музейлер мен кітапханалар ісін жаңаша бағытта жандандыру, ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталған IT, волонтерлік саладағы стартаптар жыл өткен сайын жастардың ерекше қызығушылығын туғызып жүр. Ақтөбе облысында да осы жоба қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасымен ғылым, мәдениет, бизнес, медиа, ақпараттық технологиялар, волонтерлік бағыттарда 20 жасқа 300 мың теңгеден қайтарымсыз грант берілсе, 2025 жылы осы жобаларды сүйемелдеуге жергілікті бюджеттен тағы да 30 миллион теңге қарастырылды. Бірақ мұның кемшілігі – бағдарлама операторлары мен жоба қатысушылары бір үстел басында отырып, жобаны қорытындылап, оның жетістіктері мен кемшіліктерін талқыламайды. Талдау жүргізілмеген соң, бағдарламаның нәтижелілігіне қатысты толыққанды мағлұмат көпке жетпейді.
Стартаптарды экология, қоршаған ортаны қорғау бағытында дамытудың өте маңызды екенін Ақтөбе қаласы әкімдігінде қолға алынған саябақтар мен скверлерді абаттандыру жобасы көрсетіп отыр. Көктемнен бастап 26 саябақ пен сквер жергілікті кәсіпкерлер қаржысымен абаттандырылса, оның эскиздерін өңірлік университеттің «Дизайн және ландшафт» мамандығында оқитын студенттері әзірлейді. Бұл әрі «Таза Қазақстан» акциясына да серпін беретін бастама. Студенттердің қаланы көріктендіру жұмыстарына араласуы өткен жылы басталды. Жазғы өндірістік тәжірибелерін осы саябақтарды абаттандыру бойынша өткізіп, үздіктері қала әкімдігі ұйымдастырған «Жаңа идея – жайлы қала» байқауына қатысып, 200 мың – 1 млн теңге аралығында грант ұтты. Биыл дизайнерлік безендіру, ландшафтық дизайн жұмыстарын студенттер аудандарда да жалғастырады.
Осындай бастамаларды табиғат қорғау шараларына да жұмылдыруға болады. Мәселен, қала төңірегінде, ауылдарда, тасжолдар бойындағы бұлақ көздерін аршу, жан-жағын қоқыстан тазарту, абаттандыру, көгалдандыруға жастардың тың бастамалары керек. Ақтөбе қаласының төңірегінде мұндай орындар өте аз. Жерасты су көздерін аяқасты етпеу «Таза Қазақстан» акциясының құрамдас бөлігі болуға тиіс. Осындай жұмыс бірен-саран болса да іске асырылып келеді. Мәселен, Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпеновтің бастамасымен сәуірдің екінші жартысында Қарауылкелді ауылының жастары Мөлдірбұлақ аталған бастауды шөп-шаламнан тазартып, айналасын адам аяғы баспайтындай етіп биіктетуді жақсы үрдіске айналдырған. Табиғат аясындағы көрікті жерлерді, скверлерді абаттандыру жұмыстарына дизайн, ағаш ұстасы, темір металдарды өңдейтін мамандықтарда оқып жатқан колледж студенттерін тартуға болады.
Туған жердің әрбір тасын қадірлейтін жастар еңбекқор балалардан шығады. Көргенді бала үйі мен оқитын мектебінің айналасын жинаудан арланбайды, жерге қоқыс, сынық шөп те тастамайды. Даусыз шындық – тәртіп пен тазалық, мәдениеттілік өзгенің еңбегін бағалаудан басталады.
Ақтөбе облысы
Соңғы жаңалықтар
Білім • Бүгін, 08:15
Қайта түлеген спорттық инфрақұрылым
Университет • Бүгін, 08:12
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10
Гүлмираның «yoonee.ai» платформасы
Digital • Бүгін, 08:08
Жастар кәсіпкерлігі: қолдау бар, қайтарымы қалай?
Бизнес • Бүгін, 08:05
Аймақтар • Бүгін, 08:03
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:00
Жедел жәрдем автопаркі жаңарды
Аймақтар • Бүгін, 07:55
Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:50
Алматы • Бүгін, 07:45
Театр • Бүгін, 07:40
Спорт • Бүгін, 07:35
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:30
Петропавлда хабар-ошарсыз кеткен 18 жастағы жігіттің мәйіті орманнан табылды
Оқиға • Кеше
Ертең еліміздің бірқатар өңірінде түман түсіп, боран соғады
Ауа райы • Кеше