Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қапияда көз жұмған Нұрдәулет Мырзалының медицина саласының маманы болу мақсатында қалаға келіп, колледждің І курс студенті атанған. Алайда қапияда болған қайғылы жағдай туыстарының ғана емес, барша қазақ елінің қабырғасын қайыстырып кетті. Нұрдәулеттің туыстары жатақханада болған жағдайды жазатайым оқиға деп есептемейді. Баланың қасақана жасалған қылмыстың құрбаны болғанын айтып, кінәлілердің әділ жазалануын талап етуде.
Бұл бірінші кезекте еліміздегі жатақханалардың бүгінгі күйі, жастар психологиясы және білім беру жүйесінің солқылдақ көрінісін байқатса керек. Ең алаңдатарлығы – қоғам белсенділері мен әлеуметтік желі қолданушылары осы оқу орнында бұған дейін де студент өлімі тіркелгенін айтып отыр. Яғни, оқу орнында қысқа уақыт ішінде бірнеше қайғылы жағдай болғанға ұқсайды.
Кейбір деректерге сәйкес, елімізде 600 мыңнан астам студент білім алады. Оның ішінде жатақханаға мұқтаж студент жастардың қатары әлі де сиремей тұр. Соған орай кейінгі жылдары мемлекет тарапынан жаңа жатақханалар салу ісі қарқынды жүргізілгенімен, ондағы қауіпсіздік пен тәрбие жұмысы қалыста қалып тұрғандай. Өйткені ресми статистикаға сүйенсек, кейінгі 5 жылда еліміздегі оқу орындарында және жатақханаларда тіркелген құқықбұзушылықтар саны азаймай отыр. Тағы бір деректерге сәйкес, кәмелетке толмағандар мен жастар арасында жасалатын құқықбұзушылықтың шамамен 12-15 пайызы көп жағдайда білім беру ұйымдарына жақын аумақта немесе жатақхана ішінде орын алатыны айтылады. Оның ішінде денсаулыққа қасақана зиян келтіру, бопсалау, қорқыту, әлімжеттік секілді фактілер жиі ұшырасады екен.
Кейінгі жылдары елімізде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық бойынша оқиғалардың асқынып бара жатқаны жиі айтылады. Себебі көп жағдайда жастар құқықбұзушылық, өзіне қатысты әлімжеттік жасалғанын айтып, полицияға арыздануға намыстанады. Соның салдарынан қасақана жасалатын қылмыстың түбегейлі жолын кесу мүмкін болар емес.
Әлімжеттік мәселесі әлі де өзекті
Кеңес заманынан бері жастар арасындағы әлімжеттік жиі кездесетіні жасырын емес. Әсіресе, жатақханаларда жоғары курс студенттерінің төменгі курсқа қысым көрсетуі кеңінен белең алып тұр. Оның ішінде ақша талап етуі, күш көрсету, өз ортасынан шеттетілуі сынды жайттарға түбегейлі тосқауыл қойылмай тұрғаны қынжылтады. «Болашақта» болған жасөспірімдердің бассыздықтары соның айқын көрінісі іспетті.
Өз кезегінде құқық қорғау органынан аталмыш оқиға бойынша сұрап көрдік. Құзырлы орын тарапынан қайғылы жағдай негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын мәлімдеп отыр.
– 8 мамырда алған дене жарақаттарының салдарынан 16 жастағы колледж оқушысы қайтыс болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті оқиға орнында ұсталып, сот санкциясымен қамалды. Қазір барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Соның аясында оқиғаның куәгерлерінен жауап алынды. Сонымен қатар қылмыстық іс шеңберінде жәбірленуші тараптың барлық уәжі тексерілетін болады. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi мекеме қызметкерінің өз міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істерді тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, – дейді бұл жөнінде Қызылорда полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазір «оқу орындары мен жатақханаларда қылмыстың алдын алу үшін қайтпек керек» деген заңды сұрақ көптің көкейін мазалап тұр. Психолог мамандардың пайымдауынша, жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлімжеттік көп жағдайда әлсіз бақылаудың салдарынан туындап тұрғанын растайды. Бұл тұрғыда, бірінші кезекте, жатақханада тәрбиеші, психолог, комендант тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілу қажеттілігі өздігінен сұранып тұр. Әйтпесе, мұндай тәртіпсіздіктің соңы психологиялық қысымнан бастап, физикалық зорлыққа дейін ұласуы мүмкін.
Қазірдің өзінде балғын ғұмырдың қазасынан кейін әлеуметтік желілерде көптеген пікірдің айтылып жатқанын байқауға болады. Осының өзі қоғамда әлімжеттікке қатысты мәселенің әлі де ушығып тұрғанын аңғартқандай.
Жатақханадағы бақылау әлсіз бе?
Марқұмның ата-анасының айтуынша, қылмыс түн мезгілінде оқу орнының фитнес залында жоғары курс студенттер тарапынан болған әлімжеттіктен туындаған. Тіпті, ауыр соққыдан қанға бөккен баланы дәлізде сүйреп, бөлмесіне апаруға әрекеттенгені де айтылады. Сол сәтте сұмдық жайттың куәсі болғандар жедел полиция шақыртқан. Әкесі дер уақытында жедел жәрдем шақырылса, ұлы аман қалар ма еді деген өкінішін жеткізіп отыр. Қиыны сол, фитнес залдың кіреберісіне бейнебақылау камералары орнатылғанымен, залда бақылау камерасы жоқ екені айтылады. Соның салдарынан балалар арасында нақты не жағдай болғанын дөп басып айту қиын.
Бұл жерде негізгі мәселе бейнебақылау жүйесінің әлсіздігіне келіп тіреледі. Осы орайда кейбір деректерге сәйкес, Қазақстандағы студенттік жатақханалардың шамамен 20 пайызында қауіпсіздік жүйесі толық орнатылмағаны айтылып жүр. Бұл да түнгі тәртіпсіздікке тосқауыл қоюға кері әсерін тигізері сөзсіз.
Қазір қайғылы жағдайдан кейін құқық қорғаушылар аяқтарынан тік тұрып, тиісті сақтық шараларын жүргізіп жатқанын мәлімдеп отыр. Бұл тұрғыда Қызылорда облысы полиция департаменті өңір көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейткенін жеткізді.
«Бүгінде облыстағы барлық білім беру ұйымдарына кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аумақтық инспекторлар, учаскелік полиция инспекторлары және жедел уәкілдер бекітілген. Ал олардың қызметін үйлестіруге басқарма мен бөлім басшылары жауапты болып тағайындалған. Мұндағы басты мақсат – жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру.
Полиция қызметкерлері мектеп әкімшілігімен және сала мамандарымен бірлесе отырып, оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Кездесулерде буллинг, топтық төбелес, интернет қауіпсіздігі, зиянды әдеттердің алдын алу және түнгі мезгілде балалардың қараусыз жүруі секілді өзекті мәселелер кеңінен қозғалады. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етуде.
Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде «Жасөспірім», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралар да ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар «Түнгі қала» және «Квадрат» әдістері бойынша рейдтік жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл іс-шараларға полиция қызметкерлерімен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен білім беру саласының өкілдері де қатысады», – деді облыстық полиция департаментінен.
Негізінен, мұндай жұмыстар өңірде тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын да алға тартады. Атқарылған жұмыстар нәтижесіз де емес. Соның негізінде жыл басынан бері облыс көлемінде 4279 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 114 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында немесе тұрғын жайдан тыс жүрген 2589 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, баланы тәрбиелеу мен білім беру міндетін тиісінше орындамаған 467 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделген. Бұған қоса рейд барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүруіне жол берген 125 кәсіпкер мен жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатқан 24 тұлға да әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бұл көрсеткіштер құқықбұзушылықтың алдын алуда тек отбасы ғана емес, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдерінің де жауапкершілігі зор екенін аңғартады.
Қорыта айтқанда, соңғы жылдары Сыр өңірінде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жиі көрініс тапқан жасөспірімдер арасындағы сойқанның соңы жақсылыққа апармайтынын түсінетін сәт әлдеқашан келгенін мойындауымыз керек. Осы ретте өңірдегі соңғы болған балғын ғұмырдың қайғылы қазасы тұтас қоғамға сабақ болса игі.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы