Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Ақмола облысының тұрғындары да референдумға белсенді қатысып жатыр. Ақмола облысында өтіп жатқан референдум барысы туралы тәуелсіз байқаушы Анар Сайлаубекқызының пікірін білген едік.
«Бүгін мен Көкшетау қаласындағы №24 сайлау учаскесінде байқаушы ретінде жұмыс атқарудамын. Таңғы сағат 6:00-ден бастап учаскелік комиссия мүшелері сайлаушыларды қабылдауға дайындық жұмысын жүргізді. Дәл сағат 07:00-де мемлекеттік Әнұран шырқалып, сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.
Алғашқылардың бірі болып дауыс берген ақсақалдардың бірі – Тельман Шәріпұлы Мұқышев. Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Тельман Мұқышевке құрмет көрсетіп, естелік сыйлық табысталды.
Сондай-ақ бүгін өздерінің алғашқы рет азаматтық таңдауын жасауға келген 18 жасқа жаңа толған жастар да болды. Оларға да арнайы естелік сыйлықтар берілді. Бұл – жастардың ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді араласа бастағанының айқын көрінісі.
Учаскеде дауыс беру процесі өтіп жатыр. Комиссия мүшелері сайлаушыларды жедел әрі тәртіппен қабылдап отыр. Айта кету керек, биыл сайлаушылар тізімі анағұрлым нақты әрі толық жасақталғаны байқалды.
Сонымен қатар учаскеде барлық азаматтарға қолайлы жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы инклюзивті дауыс беру кабиналары орнатылған.
Түске қарай сайлаушылар белсенділігі айтарлықтай артты. Жалпы, тұрғындар бұл маңызды саяси үдеріске үлкен жауапкершілікпен қарап, жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне зор үмітпен қатысып жатыр.
Бұл өзгерістер қоғамның барлық әлеуметтік топтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, еліміздің демократиялық дамуына тың серпін береді деп сенемін», – деді Анар Сайлаубекқызы.
Бұған дейін Абай облысындағы референдум барысы туралы тәуелсіз байқаушының пікірін жариялаған болатынбыз.