Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Алматыда 14–35 жас аралығындағы жастардың саны 712 мыңнан асады. Бұл – қала халқының 32 пайызы. Ең бастысы, жастар қаланы көгалдандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісіне белсенді араласып келеді. Мәселен, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында шаһарда 5,7 мыңнан астам адамның қатысуымен 55-тен аса экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 1,8 мыңнан астам ерікті атсалысты.
Атап айтқанда, «Plastic Hunt», «Plastic-FREE Week», «Қағаз boom», «EcoQuest Almaty», «EcoQala Fest», «Эко-рейнджерлер» жобалары, сондай-ақ түрлі экологиялық челлендж мен ағартушылық акциялар оң нәтижесін берді. Сонымен қатар #ТазаSnap, #EcoSortChallenge, #EcoStyleDay, #ЭкоСана және «Эко-сторителлинг: Менің жасыл әдетім» секілді бастамаларға 3 мыңнан астам адам қатысқан. Бұдан бөлек, «EcoБақылау» рейдтері ұйымдастырылып, базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтарында «EcoСана» ақпараттық акциялары өткізілді. Алматының барлық ауданында жастардың, студенттер мен еріктілердің қатысуымен тұрақты түрде ауқымды сенбілік ұйымдастырылады.
Қаладағы 35 жоғары оқу орнында эколог мамандармен кездесулер, «Taza Student Campus» акциясы, қалдықтарды сұрыптауға арналған форсайт-сессиялар мен «Green Campus» алаңдары өткізілді. Оларға 2 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ Азаматтық авиация академиясында «Жасыл академия» экологиялық мәдениет орталығы жұмысын бастады.
Қазіргі таңда жастар комьюнити орталықтары тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта пластик бөтелкелерді қабылдайтын фандоматтар орнатылып, пластик қақпақтарды қайта өңдеуге жинау жүйесі жолға қойылған.
Комьюнити орталықтарының негізгі бағыттарының бірі – жастарға психологиялық және құқықтық көмек көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіби бағдар беру және кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдіру. Жыл басынан бері 210 мыңға жуық адамды қамтыған 980-нен астам іс-шара өткізілді. Ал жыл соңына дейін тағы төрт комьюнити орталығын ашу жоспарланып отыр.
Алматы халықаралық жастар орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Соның нәтижесінде қала Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесіне ие болды. Осы орайда былтыр алғаш рет 12 тамыз – Халықаралық жастар күні кең көлемде аталып өтіп, мыңдаған жастың басын қосқан «Alma Love» фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар заманауи урбанистикалық мәдениетті дамытуға бағытталған «City Makers» қалалық қауымдастықтар фестивалі де алғаш рет өткізілді.
Жастарды жұмыспен қамту бағытында да оң нәтиже бар. Мәселен, 2025 жылы 24,4 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылып, 12 мыңнан астамы түрлі оқу бағдарламасынан өтті. Соның нәтижесінде олардың 7,2 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. NEET санатындағы жастардың үлесі 6,4 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендесе, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызға дейін қысқарды. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 3,7 мың жас жұмысқа орналасқан.
Алғаш рет әкімдік деңгейінде ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру тетігі енгізілді. Осы мақсатқа 348 млн теңге бөлініп, 10 жобаны қолдау көзделді. Ғылыми зерттеулер экология, жасанды интеллект, энергетика, денсаулық сақтау, қалалық инфрақұрылым және цифрландыру бағыттарын қамтиды. Биылғы 20 мамырға дейін Алматы және еліміздің өзге аймақтарындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарынан 228 өтінім келіп түскен.
«Алматы жастардың жан-жақты дамуына және өзін-өзі жүзеге асыруына барлық мүмкіндік жасалған қала ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Бүгінде жастар білім, ғылым, еріктілік және әлеуметтік бастамалар арқылы қаланың қоғамдық өміріне белсене араласуда», дейді қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері.
АЛМАТЫ