Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларға қоныс аударған жастардың бірден жоғары жалақы ұсынатын жұмыс тауып, орнығып кетуі екіталай. Тұрақты жұмысы болса да, тапқаны жалдаған пәтерінен артылмайтын жастарға, жас отбасыларға мемлекет қажетінше қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі – 2019 жылы іске қосылған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы. Талай жастың арманына қанат байлаған бағдарлама осы аралықта міндетін толық орындады деп айтуға болады.
Биыл 9 қаңтарда Құрылыс кодексіне қол қойылып, заңнамаға, соның ішінде жастар саясаты жөніндегі жекелеген тетіктерді реттеуге байланысты нормаларға өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес 27 наурыздағы бұйрық негізінде «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бірқатар бұйрықтың күші жойылды. Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтады.
Бағдарламаның шарты, мүмкіндігі туралы осыған дейін бірнеше мәрте жаздық. Пәтерді жалға алған мерзімде өз үйіне деп алғашқы жарна жинаған тұрғындардың сәтті мысалын нақты келтірдік. Мемлекет ұсынған пәтерде уақытша тұрып келген азаматтарды жергілікті әкімдік барынша қолдады. Азын-аулақ алғашқы жарнасы барларға «Отбасы банкпен» бірге жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндік жасады.
Жалдамалы тұрғын үй бастапқыда 5 жылға дейін жалға берілсе, кейінгілер 3 жыл уақытша тұруға шарт жасады. Өкініштісі, екінің біріне берілмейтін мүмкіндікті жастардың барлығы сәтті пайдаланды деп айта алмаймыз. Себебі тұрақты жұмысы болса да келісімшарт уақыты аяқталған соң, пәтерін қайтарғысы келмегендер болды. Олар бағдарламаның шартын жақсы білсе де, бейқам жүріп, алғашқы жарнасын жинап үлгермеген. Жергілікті әкімдіктер осындай отбасыларға да барынша заң аясында көмек қолын созып бақты. Себебі заң жүзінде жалдамалы пәтерді ешкім өз меншігіне қалдыра алмайды. Дәл осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.
«Бұл бағдарлама Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзімге жас мамандарға қолжетімді баспана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауына ықпал ету. Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді – 5 мың теңге мен 15 мың теңге аралығында болды. Бағдарлама 10 мыңнан аса жасты қамтыды. Оның шарты бастапқыда келісімшарт арқылы бекітіліп, кезеңдер бойынша параметрлер нақтыланды. Соның ішінде тұрғын үй беру мерзімі өзгерді. Негізгі қағидат өзгеріссіз қалды: яғни тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Бұл ретте кейбір азаматтардың пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенін жақсы түсінеміз. Алайда мемлекеттік шешімдер заңнамаға, барлығына бірдей ережелерге негізделуі керек. Егер келісімшартта, ережелерде сатып алу қарастырылмаған болса, онда оны өзгерту басқа азаматтар мен қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді», дейді вице-премьер.
Нақты санға тоқталсақ, 2019 жылдан бері тек Астана қаласы бойынша 3 220 жалдамалы пәтер берілген. Оның ішінде 1 350 азамат тұрғын үйді босатса, 1 577 тұрғынның жалдау шарты әлі аяқталмаған. Жалдамалы пәтерден кейін алғашқы жарна жинап үлгерген 626 адам бірден өз үйіне қоныс аударған. Алғашында бағдарламаға 29 жасқа дейінгі азаматтар ғана үміткер болса, беріде 2023 жылғы түзетулерге сәйкес, қатысушылардың жасы 34 жасқа дейін өсті. Іріктеуде тұрақты жұмысы бар, нарықта сұранысқа ие мамандықты меңгерген азаматтардан ғана өтініш қабылданған. Одан әрі үміткерлер жұмысына, отбасылық жағдайына, мұқтаждығына қарай іріктелді. Яғни отбасылы, бала тәрбиелеп отырған жастардың әлеуметтік жағдайы ескерілді. Мемлекет ұсынған мүмкіндікке ие болған жастардың алғашқы легі сатып алу құқығынсыз жалға алған пәтерін қайтарып үлгерсе, кейінгілер де осы қағидамен үйді босатады. Себебі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында баспанаға аса мұқтаж әлеуметтік осал топтар бар. Оның ішінде көпбалалы, асыраушысынан айырылған, мүгедек бала тәрибелеп отырған, басқа да күрделі жағдайда күн көріп жүрген отбасылардың ертеңі алаңдатады.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Әрине, жалдамалы пәтерге алғашқы жарна жинап үлгермеген жастардың барлығын жазғыра алмаймыз. Амалдың жоғынан қаржылық қиындыққа тап болған отбасылар бар. Олар да ертең қаржылық жағдайы тұрақталған соң, еңсе тіктеп, тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады.
«Ең маңыздысы, мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қосымша жаңа, тұрақты бағдарламалар ұсынылды. Мәселен, «Отбасы банкімен» бірлесіп, 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Соның аясында 12 мыңға жуық жас маман жаңа пәтерге ие болды. Оның 1,6 мыңнан астамы – жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары. Сондай-ақ жас азаматтар «Отау», «Наурыз», «Наурыз Жұмыскер» республикалық бағдарламалары арқылы баспаналы болды. Бүгінде барлық мақұлданған өтінімдердің 62%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі», деді А.Балаева.
Иә, жастар «Отбасы банктің» ұсынатын жеңілдіктерінен бөлек, «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Қарағанды жастары», «Алатау жастары», «Әулиеата жастары», «Атырау жастары», «Қостанай жастары» сынды өңірдегі бағдарламалардың шарапатын көріп келеді. Мысалы, Астана қаласының Тұрғын үй қоры сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерде тұратын, жұмыс істейтін жастар арасында «Отбасы банктің» немесе «Елорда жастары» бағдарламасына қатысу жөнінде түсіндіруді жалғастырып жатыр. Мекеме қызметкерлері жекелеген азаматтармен кездесіп, тұрғын үй алудың мүмкіндігі туралы кеңес беруден де аянбады. Осының арқасында пәтер жалдаған жастардың ішінде алғашқы жарна жинап, үйлі болғандардың үлесі көбейді. Бағдарламаны тиімді пайдаланғандардың ішінен Астана тұрғыны Алдияр Орынбасарұлының тәжірибесін мысал етсек, болады. Кейіпкеріміз 2010 жылы Астана медицина университетіне оқуға түсіп, қалада тұрақтап қалған. Медицинада тоғыз жыл оқып, қазір осы салада еңбек етіп жүрген жайы бар.
«Бағдарлама іске асқан жылы-ақ құжаттарымызды түгендеп, үміткерлердің қатарына қосылдық. Ол кез үйленгенмін, бір баламыз болды. Комиссия жұмыс орнымызға, баламызға қарады. Конкурстан жоғары ұпай жинаған соң, жалдамалы пәтер бұйырды. Шоқан Уәлиханов көшесінің бойындағы бір бөлмелі жалдамалы пәтерде уақытша тұратын болдық. Жалдамалы үйге айына 6 660 теңге ғана төледік. Осындай мүмкіндікті біз де барынша сәтті пайдалануға тырыстық. Жалақының бір бөлігін жинауға кірістік. Қазір отбасымыз толықты, екі баламыз бар. «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы қаладан өз баспанамызды алдық», дейді А.Орынбасарұлы.
Сайып келгенде, босаған үйлерді тұрғын үй кезегіндегі мұқтаж отбасыларға үлестіру мәселесін жергілікті әкімдіктер заң аясында өздері реттейді. Тиісінше, тұрғын үй жалдау мерзімі аяқталғандар шарт талаптары мен бекітілген тәртіп шеңберінде пәтерді өткізеді. Ал жалдау мерзімі әлі тоқтамағандар келісімшарт аяқталғанға дейін пәтерде тұра алады. Тұрақты жұмысы бар талай жасқа мүмкіндік сыйлаған бағдарламаның баяны – осындай.
Соңғы жаңалықтар
Табыс теңгерімі: Жалақы мен баға арақатынасы
Экономика • Бүгін, 08:17
Жүгері өңдеу зауытының құрылысы басталды
Құрылыс • Бүгін, 08:15
Қазақстан • Бүгін, 08:13
Шаруашылық • Бүгін, 08:10
Ата заң нормаларын танымалдандыру маңызды
Ата заң • Бүгін, 08:07
Президент тапсырмасына сай экономиканы ырықтандыру жайы пысықталды
Саясат • Бүгін, 08:05
Геологиялық әлеуетті күшейту – басым бағыт
Саясат • Бүгін, 08:03
Саясат • Бүгін, 08:00
Қытай блогері «Достық» орденімен марапатталды
Саясат • Бүгін, 07:57
Парламентаралық диалог: Жоғары деңгейдегі сенім мен түсіністік
Саясат • Бүгін, 07:55
Ауыл шаруашылығын цифрлық бақылауға алу қажет
Сенат • Бүгін, 07:50
Саясат • Бүгін, 07:45
Қоғам • Кеше
Жәнібек Әлімханұлы әлемдік рейтингтен шығып қалды
Спорт • Кеше
Ертең еліміздің бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Кеше