Жастарға сенім жаңа кадрлық саясат

12.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы басымдықтардың бірі жастарға деген жауапкершілік пен зор сенім артудан көрініс тауып отыр.

Жастарға сенім – мемлекеттің стратегиялық ұстанымына айналды. Жастар кадр резервтері соның айқын айғағы.  

Президенттік жастар кадр резерві – қазіргі еліміздегі ең маңызды HR жобалардың бірі. Мемлекет басшысының тікелей  бастамасымен қолға алынған бұл жоба мемлекеттік қызметті жаңғыртудың және заман талабына тиімді жауап бере алатын, елдің орнықты дамуын қамтамасыз ететін басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруды көздейді.

Президенттік жастар кадр резервін құру идеясы алғаш рет Мемлекет басшысының 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастамалардың бірі болды. Сол жылдың күзінде алғашқы іріктеу өткізіліп, қорытындысына сәйкес резервке 300 жас маман қабылданды.

Алғашқы іріктеуге қатысушыларға арнаған сөзінде 

Мемлекет басшысы білімді, еңбекқор, отаншыл жастардың еліміздің орнықты дамуының басты қозғаушы күші және жаңару үдерісі өзінің ішкі саяси бағытындағы басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. Осы айтылғандар тек бағдарламалық мәлімдеме ғана емес, мемлекеттік кадр саясатын жүйелі түрде жаңғыртудың басты бағытына айналды. 

Жобаны іске асырудың алғашқы нәтижелері бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Адами капиталға салынған инвестициялар мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың маңызды факторларының бірі, ал дарынды жастарды анықтау, олардың әлеуетін дамыту және қызметте ілгерілету мемлекеттік кадр саясатының стратегиялық басымдығы болып отыр. Осылайша Президенттік жастар кадр резерві мемлекеттік аппаратқа білімді жас мамандарды тартудың тиімді тетігі ретінде қалыптасты. 

Жоба өзінің сұранысқа ие екенін толық көрсетті. Елімізде басқарушы кадрларды іріктеудің ашық конкурсқа, айқын рәсімдерге және үміткерлердің кәсіби әрі жеке құзыреттерін әділ бағалауға негізделген жаңа жолы қалыптасты. Бұл жас мамандардың өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігін едәуір арттырып, мемлекеттік басқару жүйесіне білікті кадрларды тартуға және мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғыртуға қолайлы мүмкіндіктер тудырды. 

Аз ғана уақыт ішінде Президенттік жастар кадр резерві Мемлекет басшысының жаңа бастамасынан еліміздің кадрлық әлеуетін қалыптастыратын негізгі институттардың біріне айналды. Жобаға деген жоғары қызығушылық төрт іріктеу кезеңінің нәтижелерінен айқын көрініс тапты. Жалпы төрт рет өткізілген іріктеу көрсеткендей Резерв құрамына кіруге ниет білдіргендердің саны 98 мыңнан асты, олардың ішінен ең білікті әрі ынталы 450 маман Президенттік жастар кадр резервінің құрамына қабылданды.

Іріктеу барысында үміткерлердің кәсіби білімі, ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті, стратегиялық ойлау деңгейі, көшбасшылық қасиеттері, құндылықтары және басқарушылық  әлеуеті бағаланады. Заманауи цифрлық технологиялардың қолданылуы іріктеу үдерісін барынша ашық, қолжетімді және ыңғайлы етті. Соның арқасында Қазақстанның барлық өңірлерінде тұратын, сондай-ақ шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да конкурсқа еркін қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Президенттік жастар кадр резерві мемлекеттік басқару жүйесіне қойылатын жаңа талаптарды ескере отырып, іріктеу тетіктерін жетілдіру арқылы тұрақты түрде дамып келеді. Әрбір жаңа іріктеуде үміткерлерді әділ бағалауға, олардың қабілеті мен әлеуетін дұрыс анықтауға және мемлекеттік аппаратқа қажетті білікті мамандарды таңдауға мүмкіндік беретін заманауи тәсілдер қолданылды. 

Мәселен, 2025 жылғы 1 маусымда басталған төртінші іріктеудің басты ерекшелігі – кандидаттар алты салалық бағыт бойынша іріктеуге қатысып, әр бағытта теңгерімділік қағидаты сақталды. Бұл тәсіл мемлекеттік басқарудың түрлі салаларының қажеттіліктерін ескере отырып, кадр резервін барынша тиімді әрі теңгерімді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Іріктеу бағыттарына әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам, инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп және сауда саясаты, цифрландыру, экономикалық және қаржылық саясат, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ сыртқы саясат және инвестициялар салалары кірді.

Жобаның басты қағидалары – ашықтық, әділдік және үміткерлердің басқарушылық қабілетін жан-жақты бағалау тұрақты сақталып келеді. 

Қазіргі таңда резервке енген мамандардың 78,4%-ы мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет атқаруда. Олардың 37%-дан астамы қызмет барысында екі реттен аса мансаптық ілгерілеуден өтті.

Жобаның басты жетістіктерінің бірі – меритократия қағидатын нақты жүзеге асыру. Яғни, азаматтардың шығу тегіне, тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, ең білікті әрі кәсіби дайын мамандарды ілгерілету. Президенттік жастар кадр резерві тең мүмкіндік берілген жағдайда жаңа буын өкілдері мемлекеттік дамудың күрделі міндеттерін шешуге жауапкершілікпен атсалыса алатынын іс жүзінде көрсетті.

Мемлекет басшысының өзі де жастар кадр резерві өкілдерімен кездесуінде бұл жобаның елдің баянды болашағы жолындағы маңыздылығына жан-жақты тоқталып өткен болатын. 

Кадрлық саясатты қалыптастыруда жастарға берілген басымдылық Президенттік жастар кадр резервімен шектелмейді. Осы саясаттың жалғасы ретінде Өңірлік кадр резервтерін қалыптастыру қолға алынды. 

2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық аймақтарында алғаш рет облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана үшін Өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу өткізілді. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарға қажетті жас әрі білікті мамандар резерві қалыптастырылды. Бұл аймақтардағы талантты жас мамандарды анықтап, олардың мемлекеттік қызметке келуіне және өз қабілеттерін көрсетуіне жол ашты. 

Іріктеу нәтижесінде Өңірлік кадр резервіне 505 азамат қабылданып, уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу арқылы жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурссыз орналасу мүмкіндігіне ие болды Бұл өңірлерге білікті мамандарды тарту, жергілікті кадрлық әлеуетті дамыту және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам болып отыр.

Өңірлік кадр резервтеріне қосымша ретінде 2023 және 2025 жылдары Президенттік жастар кадр резервіне (ПЖКР) іріктеуге қатысқан, Ұлттық комиссия отырысында қаралған, алайда ПЖКР құрамына енгізілмеген 50 адам іріктеу жүргізілмей өңірлік резервке алынды. Қазіргі уақытта өңірлік кадр резервіне есепке алынған жалпы 551 резервшінің 50,9%-ы жұмысқа орналастырылды. 

Бұл ретте мұның барлығын тәжірибелі мамандарды жастармен алмастыру жұмысы екен деп түсінбеу керек. Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттағы жинақталған тәжірибе мен сабақтастықты сақтаудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Себебі институционалдық жады мемлекеттік жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне және кәсіби тәжірибенің кейінгі буынға берілуіне мүмкіндік береді. Бүгінгі кадр саясаты жас әрі білікті мамандарды тартумен қатар, аға буынның тәжірибесін пайдалану мен мемлекеттік қызметтің үздік дәстүрлерін сақтауды көздейді. Осы бағытта тәлімгерлік институты –  маңызды құралдардың бірі.

Жастар кадр резервтері еліміздің жастарына үлкен қолдау болып отыр. Сонымен қатар сапалы кадрларды елдің ішінен іріктеп алуға зор мүмкіндік тудырды. Біз аталған резервтерге білімді, алғыр, бастамашыл, инновациялық ойлай алатын жастарды іріктеуді тұрақты жолға қою арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруды жүзеге асырып келеміз.

«Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты қозғаушы күші. Президент атап өткендей, «Жастар кадр резерві – мемлекеттің резерві».

Кадр саясатын жаңартудың тағы бір маңызды бағыты – отандық жоғары оқу орындарын жоғары көрсеткішпен  бітірген түлектер үшін қосымша мүмкіндіктер жасау болып табылады. Жоғары академиялық көрсеткіштері бар жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында оларға «Б» корпусының жекелеген әкімшілік мемлекеттік лауазымдарын конкурстық іріктеусіз атқару мүмкіндігі берілді. Яғни, алдымен оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткіштерге (GPA 3,33-ден жоғары) жеткен түлектер, енді аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алатын болды. Нәтижесінде, елімізде оқу көрсеткіші 3,33 баллдан төмен емес 845 маман лауазымдарға конкурс өткізілместен орналасты. 

Конкурстан тыс тағайындалған түлектердің 497-і аудандық және 348-і ауылдық деңгейдегі лауазымдарға тағайындалған. Мемлекеттік қызмет жүйесіне алғаш енгізілген бұл жаңашылдық білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, жас мамандарды өз ауылдары мен аудандарына қайтаруға, өңірлердегі кадр тапшылығын төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіру рәсімін жеңілдетуге ықпал етті. Бұл жас мамандардың өңірлерге, алыс ауылдарға барып, жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамының білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.

Биылғы жылы 19 мамырдағы қабылданған Мемлекеттік қызмет туралы Заңның жаңа редакциясында аталған институтты дамыту мақсатында, түлектерді бос әкімшілік лауазымға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде (грант) конкурстан тыс тағайындау талабы алынды. Соған сәйкес, енді мемлекеттік қызметке тек грант бойынша білім алған түлектер ғана емес, ақылы түрде оқып, жоғары үлгерім көрсеткен түлектер де мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындала алады. Мұның барлығы мемлекеттік қызметтің жастар үшін кәсіби мансап жолының бастапқы кезеңінен-ақ тартымды салаға айналуына ықпал етуде.

Мемлекеттік қызметке жастарды тарту жұмыстары осы айтылғандармен шектелмейді. Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңға сәйкес, жастарды ерте жастан мемлекеттік қызметке баулуды көздейтін ерте бағдарлау Институты құрылатын болады. Аталған институт дарынды жастарды мектеп жасынан бастап мемлекеттік қызметке ынталандыруға бағытталған. Жоспарға сәйкес даярлау екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі, бакалавриат бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметтегі төменгі лауазымдарға орналасуға даярлау болса, екіншісі магистратура бағдарламасы бойынша басшы лауазымдарға орналасуға даярлау.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке қызығушылықты қалыптастыруға, мемлекеттік қызмет жүйесі туралы ақпарат беруге, даярлау бағдарламаларымен таныстыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметші кәсібін саналы түрде таңдауға жәрдемдесуге бағытталатын даярлау аясында 11 (12) сынып оқушыларымен кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізілуі көзделіп отыр.

Осылайша кадрлық әлеуетті дамыту жұмысы жастардың мемлекеттік қызметке келуінен әлдеқайда ертерек басталады. Мектеп оқушылары мен студенттердің мемлекеттік басқару саласына қызығушылығын арттыру, тиімді басқару тәжірибелерімен таныстыру және болашақта кәсіби тұрғыда өз орнын табу мүмкіндіктерін көрсету бағытында жұмыстар жүргізіледі. Бұл тәсіл жастардың мемлекеттік қызмет туралы түсінігін кеңейтіп қана қоймай, осы саланың басты құндылықтарын – жауапкершілік, адалдық, кәсібилік және халыққа қызмет ету ұстанымдарын бойына сіңіруге мүмкіндік береді.

Жас ұрпаққа деген сенім – оның әлеуетін ескеру ғана емес, елдің болашағына жасалған сенімді қадам. Бүгінде жас мамандар кәсіби тұрғыда дамуға, басқарушылық шешімдер қабылдауға атсалысуға және ел дамуына үлес қосатын маңызды қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты мүмкіндік алып отыр.

Мұның барлығы Мемлекет басшысының жастарды іс жүзінде қолдауының айқын көрінісі. Президенттің тікелей бастамасымен жастар үшін жасалып жатқан нақты мүмкіндіктер.

Мемлекет басшысы өзі де «Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда» деп атап өткен болатын.

Президенттік жастар кадр резерві, өңірлік кадр резервтері, жоғары оқу орындарының түлектерін мемлекеттік қызметке тартудың жаңа тетіктері және жастарға ерте кәсіби бағдар беруді жүзеге асыру бұл – мемлекеттің жастарға қатысты кадр саясатының бірегей жүйесі. Олардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге қабілетті, кәсіби әрі тиімді мемлекеттік қызметшілер корпусын қалыптастыру. Бұл ретте жастардың бойындағы білім, күш-жігер мен әлеуетті ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау маңызды. 

«Жаңа адамдар» жастар форумында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында» деп атап өтті.

 Мемлекет басшысы сондай-ақ «Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады» - деген болатын.  

Президенттің бастамасымен қолға алынған жастар кадр резервтерін қалыптастыру және жастардың әлеуетін еліміздің дамуына бағыттау жұмыстары осылайша кешенді түрде жүргізіліп келеді. Ол алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» деген Мағжан ақынның заманында айтқан сөзі бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.  

Мемлекеттің басты капиталы – адам. Ал оның ертеңгі дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі күш – жастар. Сондықтан жастардың мемлекеттік қызметке келуі тек кадр құрамын жаңарту мәселесі емес, мемлекеттің болашақ бейнесін қалыптастыратын стратегиялық таңдау.

Жастар ұғымын тек жас ерекшелігімен байланыстыру жеткіліксіз. Шынайы мағынада жастар – өзгерістерді қабылдай алатын, жаңа мүмкіндіктерді көре білетін және болашаққа жаңаша көзқараспен қарайтын буын. Бүгінгі жас мемлекеттік қызметші – тәуелсіз Қазақстанда қалыптасқан жаңа ұрпақтың өкілі. Ол цифрлық дәуірдің талаптарына бейімделген, қоғамның жаңа сұраныстарын түсінетін, өзгерістерге тез икемделетін және стратегиялық ойлай алатын маман. 

Қазіргі әлемнің қарқынды өзгеруі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды да өзгертуде. Технологиялардың дамуы, қоғамдық қатынастардың жаңаруы және мемлекеттік басқарудың жаңа модельдерінің қалыптасуы жағдайында мемлекетке жаңа жағдайларға бейімделіп, тиімді шешім қабылдай алатын, инновациялық ойлайтын және болашақтағы өзгерістерді алдын ала болжайтын мамандар қажет. Сондықтан жастардың мемлекеттік басқаруға келуі – мемлекеттік органдардағы бос орындарды толықтыру ғана емес, басқару жүйесіне жаңа мәдениет, жаңа тәсілдер мен тың идеялар енгізудің мүмкіндігі.

Алайда тиімді мемлекеттік басқару тек жаңашылдыққа емес, ұрпақтар сабақтастығына да негізделуі тиіс. Осы тұрғыда Президенттің мемлекеттік аппарат үшін институционалдық жадтың маңызы зор екендігі және өз қызметін жоғары деңгейде атқарып, мол тәжірибесі мен институционалдық жадын мемлекеттік қызметтің игілігіне тиімді пайдаланып жүрген мамандарды сақтаудың маңыздылығы туралы пікірін ескеру қажет.

Олай болса жаңа кадрлық саясатта жастарға басымдылық беруді тәжірибелі мамандардың орынын ауыстыру деп түсінуге болмайды. Аға буын кәсіби тәжірибені, институционалдық жадыны және мемлекеттік қызметтің дәстүрлерін сақтайды. Ал жас буын жаңа көзқарас, инновациялық шешімдер және даму серпінін әкеледі. Тәжірибесіз жаңашылдық қателікке ұрындыруы мүмкін, ал жаңашылдықсыз тәжірибе тоқырауға әкеледі. Сондықтан тұрақты әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесі тәжірибе мен жаңашылдықтың үйлесімі арқылы  қалыптасады.

Осы тұрғыдан алғанда, жастарға берілетін басымдылықтың негізгі мақсаты – бір ұрпақты екіншісімен алмастыру емес, олардың өзара сабақтастығын қамтамасыз ету. Жастарға мүмкіндік беру – бүгінгі күннің қажеттілігі ғана емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен орнықты дамуына салынған стратегиялық инвестиция.

Жастарға деген көзқарас – мемлекеттің өзінің болашағына деген көзқарасы. Жастар тек қолдау алушы әлеуметтік топ ретінде қарастырылмай, жауапкершілік жүктелетін, шешім қабылдауға қабілетті және елдің дамуына үлес қосатын стратегиялық ресурс ретінде бағалануы тиіс. Мемлекет басшысының кадрлық саясатта жастарға басымдық беруінің мәні осында. Бұл – уақыт талабын  мойындау, жастарға сенім арту және болашақты бүгіннен қалыптастырудың айқын көрінісі. 

Дархан ЖАЗЫҚБАЙ, Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің төрағасы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью