Жасыл энергетика саласындағы келісімді ратификациялады

29.01.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

2024 жылғы 12 қарашада Баку қа­ла­сында қол қойылған Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) са­ласындағы жобаларды іске асыру ту­ралы келісімді ратификациялау тура­­лы заң жобасын депутаттарға Энерге­ти­ка министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды. 

– Бұл келісім тұрақты әрі «жасыл» энер­гетика саласындағы екіжақты ынты­мақ­тастықты дамытудың маңызды кезеңі болып саналады. Келісімнің мақсаты – ұзақмерзімді және өзара тиімді ынты­мақтастықты дамыту, энер­гия өндіру мен жинақтаудың зама­науи технологияларын енгізу, сондай-ақ еліміздің өңірлерінің тұрақты әлеу­меттік-экономикалық дамуына жәрдем­десу, – деді министр. 

Оның айтуынша, келісім аясында жалпы қуаты 1,5 ГВт болатын үш жел элек­тр стансасын және қуаты 300 МВт болатын бір күн электр стан­сасын салу жоспарланып отыр. Энергетика ми­нистрі бұл жобалар мемлекетаралық ынты­мақтастық шеңберінде Қазақстанда іске асырылып жатқан ЖЭК саласындағы ең ауқымды жобалардың қатарына жата­тынын атап өтті. Жобаларды Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында жүзеге асыру көзделген. 

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Экология мәсе­ле­лері және табиғатты пайдалану ко­митетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин өз сөзінде аталған Үкіметаралық Келісім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп жүрген климаттық саясат, экология және энергетикалық қауіпсіздік бағыттарымен тікелей байланысты екеніне назар аударды. 

– Қазір Қазақстанның энергетикалық жүйесі күрделі кезеңнен өтуде. Электр қуатына деген сұраныс жыл санап артып келеді, ал ең жоғары жүктеме сағаттарында жекелеген өңірлерде энергия тапшылығы байқалады. Генерация құрылымында көмірге тәуелділіктің жоғары болуы экологиялық жүктемені арттырып қана қоймай, энергиялық жүйенің маневрлік және теңгерім мүмкіндіктерін шектейді. Мұндай жағдайда жаңартылатын энер­гия көздерін дамыту – таңдау емес, объек­тивті қажеттілік, – деп атап өтті Еділ Жаң­быршин. 

Салалық комитет төрағасы Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес 2030 жылға қарай елдің энергиялық баланстағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін кемінде 15 пайызға жеткізу қажет екенін де еске салды. 

Депутаттар министрге ЖЭК-ті электр энергиясын жалпы тарату желісіне интеграциялау шарттары, тұтынушылар үшін тариф жүктемесінің өсуіне жол бермеу шаралары, ЖЭК құрылысындағы жергілікті қамту үлесіне қойылатын талап­тар және басқа да мәселелер бойынша сұрақ қойды. 

Министр Ерлан Ақкенженов депу­тат Олжас Құспековтің жел электр станса­ларын салу үшін аталған өңірлердің таңдалу себептері туралы сұрағына жауап беріп, Қарағанды және Павлодар облыстары жел ресурсына бай екенін айтты. Сонымен қатар бұл аймақтарда өнеркәсіптің дамуы­на байланысты электр энергиясына сұраныс артып келе жатқанын, алдағы уақытта деректерді өңдеу орталығын салу жоспарланып отырғанын жеткізді. 

Сондай-ақ Мәжіліс 2024 жылғы 6 қа­­рашада Бішкекте жасалған Түркі мем­лекеттері ұйымының Азаматтық қор­ғау тетігін құру туралы келісімді рати­фикация­лады.

Төтенше жағдайлар министрінің мін­детін атқарушы Кеген Тұрсынбаев өз баяндамасында бұл құжат мүше мемле­кеттер мен бақылаушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа елдердің аумағында туындауы мүмкін табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою тетігін құруға бағытталғанын айтты. 

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Аян Зейнуллиннің айтуынша, Азаматтық қорғау тетігінің негізгі функцияларына төтенше жағдай­ларға ден қою, адам өмірі мен мүлкін құтқару, медициналық көмек көрсету, жедел байланысты қамтамасыз ету, қауіп-қатерлерді мониторингтеу және талдау, уақытша баспана ұсыну, апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ олардың алдын алу және дайындықты қамтамасыз ету жатады. Маңызды бағыттардың бірі – төтенше жағдайды басқару саласында жұмыс істейтін барлық деңгейдегі пер­со­налдың кәсіби құзыретін арттыру мақ­сатымен өндірістен қол үзбей, бірыңғай кәсіби даярлау стандарттарын әзірлеу, теориялық және практикалық оқу бағдар­ламаларын ұйымдастыру. 

Бұдан бөлек, жалпы отырыста Мә­жілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Рес­публикасының ерекше міндеттеме­ле­рінің тізбесіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын, сондай-ақ Еуразиялық эко­номикалық одақ пен оған мүше мемле­кеттер және Моңғолия арасында­ғы уа­қытша сауда келісімін ратифика­циялау туралы заң жо­басын жұмысқа қабылдады. 

Жалпы отырыстың соңында депутаттар әлеуметтік және экономикалық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік орган­­­дарға 19 депутаттық сауал жолдады. Олар­дың барлығы Мәжілістің ресми сай­­­тында және Telegram-арнасында жа­рияланған.

Кербез ЕСІМ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью