Жасыл сутегі өндіретін кешен

11.07.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Бұл – еліміздегі толық циклді әрі қанатқақты жоба. Жаңа кешенді «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС іске қосты. Компания мамандарының түсіндіруінше, бұл жобаның құрылысы былтырғы маусым айында 200 кВт күн электр энергиясын өндіретін 336 модульді стансаны орнатудан басталған. Соның нәтижесінде жылына шамамен 12 млн теңге үнемделіпті. Қазір контейнерлік электролиз қондырғысы іске қосылды.

Аталған қондырғыда күн сәулесінен энергия жинап, сутегіні өндіруді, нысанды жылытуды, электр көзімен қамтамасыз ететін толық цикл бар. Мұнда газды сақтау, тасымалдау және гибридті жүйелерде аралас пайдалануда түрлі шешімдер сыналады. Жұмысын енді бастаған жаңа өндіріс орны алдымен электр қуатымен қамтамасыз етеді. Екіншіден, оны инженерлік-зерттеу платформасы ретінде пайдалану көзделіп отыр.

Компанияның Атырау филиалында сутегі технологияларын зерттейтін арнайы зертхана ашылды. Мұны мамандар қанатқақты жобаның негізгі алаңы әрі сутегі энергетикасы бойынша құзыреттер орталығының маңызды элементі ретінде бағалап отыр. Зертханада отандық ғылыми топ сутегіні сақтауға арналған титан-темір қорытпаларының алғашқы үлгілерін жасап шығарды. Оған зертхана меңгерушісі, PhD Сәуле Жолдаяқова жетекшілік етті.

Жаңа үлгінің қандай ерекшелігі бар? Зертхана меңгерушісі Сәуле Жолдаяқованың айтуынша, біріншіден, отандық ғалымдар әзірлеген металл гидридтер сутегіні бөлме температурасында сақтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, осындай үлгінің нәтижесінде сутегіні тасымалдау әлдеқайда қауіпсіз әрі оның құны арзан болады. Өйткені сутегіге күрделі салқындату мен өте жоғары қысым қажет емес.

«Атырау қаласында өндіріліп жатқан жасыл сутегіні зертханадағы зерттеу жұмысына қолданамыз. Сутегіні талапқа сай сақтау, тасымалдауға қатысты жұмысты жалғастырамыз. Осы мақсатта ғимараттың шатырында күн панельдері орнатылды. Мұндай панельдерде жиналған электр энергиясын электролиз қондырғысына жібереміз. Мұнда сутегіні өндіру көрсеткіші – 5 нм³. Қуаты 10 кВт дейін жетеді. Қазір жасыл сутегінің бағасы орташа есеппен 5-6 доллар шамасын құрайды. Бұл 1 кило бензин мен көмір бағасымен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Дегенмен, технологиялардың дамуына байланысты бұл бағаны төмендету үдерісі байқалып келеді. Қазір көптеген ел оның құнын 1-2 долларға төмендетуді көздеп отыр», дейді С.Жолдаяқова.

Елімізде алғаш рет қолға алынған жасыл сутегінің бағасын арзандату мүмкін бе? Зертхана меңгерушісінің пікірінше, оның бір ғана жолы бар. Бұл – сутегіні қолдану аясын кеңейту.

«Кез келген тауардың бағасы тұтыну нарығына байланысты құбылады. Мәселен, бұдан 20 жыл бұрын күн панелін орнату мүлде мүмкін емес еді. Сол кезде оның бағасы қымбат болды. Алайда қазір көмір мен күннен алатын электр тоғының бағасы бірдей деңгейде екенін байқап отырмыз. Сондықтан сутегі энергиясын өндірісте пайдалану аясын кеңейту қажет. Сол кезде оның бағасы арзандап, экономикалық тиімділігі арта түседі», дейді ол.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбек Құлекеевтің пікірінше, жасыл сутегіні өндіру – еліміз үшін елеулі оқиға. Дегенмен, сутегіні алу, оны сақтау, тасымалдау, қауіпсіз пайдалану мәселелері әлі де жан-жақты зерттелуі қажет.

«Жасыл сутегі – болашақтағы энергия көзінің бірі. Бұл қоршаған ортаға зиян келтірмейді, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Кез келген елдің өзін тәуелсіз энергиямен қамтамасыз ететін жобаға айналып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда да ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Атырауда жасыл сутегі өндіруге қадам жасалды», дейді Ж.Құлекеев.

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью