Жасыл түске боялған Есіл жұртты алаңдатып қойды: Астанада өзен қалай тазартылып жатыр

08.08.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Жаз мезгілінде қалалық қызметтер мен экологтар Есіл өзені мен оның жағалауын тазарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Оған балдырлар мен қоқысты тазарту, сондай-ақ заманауи биологиялық тазарту әдістерін қолдану кіреді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Мамандардың мәліметінше, биыл Есіл өзенінің жекелеген учаскелерінде балдырдың көбеюі көпжылдық көрсеткіштен асып түскен. Бұған ауа температурасының қалыптан тыс жоғары болуы мен су деңгейінің төмендеуі негізгі себеп болып отыр.

Бұдан бөлек, азот пен фосфор қосылыстары сияқты биогендік заттар, сондай-ақ органикалық ластағыштар қосымша салмақ түсіреді.

© Photo : Астана әкімдігінің ресми сайтыАстанада Есіл өзенін тазарту бойынша кешенді жұмыстар жүріп жатыр

Астанада Есіл өзенін тазарту бойынша кешенді жұмыстар жүріп жатыр

© Photo : Астана әкімдігінің ресми сайты

"Сарапшылардың айтуынша, Есіл өзені мен оның Сарыбұлақ және Ақбұлақ жылғаларына рұқсатсыз ағынды сулардың төгілу ықтималдығын да толық жоққа шығаруға болмайды. Бұл факторлардың барлығы балдырдың қарқынды көбеюіне ықпал етеді. Өзен акваториясында күн сайын санитарлық тазалау жұмысы жүргізіледі. Қамыс шабатын техникалар, су өсімдіктерін жинауға арналған арнайы понтондар мен жүзу құралдары балдырлар көп жиналған учаскелерді тазарту үшін пайдаланылады", - делінген хабарламада.

Су айналымы баяу, тұрып қалған учаскелерде жасыл микробалдыр – хлорелла суспензиясын қолдану жоспарланып отыр.

Бұл әдіс химиялық заттарды қолдануға экологиялық тұрғыдан қауіпсіз балама ретінде қарастырылады. Хлорелла азот пен фосфор қосылыстарын – көк-жасыл балдырлардың көбеюіне ықпал ететін қоректік заттарды белсенді түрде сіңіреді. Соның нәтижесінде олардың өсуін тежеп, су айдынындағы табиғи биологиялық тепе-теңдіктің қалпына келуіне ықпал етеді.

© Photo : Астана әкімдігінің ресми сайтыАстанада Есіл өзенін тазарту бойынша кешенді жұмыстар жүріп жатыр

Астанада Есіл өзенін тазарту бойынша кешенді жұмыстар жүріп жатыр

© Photo : Астана әкімдігінің ресми сайты

"Фотосинтез процесі кезінде хлорелла суды оттегімен байытып, балықтар мен басқа да су жануарлары үшін қолайлы орта қалыптастырады. Сондай-ақ судың табиғи жолмен өздігінен тазаруына әсер етеді. Мамандардың айтуынша, қолданылатын хлорелла суспензиясы улы емес әрі су экожүйесіне, оның ішінде балықтарға, құстарға және су өсімдіктеріне қауіпсіз", - деп хабарлады әкімдік.

Экологтар хлорелланы қолданудың нәтижесі бірден байқалмайтынын айтады. Алғашқы нәтиже бірнеше аптадан соң көріне бастайды.
Айта кетсек, Астанада жасыл түске боялған Есіл өзені жұртты алаңдатып қойған еді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью