Жасыл желекке жанашырлық

10.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Осы іске тікелей жа­уап­ты мекемелер мен мамандардың пікірі­не сүйенсек, атқарылып жатқан жұмыс­тың ғылыми негізі айтар­лықтай күшейген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ботаника және фито­интродукция институты Бас ботаникалық бағының мамандары ірі қалаларда жасыл желекке деген сұраныс жылдан-жылға артып отырғанын айтып, Алматының климаты мен экологиялық ерекшеліктеріне төзімді өсімдіктерді іріктеу бағы­тындағы ғылыми ізденістер туралы жан-жақты баяндады. Ғалым­дардың айтуынша, қаланы көркем өсімдіктермен безендіру ғана жеткіліксіз. Ең бастысы – ағаштар мен гүлдердің түрлерін ғылыми тұрғыдан дұрыс таңдап, оларды тұрақты әрі сапалы күтіп-баптау.

Дендрология зертханасының кіші ғылыми қызметкері Ботагөз Билібаеваның айтуынша, жасыл желектер ылғалды сақтап, қолайлы микроклимат қалыптастырумен қатар, ауаның сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады.

– Өсімдіктер ылғалды сақтауға көмектесе отырып, қолайлы микроклимат қалыптастырады әрі ауаның сапасын жақсартады. Дәл осы жасыл желектер қаланы өмір сүруге қолайлы әрі жайлы етеді. Олардың қалалық ортаға тигізетін пайдасын бірауыз сөзбен айтып жеткізу қиын, – дейді ол.

Ал  Дендрология зертханасының меңгерушісі Айнұр Есжанова бүгін­де ғалымдар қаланың ағаш қорына арналған бірыңғай цифр­лық деректер базасын жасауға басым­дық беріп отырғанын атап өтті. Ма­мандардың айтуынша, көлік қоз­ғалысы тығыз мегаполис­терде ағаштар атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан қандай ағаш түрлерін отырғызу тиімді екенін ғылыми тұрғыдан нақты анықтау қажет. Осы мақсатта әрбір ағаш жөніндегі мәлімет жинақталатын цифрлық база жасалмақ. Мұндай жүйе қала­ның жасыл қорын тиімді бақы­лауға, оның жай-күйін тұрақ­ты қада­ғалап, ғылыми негізде бас­қаруға мүмкіндік береді.

Дендрология зертханасының аға ғы­лыми қызметкері Светлана Нәбиева да әріп­тестерінің пікірін қол­дай отырып, Алматы­ны көгал­дан­дыруда қол­данылатын өсімдік­тер­ді ірік­теу ба­рысында қатаң ғы­лы­ми та­лап­тар сақталатынын айтты.

– Алматыда егілетін өсім­дік­тердің тізі­міне мұнда кемін­де жиыр­­ма жыл бойы жақсы өсіп келе жат­қан түр­лер ғана енгізіле­ді. Ма­ман­дар әлемнің әртүрлі ел­дері­нен­ жаңа өсімдік түрлерін әкеліп, олар­дың жер­гілікті климатқа бейім­­де­лу қа­білетін ұзақ уақыт бойы­ зерт­тейді. Тек содан кейін олар­ды қа­ланы көгал­дандыру жұ­мыс­­тары­на пай­далануға болады, – деді ол.

Шынында да, кейінгі жылдары Алматы көшелерінде гүл­дей­тін сәндік бұталардың жаңа түр­лері көбейе бастағаны бай­қа­лады. Мұндай бұталардың бас­ты артық­шылығы – уақыт өткен сайын жергілікті ортаға жақ­сы бейімделіп, жылдан-жылға жай­қала түсуі. Нәтижесінде, көгал­дан­дырылған аумақтарды қайта-қайта қазып, жыл сайын жаңа көшет отырғызуға кететін шығын азаяды.

Дендрология зертханасының аға ғылыми қызметкері Инга Бабай­дың айтуынша, жасыл желек­тердің тиімділігі оларды дұрыс күтіп-баптауға тікелей байланысты.

– Жасыл желектер ауаны шаң-тозаң мен зиянды заттардан та­зар­туға көмектесіп, қаланы тұр­ғын­дар­ үшін жайлы етеді. Бірақ көгал­дан­дырып қана қою жеткіліксіз. Өсім­­діктерге тұрақты әрі дұрыс күтім қажет. Онсыз ең төзімді өсім­дік­тің өзі сәндік қасиетін жоғалтып, уақыт өте солып қалады, – дейді маман.

Ал ашық топырақтағы гүлді-сәндік өсімдіктер зертханасының меңгерушісі Ескендір Сәтеков қаланы гүлмен безендіру кезінде эстетикалық талаппен қатар қауіп­сіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуге тиіс екенін айтты.

– Гүлмен көгалдандыру тек әсем­дік үшін ғана жүргізілмейді. Қолданылатын өсімдіктер қала­лық ортаға төзімді, ұзақ уақыт гүл­дей­тін әрі күрделі күтімді қажет ет­пейтін болуы керек. Сонымен қатар балалар ойын алаңдары мен жаяу­ жүргіншілер аймақтарының ма­ңында улы немесе күшті аллер­гия­лық реакция тудыратын өсім­дік­тер­ді пайдалануға болмайды, – деді ол.

Бір сөзбен айтқанда, Алма­ты­дағы Бас ботаникалық бақ мамандары қаланың тұрақты, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі көркем жа­сыл ортасын қалыптастыру мақ­сатында әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген өсімдіктерді зерттеп, жергілікті табиғи жағдайға бейім­деу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Алматының көгалдандыру жүйе­­сін же­тілдіру және жеке қала­­лық тә­лім­бақ құру мә­селесі­не ар­нал­­ған кеңес­те қала әкімі Дархан Саты­­балды бұл жобаны жедел іске асы­­ру­ды тапсырған болатын. Осы ба­­ғыт­тағы тағы бір жағымды жаңа­лық – Ал­матыда қаланы көгал­дан­­ды­руға арнал­ған жеке тәлім­­бақ­­тың құ­рылы­сы бас­талып, импорт­­тық кө­шет­тер­дің орнына жер­­гілікті жер­­де өсі­рілетін сапалы көшет­тер­ді­ пай­да­ла­ну жүйесі қалыптасып келеді.

Кеңесте қаладағы құрылыс пен абаттандыру жұмыстарының қарқынына байланысты жыл са­йын көшетке деген сұраныс 1,4 миллион данадан асып отырғаны айтылды. Осыған байланысты жаңа тәлімбақ мегаполистегі қартая бастаған ағаш­тарды кезең-кезеңімен алмас­тыру мәселесін шешуге де мүмкіндік береді. Өйт­кені қа­лада арнайы тәлімбақтың болмауы­ сырт­тан әкелінетін кө­шеттерге тәуелділікті арттырып, олардың бағасына да, жерсіну сапасына да кері әсерін тигізіп отыр.

Бұл – стратегиялық маңызы бар жоба. Сондықтан оның аясында қаланың оңтүстік бөлігіндегі бірнеше учаскеде тәлімбақ орналастыру көзделіп, алдағы уақытта оның аумағын кеңейту мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Сонымен қатар заманауи агротехнологияларды енгізу мақсатында жылына бір миллионға дейін көшет өсіруге мүмкіндік беретін микроклондық көбейту зертханасын құру жоспар­ланған.

Кеңес барысында бұл жобаға шетелдік инвесторлардың да қызығушылық танытып отырғаны айтылды. Қазіргі таңда ықтимал серіктестік тетіктері мен инвестиция тарту жолдары жан-жақты қарастырылып жатыр.

Жалпы, Алматыда көгалдан­дыру жұмыстарының ғылыми негізге көшірілуі, жаңа тәлім­бақ­тың іске қосылуы және заманауи технологиялардың енгізілуі қаланың экологиялық жағдайын жақ­сартып қана қоймай, жасыл қор­ды сақтауға, оны жүйелі түрде толықтырып отыруға мүмкін­дік береді. Бұл бастамалар мега­полистің көркін арттырып қана қой­май, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға да оң ықпал ететіні сөзсіз.

 

АЛМАТЫ 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью