Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Тұтас елдің табиғи тұмары
Жүрген жерін, тұрған орнын, өскен өлкесін таза ұстау – жанашырлықтың шынайы көрінісі, жауапкершілігі жоғары адамның ғана қолынан келетін игі іс. Жас ұрпаққа тәрбиені нақты іспен, ұдайы үлгі етуді насихаттайтын бұл бастаманың маңызын Президент әрдайым айтып келеді. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: «Таза Қазақстан» әр адамның күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет» деп, бұл бастаманың уақытша акция болмай, ұлттың жаңа мәдени нормасына айналуға тиіс екенін нақты атап өтті.
Өзендер өрнектеген өлке – Жетісу жерінің табиғаты баға жетпес байлық, түптеп келгенде тұтас елдің экологиялық тірегі. Іле Алатауының баурайы, Қапшағай жағалауы, Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды бағытындағы туристік ағын, Жетісудың өзен-көлдері. Осы байлықтың бәрін саф күйінде сақтау, келесі ұрпаққа табыстау табиғатқа деген жауапкершілікті талап етеді. Табиғатқа салғырт қарау бұл өңірде тек экологиялық емес, экономикалық мәселеге де айналуы мүмкін. Себебі туризмнің тынысы да, ауыл шаруашылығының болашағы да, халықтың өмір сапасы да қоршаған ортаның тазалығымен тікелей байланысты.
Әсіресе, туризм дамыған өңірде тазалық мәдениеті – аса маңызды заңдылықтардың бірі. Бүгінде әлемдік тәжірибеде туристер табиғаты бүлінген жерден гөрі мәдениеті қалыптасқан ортаға көбірек барады. Барған күннің өзінде ондағы жергілікті жұрттың тазалық сақтауына қарай сыйластық танытады, соған сай өздері де әрекет етеді. Сондықтан Алматы облысында табиғатты қорғау тек мемлекеттік мекемелердің емес, жергілікті халықтың да, ішкі туризмнің дамуына үлес қосып жүрген отандастарымыздың да азаматтық ұстанымына айналуы қажет. Көл жағасына қалдырылған бір бөтелке немесе тау бөктеріне тасталған қоқыс ертеңгі ұрпаққа жасалған қиянатпен тең. Осы орайда кәсіби гидтердің, туристік ұйымдардың, демалыс аймақтары иелерінің де жауапкершілігі айрықша сезіледі. Қазір әлемде гид тек жол көрсетуші емес, экологиялық мәдениетті насихаттаушы саналады. Туриске табиғаттың тарихын айтып қана қоймай, оны аялаудың әдебін үйрету – өркениетті туризмнің талабы.
Кейінгі бір жылда Алматы облысына келген туристер саны 29,8 пайызға өсіп, 658 мың адамға жетті. Оның ішінде шетелдік туристер саны 147 мыңға көбейіп, өңір республикада алғашқы үштікке енді. Туризм саласынан бюджетке түскен салық көлемі 25,8 пайызға артып, 11,2 млрд теңгені құрады. Қазірде жалпы құны 638,2 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл Алматы облысында туризмнің жай демалыс саласы емес, экономиканың нақты қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді. Табиғатты қорғау бүгінде тек экологиялық міндет емес, өңір экономикасының табысын сақтайтын стратегиялық қажеттілік.
Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Кейбір туристік бағыттарда стихиялық қоқыс орындары, жағалауда қалдырылған пластик қалдықтар, демалыс мәдениетінің төмендігі әлі де кездеседі. Демек мәселе сенбіліктің санынан гөрі, әр азаматтың ішкі мәдениеті мен күнделікті мінез-құлықтың өзгеруіне келіп тіреледі.
Сөзден іске көшкенде
Бұрынғыны былай қойғанда, тәуелсіздік тарихының өзінде елімізде құрғақ сөз жүзінде қалып қойған жобалар болды. Науқан кезінде жанып, жылдам өшкені одан да жетіп артылады. Мұның бәрі сөздің іске айналуы жолындағы қиындықты еңсермеудің, табандылық танытпаудың белгісі. Тазалық әрбірімізге керек қажеттілік болғандықтан, «Таза Қазақстан» бастамасы өміршең дүниеге айналып отыр. Өйткені бұл жобаның маңызын кез келген адам толық түсінеді. Айталық, ауасыз, сусыз тіршілік жоқ, болмайды да. Сол ауа мен судың таза болғаны – бәрімізге ортақ қажеттілік.
Бұл жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ерекше мән беріп отыр. Өңір басшысы тазалық мәдениетін бір реттік акция емес, тұрақты қоғамдық дағдыға айналдыру қажеттігін әр деңгейдегі кездесулерде атап өтіп, экологиялық бастамалардың нақты нәтижеге жұмыс істеуін басты міндеттердің бірі ретінде белгіледі.
Алматы облысы кейінгі жылдары экологиялық мәдениетті қалыптастыруды тек сенбілік деңгейінде қалдырмай, жүйелі қоғамдық үрдіске айналдыруға күш салып келеді. Салалық басқармалардың былтырғы жылдың мәліметіне сәйкес, облыста «Таза Қазақстан» акциясына 849 мың адам, 8,8 мың кәсіпорын мен ұйым қатысты. Нәтижесінде 17,5 мың тонна қоқыс жиналды. Өңірдің орман қорының жалпы аумағы 2,2 млн гектардан асады, оның 1,2 млн гектары орманмен көмкерілген. Жыл басынан бері 103 мыңнан астам ағаш отырғызылды, оның бір бөлігі 429 мектептегі оқушылардың қатысуымен жасалды.
Облыста су ресурстарын сақтау мәселесіне де айрықша назар аударылып отыр. Іле, Талғар, Түрген, Есік секілді өзендер мен Қапшағай су айдыны – өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтайтын басты арналар. Еліміздегі су ресурстары жөніндегі деректер платформаларында климаттық өзгерістер мен су тапшылығы мәселесі бүкіл елге өзекті екені көрсетілген. Сол тұрғыда жағалау аумақтарын тазарту, өзен арналарының санитарлық жағдайын бақылау, су айдындарын қорғау бағытындағы акциялар қоғамдық қолдауға ие болды.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыста экологиялық road-эстафеталардың, жастар акцияларының, тарихи орындар мен туристік бағыттарды тазарту жұмыстарының ұйымдастырылуы да – жаңа қоғамдық көзқарастың көрінісі. Тазалық ендігі жерде тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, елдік сана мен ортақ жауапкершіліктің өлшеміне айналды. Мәселен, Тарғап ауылы маңында басталған «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы бірнеше өңірді қамтып, мыңдаған жасты табиғатты қорғау идеясына жұмылдырды. Ұйымдастырушылар бұл іс-шараның негізгі мақсаты қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру екенін атап өтті.
Экономика мен экология – егіз ұғым
Алматы облысында бүгінде экономикалық өсім мен табиғатты қорғау мәселесі қатар өріліп отыр. Бұл – өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев ұстанған даму саясатының басты басымдықтарының бірі. Инвестиция тарту, өндірісті кеңейту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау өңір дамуының өзара сабақтас үш тірегіне айналып келеді.
Өңірдің ел экономикасындағы орнын нығайтып, 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Облыстың экономикалық көрсеткіші жоғарылап, инвестиция тартатын жетекші аймақтардың біріне айналды. Мұны нақты экономикалық көрсеткіштер де айғақтайды. Бүгінде облыста 250-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Мұндай қарқын табиғатты сақтау мәселесіне деген талапты да күшейтеді. Себебі экономика өскен сайын қоршаған ортаға түсетін салмақ та артады. «Таза Қазақстан» акциясы – бұл жерде экология мен экономиканың арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын маңызды қоғамдық ұстаным.
Өңірде экологиялық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы мәліметтерге зер салсақ, облыста қалдықтарды қайта өңдеу саласында 148,8 млрд теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақшы. Олардың қатарында қоқысты сұрыптау кешендері, биоэлектр стансалары, тағам қалдықтарын өңдеу өндірістері бар. Бұл жобалар тек қоршаған ортаны қорғауға емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі экологиялық экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста жыл басынан бері 103 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 20-дан астам экопарк жұмыс істеп тұр.
Бүгінде тазалық ұғымы біртіндеп тұрмыстық деңгейден қоғамдық жауапкершілік деңгейіне көтеріліп келеді. Бұрын сенбілікке міндет ретінде қараған жұрт енді туған жердің тазалығын ортақ абырой деп қабылдай бастады. Бұл – санадағы өзгерістің белгісі.
Табиғат адамзатқа үнсіз әрі тынымсыз қызмет етеді. Таулар талмайды, өзендер тынықпайды, ормандар шағымданбайды. Бірақ олардың тағдырына адамның мәдениеті тікелей әсер етеді. «Таза Қазақстан» бастамасының ең үлкен жетістігі де осында – ол айналаны ғана емес, адамның жанын тазартуға, ішкі жауапкершілігін көтеруге жол ашты. Табиғатқа жанашырлық бар жерде келешекке деген сенім де жоғары болады. Туған жердің тазалығын сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы аманат. Ендеше, аманатқа қиянат жасамауды бәрінен биік қоятын ұлт екенімізді әрдайым жадымызды ұстайық.
Ерлан ЖҰРЫНБАЕВ,
«Өлке тынысы»
ЖШС директоры