Жауапкершілікке негізделген жүйе

23.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Мемлекеттік қызмет, ең алдымен тұрақтылық, әлеуметтік қорғалу мен кәсіби өсуге мүм­кіндік береді. Бұл саладағы аза­мат­тарға заңды тұрғыдан бекі­тілген көптеген жеңілдік пен кепіл­дік бар. Мәселен, еңбекақы – тұ­рақты. Экономикалық дағ­да­рыс кезінде қысқару қаупі аз. Әлеуметтік пакетте 30 күн­дік ақылы еңбек демалысы қам­тылған. Қазір мұндағы мансап­тық өсу меритократия қағидасы­мен жұмыс істейді. Тәжірибесі мен біліктілігі бар қызметкерлер ішкі конкурстар арқылы мансап сатысына көтеріле алады. Қазір әсіресе жастарды мемлекеттік қызметке тартудың жолдары қарастырылып жатыр, олардың күш-жігері, біліктілігі мемлекет ісіне қажет-ақ. Мәселен, «2024–2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасына» сәйкес заң­ға өзгерістер енгізілді. Онда жас­тарға үлкен мүмкіндік бар, GPA көрсеткішімен жоғары оқу орнын бітірген түлектер ауылдық, аудандық және облыстық маңыз­ды қалаларға конкурссыз, тест тапсырмастан тікелей барып, тағайындалуға мүмкіндік алады.

«Адамзат жасанды интел­лектімен бірге өмір сүретін дәуір­ге аяқ басып, басқа сала­лар­мен қатар мемлекеттік басқаруда да жаңа мүмкіндіктер ашылып, жаңа сынақтар туын­дады. Инновациялардың алуан­дығына қарамастан, мемле­кет­тік басқарудың негізгі миссиясы халықтың қаражатын ұлт­тың игілігі үшін тиімді әрі жауап­кершілікпен пайдалану, орнықты дамуды қамтамасыз ету, азаматтардың ұзақ, қауіпсіз, тоқ, еркін және бақытты өмір сүруіне жағдай жасау болып қала береді. Ал мемлекеттік қызмет – осы миссияны жүзеге асырудағы мемлекеттік басқарудың өзегі», дейді Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Əлихан Байменов.

Артықшылықтарымен қатар мемлекеттік қызметтің қиынды­ғы да бар. Мәселен, мемлекет­тік қызметші кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Өйткені қыз­­метшінің өз кәсібі болса, мем­лекеттік мекемелермен сыбай­ласуы мүмкін деген қауіп бары белгілі. Жалпы, олар мемлекеттің тұтастығына қандай да бір зардап әкелетін әрекеттер жасамауға, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік құ­пия мен мүлікті сақтауға міндет­ті. Қызметке кіріскенде берген антына берік болып, бұзбауға міндеттеледі. Әсіресе әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажет. Мемлекеттік саясатты ұстанып, оны адал іске асыруға жауапты. Өйткені қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтап, нығайтуға мемлекеттік қызметші жауапты, әр кезде олар осыған ұмтылуға тиіс.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай: «Қазіргі заманғы мем­лекеттік қызметші – жоғары кәсі­би деңгейі, дамыған құзырет­тері және жеке жауапкершілігі бар, қоғам тарапынан жоғары талап қойылатын жағдайда тиім­ді жұ­­мыс істей алатын маман», деп мем­лекеттік қызметшілер­ге анық­­тама берген еді. Бұл – қазір елі­­мізде қызмет атқарып жүр­ген 83 мың­нан аса мемлекеттік қыз­мет­­шінің жұмысына берілген баға.

Жалпы, мемлекеттік қыз­мет әлемде үлкен мәртебеге ие. Мәсе­лен, Германияның мем­лекеттік қызметшілері мемлекет пен қо­ғам­ға қызмет етеді. Олар бейта­рап позицияны, тәуелсіздікті сақ­тап, қоғам­ның демократия­лық негіздеріне қызмет етуге тиіс. Мемлекеттік қызметшілер сот-құқықтық жүйеде, полицияда, министрліктерде, ведомстволарда, мектептерде жұмыс істейді. Бір қызығы, кейінгі зерттеулерге сәйкес, бұл елде мемлекеттік қызмет жастар арасында сұра­ныс­қа ие бола бастаған. Сту­дент­­тердің 40 пайыздан астамы мем­лекетке жұмыс істегісі келе­тінін айтқан. «Ernst&Young» ха­лықаралық консалтингтік ком­па­ниясының сарапшылары мұны жастардың тұрақтылыққа ұмтылуымен байланыстырады. Компания зерттеушілері атап өткендей, неміс жастары болашаққа деген сенімді мем­лекеттік қызметпен байланыстырады. Германияда мемлекеттік қыз­метшілердің бастапқы жала­қысы экономиканың барлық саласы бойынша орташа дең­гейден төмен. Олардың жеке сектор қыз­меткерлерінен тағы бір айыр­машылығы шенеуніктер жа­лақы (Gehalt) алмайды, оларға төлемақы (Besoldung) төле­неді, бұл – қызметкер өзін толығымен жұ­мысына арнап, алаңсыз қызмет етуіне жасалған жағдай.

Осындай қарапайым қадам­дар­мен шенеуніктер мемле­кет­тік қызметке деген адалдығын көр­сетсе керек. Қазір әлемде үкі­меттер мемлекеттік қызметті тар­тымды қылуға назар ауда­рып жатыр. Өйткені бұл қыз­метке кез келген адамның кел­гісі жоқ, жауапкершілікті сезі­неді. Мысалы, Жапонияда қа­зір мемлекеттік қызметшілер жетіспейді.

Елімізде ұйымдастырылған халықаралық HR форумында Жапонияның Ұлттық кадрлар агенттігінің халықаралық істер және оқыту жөніндегі бас директоры Мио Маэда: «Кейін­гі жылдары мемлекеттік қызмет­ке қабылдау емтихандарына қатысушылар саны азайып, жас мамандар арасында жұмыстан кету көрсеткіші өсіп отыр. Білік­ті кадрларды мемлекеттік қыз­­метке тарту барған сайын күр­делі мәселеге айналып барады. Осы жағдайға байланысты Жапонияның Ұлттық кадрлар агенттігі мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға ба­ғыт­талған бірқатар реформаны іске асыруға кірісті. Біріншіден, мемлекеттік қызметке іріктеу ем­­тихандарының жүйесі жа­ңар­тылып, үміткерлердің жас шегі қайта қаралды. Соны­мен қатар артық жұмыс кө­лемі қысқартылып, икемді жұ­мыс режімдері кеңейді. Жас қыз­мет­керлердің жалақысы өсті. Осын­дай қабылданған шаралар ал­ғашқы оң нәтижелерін көрсете бас­тады. Мемлекеттік қызметке қызы­ғушылық танытатын үміт­керлер санының артуы және жас қыз­меткерлер арасындағы жұ­мыстан кету көрсеткішінің тө­мендеуі – соның дәлелі», деді.

Рас, цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік қызметтің жұмыс тәсілін өзгертуі мүмкін. Бірақ қандай технология енгізілсе де, мемлекеттік қыз­меттің басты өлшемі өзгермейді. Ол – халық сенімі. Ал сол сенім­ді ақтау әрбір мемлекеттік қыз­метшінің кәсіби әрі азаматтық мін­деті болып қала береді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью