Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Оның ішінде 285-і – бала. Тағы 50 мыңға жуық жолаушы түрлі жарақат алған. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәліметі – осы. Көлік апатының көбі елді мекендердің ішінде болған. Одан кейін республикалық маңызға ие трассалар тұр. Ал қалғаны халықаралық, облыстық және аудандық автожолдарда тіркеліп отыр.
Автобандар салынып, қауіпсіздік шаралары күшейтілгенімен, жағдай жасалған сайын азаюы тиіс ахуал кейде кері кетіп бара жатқанға ұқсайды. Тіпті, аталған ахуал жекелеген құқық қорғау органдарының жұмыс аясынан әлдеқашан шығып, мемлекеттік деңгейдегі өзекті әлеуметтік проблемалардың біріне айналды. Өйткені әрбір жол апатының артында адам тағдыры, отбасының қайғысы, қоғамның орны толмас шығыны тұр.
Былтыр Қарағанды облысында 980 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 147 адам қаза тапқан. 1 147 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Қауіпсіздік шаралары күшейтілгенімен, апат санының азаятын түрі байқалмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында да осы тақырып аясында қойылған сұраққа жауап бере отырып, мәселенің өте өзекті екенін және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды енгізіп, жасанды интеллект жүйесін кеңінен қолдану қажетін атап өтті. Бұл шараның барлығы жол қозғалысына қатысушы әрбір азаматтың жауапкершілігін арттырып, қауіпсіз әрі мәдениетті көлік жүргізу ортасын қалыптастыруды көздейді.
Жолдағы әрбір ереже адам өмірін қорғау үшін жазылған. Алайда оны елемейтіндер азаймай тұр. Облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімовтің айтуынша, оқиғаларға көбіне шамадан тыс жылдамдық асыру, қарсы жолаққа шығу, жаяу жүргіншіні өткізбеу, мас күйінде рөлге отыру себеп болады.
– Бұл – салғырттықтың салдары, жауапсыздықтың көрінісі. Жүргізуші жол ережесін білмеуі мүмкін дейміз, бірақ көбіне олар біле тұра бұзады. Ал мұндай немқұрайдылықтың өтеуі тым ауыр. Сондықтан рөлге отырған әр адам бірсәттік асығыстықтың орны толмас қасіретке айналуы мүмкін екенін ұмытпауға тиіс, – дейді Бағдат Кәкімов.
Облыс аумағында жол қауіпсіздігі мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр. Жүргізілген талдау түнгі уақытта болатын жол апаттарының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің ұйқылы-ояу күйде көлік басқаруы екенін көрсетті. Осыған байланысты облыстық Полиция департаменті «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен бірлесіп, елімізде алғаш рет аркалы конструкцияларға орнатылған қуатты әрі төмен интенсивті лазерлерді қолдану жүйесін енгізу туралы шешім қабылдады. Қазір мұндай 11 нысан іске қосылған. Инновациялық жүйе жүргізушінің назарын арттырып, ұйқыны сейілтуге ықпал етеді.
Жол-көлік оқиғаларының тағы бір негізгі себебі – жылдамдық асыру. Бұл мәселені тежеу мақсатында елді мекендерде және республикалық маңызы бар автожолдарда жылдамдықты автоматты түрде тіркейтін «Екин-Патрол» кешендері, сондай-ақ жасырын патрульдеуге арналған «Оракул» жүйелері кезең-кезеңімен орнатылып жатыр. Аталған технологиялар тек заңбұзушылықты тіркеумен шектелмей, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға, тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де айрықша назар аударылып келеді. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қарағанды және Теміртау қаласында «Argus-жаяу жүргінші» автоматтандырылған бақылау кешендері іске қосылды. Бұл жүйе жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушілерді автоматты түрде анықтайды. Ал жалпы тағы осындай 15 кешен орнату жоспарланып отыр.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және есепке алу комитетінің мәліметіне сүйенсек, биыл қаңтардың өзінде еліміз бойынша 2015 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Зардап шеккендердің саны 2 992 адам. Қаза болғандар саны – 129. Яғни, қаншама бақылауға қарамастан, жолдағы қауіп азаймай отырғанын байқатады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы