Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Кейінгі жылдары Алматы облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 38 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт бар. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 347 заманауи медициналық техника сатып алынды. Нәтижесінде, өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетіп, саланың әлеуеті айтарлықтай артты.
Облыс әкімі өз сөзінде медицина қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінде қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
– Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында өңірдің денсаулық сақтау саласы нақты жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 2022 жылғы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Өткен жылдың қорытындысында нәресте өлімі 25,5 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы – өз ісіне адал, кәсіби білікті мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Халық денсаулығын сақтау жолындағы жанқиярлық қызметтеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді өңір басшысы.
Мерекелік іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының үздік мамандары марапатталды. Балқаш аудандық орталық ауруханасының неонатолог дәрігері Қарылғаш Тәжібаева мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының педиатр дәрігері Зорям Юсупова «Құрмет» орденімен наградталды.
Сонымен қатар салада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен бірқатар маманға Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, Денсаулық сақтау министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ «Үздік стационар дәрігері», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» секілді 12 аталыммен жылдың үздік медицина қызметкерлері анықталып, марапат төрінен көрінді.
Салтанатты жиын аясында жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі де жаңа техникалармен толықты. Жедел жәрдем стансасына тапсырылған су жаңа көліктер қаржылық лизинг тетігі арқылы сатып алынған. Оның 30-ы «С» санатындағы реанимобиль болса, 40 көлік «В» санатына жатады. Барлығы да заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылып, шұғыл көмек көрсетуге толық бейімделген.
Осылайша, биыл Алматы облысының жедел медициналық жәрдем қызметі үшін сатып алынған 90 автокөліктің барлығы пайдалануға берілді. Бұл көліктердің 20-сы жыл басында медициналық ұйымдарға тапсырылды. Бұл қадам өңір тұрғындарына көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мерекелік жиын соңы мәдени бағдарламаға ұласып, сала қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Алматы облысы