Жеделсаты жайы алаңдатады

24.01.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Өйткені лифтілердің құлағаны немесе ішіне адамдар қамалған жағдайлар жиі қайталануда. Тұрғындарға үздіксіз қызмет ететін, ұдайы қолданыста болатын құрылғылардың техникалық жағдайына қаншалықты мән беріліп жатыр?

Өткен жылдың кейінгі алты айында лифтіге бай­ла­нысты бірнеше оқиға тіркелді. Астана қаласында тұр­ғын үй кешендерінің бірінде лифт үзіліп кетіп, салдарынан бір адам мерт болып, екі адам жара­қат алса, жаңа жыл түні 11 адам лифтіге қамалып қалды. Ал Шымкентте 24 жастағы ер адам тұрғын үй кешеніндегі аяқтал­маған лифт шахтасына құлап, жантәсілім етті. Дәл осындай жағдай Маңғыстау облысында да болып, Мұнайлы ауданын­дағы құрылыс нысандарының бірінде 20 жастағы жігіт тепе-теңдік сақтай алмай лифт шах­та­сына құлап, тіл тартпай кетті. ТЖМ мәліметінше, Қызыл­ор­дада 2 ересек адам 3-4 қабат ара­сында қыстырылған лифті­ден әзер құтқарылған. Бұл бізге белгілі ақпараттардың бір пара­сы ғана.

Жеделсатыдан келетін қиын жағдаяттар адам өміріне зиян тигізе бастағандығы қоғамды да, халық қалаулыларын да бей-жай қалдырмаса керек. Сенатор Бек­бол Орынбасаров Үкімет бас­шы­сына бұл мәселе бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын. 

– Қазақстандағы лифтілерді пайдалану жағдайы күннен-күн­ге нашарлап келеді. Жергі­лік­ті атқарушы органдардың толық кадрлық жеткіліксіздігі, лифтілерге бақылауды формаль­ды етуде: әкімдіктерде штат та, ма­ман­дар да, техникалық база да жоқ. Мысалы, Астанада тұр­ғын үй инспекциясында екі адам 10 430 лифтіні бақылайды және бір уақытта газ баллон­да­ры­на да жауап береді, ал облыс­та­рдағы инспектор лифтілер­дің қау­іпсіздік механизмі жөнінде тіпті минималды білім­ге де ие емес. 2013 жылы лифті­лерге бақылау­ды жергілікті ат­қарушы органдарға беру өте қате шешім болды. Сол кезде Қазақ­стан Республикасының Төтенше жағдайлар министр­лі­гінің Өнер­кәсіптік қауіпсіздік комит­еті кәсіби бақылау функ­ция­ларын оңтайландыру деген жел­еумен әкімдіктерге берді. Жер­­гі­лікті деңгейде бұл функ­ция­лар жай ғана басқа функция­лармен сіңісіп кеткен, яғни штат­тар қысқартылды, жауап­кер­шілік мүлдем жойылды. Рет­теу жүйесінің болмауы, мәселені одан әрі ушықтырып күшейте түсті. 2014 жылдан бастап лифті­лерді қызмет көрсету лицензия­лан­байды, нарықта құрал-жаб­дықсыз, біліктіліксіз және рұқ­са­тсыз компаниялар пайда болды. Мемлекеттік сатып алу­ларды ұтып алған компаниялар­дың жартысынан астамы лифті­лерді қызмет көрсетуге құқығы да жоқ және бұл саланы факты бойынша «сұр нарыққа» айнал­дырған – делінген депутат сауалында.

Өңірлерде лифтілерді ауыс­тыру, күрделі жөндеу ісі Үкімет деңгейіндегі қолдаумен атқа­рыл­ып жатқан көрінеді. Мәсе­лен, Ақтөбе қаласы әкімдігі дерегінше, кейінгі 5 жылда 126 апаттық лифт ауыстырылса, өт­кен жылы Алматыда 100-ден астам жеделсаты күрделі жөн­деуден өтіпті. Ал Қарағандыда кейінгі 6 жыл­да 120-ға жуық қана лифт жаңар­тылған. Биыл да бұл жұ­мыстар тоқтамақ емес. 2026 жылы Өскеменде 40-тан астам лифтіге жаңартылу көзде­ліп отыр. Яғни, әр өңір өз хал-қаде­р­інше бұл мәселені шешіп кел­ген. Жеделсатының жедел қыз­мет ете алмай, техникалық са­па­сы­ның нашарлап, осыған байланысты тұрғындар өтініші жыл сайын артып барады. Яғни, бұл түйткіл мемлекет деңгейінде қаралуы уақыт талабынан туын­даған қажеттілік болып тұр. 

Көпбалалы ана Айнагүл Ак­барбекқызы ұзақ жыл­дан бері елордада тұрады. Оның айтуынша, кейбір үйлерге қыдырып қонаққа барғанда, көпқабатты тұрғын үйлерге кіріп шығу оңай емес. Ақылы негіздегі карточкалық режим бұқараға тиімсіз екен. Ол оданша лифт қол­данғаны үшін айына біррет­тік төлем жасаған дұрыс деп есептейді. 

– Астанада тұрып жатқан­дығымызға 10 жылдан асты. Бұ­ған дейінгі үйімізде лифт ақылы болатын. Әр мініп-түс­кен сайын жеделсаты қолдану үшін ақылы негізде қолданысқа беріп қойған. Бірреттік карта қолданысы 10 теңге, ал берілген карта мерзімі мың теңгені құ­рай­ды. Яғни, 100 рет қолдана­тын­быз. Бұл дегеніміз, күнде­лік­ті жұмысқа қатынаудан бөлек, дү­кенге барып нан, сүт, қант алып қайту үшін өте тиімсіз. Оның үстіне туыстар қыдырып келсе, түсіп күтіп алу керек. Жал­пы, пәтер иелерінің коопер­ативіне бұл мәселені айтсақ, лифт тұрақты жұмыс істеп тұру үшін бұдан басқа жол жоқ деп сырғытпа жауап қайырады. Кейін қажеттілігімізге байлан­ыс­ты басқа тұрғын үй кешеніне көштік. Мұнда лифт қолдан­ған­дағы ақы айына бір рет, комму­налдық төлемдермен қосылып келеді. Турасын айтқанда, лиф­ті­ге арнайы карта қолданысын қойып, ақылы еткен отбасылы адамдар үшін өте тиімсіз. Одан да коммуналдық төлемдерге қосып, айына бір мәрте төлей­тіндей еткен абзал деп білеміз, – деді елорда тұрғыны.

Қазақстан құрылысшылар қауымдастығынан тұрғын үй салған кездегі жеделсатының сапасы, қойылатын талаптары төңірегінде бірқатар мән-жайды білген едік. Төраға орынбасары Валерий Лакисовтың пайым­дауынша, тұрғын үйді салған компаниямен лифт қолдану ортақ келісім арқылы іске асады.

– Жалпы, қалыптасқан құ­рылыс салу стандарты бар. Соның ішінде жеделсатыға қойы­латын талаптар қарасты­рылған. Мәселен, 9 қабатқа дей­інгі үйлерде бір жеделсаты, одан жоғары 16 қабатқа дейінгі­лерге екі жеделсаты, одан жо­ғары болса, қолданыс аясын ескеріп, қабаттың артуына бай­ланысты жеделсаты салу көбірек қарастырыла береді. Ал лифтіні қолдану ережесі келісімге байла­нысты болады, – деп қысқа қайырды. 

Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, қазір елдің тұрғын үй қорында 33 858 лифт жабдығы бар. Оның ішінде 4 144 лифт 25 жылдан астам пайдаланылып келеді. Ал 3 195 лифт техникалық қызмет көрсету аясында күрделі жөндеу жүргізуді талап етеді. 2019 жыл­дан бастап бүгінге дейін жергі­лік­ті бюджет қаражаты есебінен 1728 лифт ауыстырылды. Бұл қарқын бұдан әрі жалғасын тап­пақ. Ал Еуразиялық экономика­лық комиссияның дерегіне зер салсақ, 7 мыңдай лифтіні жаңар­ту керек. Аталған жеделсатылар­дың нормативтік пайдалану мер­зімі 25 жылдан асып кеткен. Мұндай дерек әрбір оныншы лифт қолданушысының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұр дегенді байқататын көрінеді.

Үкімет дерегінше, пайда­ланылғанына 25 жылдан асқан лифтілерді ауыстыру және жөндеу жол картасы әзірленеді. Бұл жайында Сенат депутат­тары­ның сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауа­бында айтылыпты. Енді бұл жұмыс Астана, Алматы, Шым­кент және өңірдегі әкімдіктер­мен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар лифтілердің сапа­сын, қолдану мерзімін, тех­ни­калық қажеттіліктерін бақы­лайтын комиссия жұмыс істеп, Құрылыс және өнеркәсіп ми­нистрлігіне тиісті тапсырма жүктеліпті. 

– Осыған байланысты, ӨҚМ-ге Астана, Алматы, Шым­кент қалаларының және облыс­тардың әкімдіктерімен бірлесіп қаржыландыру мерзімдері мен көздерін көрсете отырып, авар­ия­лық және 25 жылдан астам пайдаланудағы лифтілерді ауыс­тыру және күрделі жөндеу бойын­ша жол карталарын әзір­леу және бекіту тапсырылды... Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі лиф­тілерді монтаждау, жөндеу және техникалық қызмет көрсе­ту бойынша жұмыстардың са­па­сы болып табылады. Өнеркәсіп­тік қауіпсіздік саласындағы қол­даныстағы заңнаманың норма­ларына сәйкес лифтілерге қызмет көрсететін ұйымдар өнер­кәсіптік қауіпсіздік сала­сында жұмыстар жүргізу құқы­ғына міндетті түрде аттестат­та­лады. Жалпы, лифтілердің қауіпсіздігі мәселесі Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түр­де жасалатын болады, – делінген Үкіметтің сенаторларға берген жауабында. 

Үкімет дерегінше, енді бұдан былай лифтілерді тексеру, қада­ғалау, техникалық қауіпсіздік стандарттары мемле­кеттік дең­гейде бақыланып, лифт шығара­тын, жөндейтін кәсіпорындарға лицензия беру қатаңдайтын түрі бар. Сонымен қатар әкімдіктер лифтіге байла­нысты барлық ақ­паратты элек­тр­онды форматқа көшіріп, тек­серу жүргізіп отыру жағы қа­рас­тырылып жатыр. Сондай-ақ лифтілерге қызмет көрсетуді аттестатсыз немесе өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бел­гіленген талап­тарын бұза отыр­ып жүзеге асыр­ғаны үшін жауап­кершілік шара­ларын күшейту мәселесін қарас­тыру тапсырыл­ған көрін­еді. Демек, жеделса­ты­ның тұрғын­дарға сапалы қызмет көрсету бағыты бойынша ілкімді істер жүзеге аспақ.

Тоқетері, елде 4 мыңнан астам жеделсаты өзінің жөн­деуін күтіп отыр. Енді 25 жыл­дан ас­қан лифтілер кезең-кез­еңі­мен ауыстырылады немесе күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Лифт қолданысына жа­у­апты ме­ке­мелерге жауап­кер­шілік қатаңдатылады. Қалада тұратын лифтіні ұдайы пайда­ланатын адамдар үшін жедел­саты дер уақытында сапалы қыз­мет көрсетіп, қауіпсіз қол­даныста болса, жұрттың бір шаруасы түгенделгені болар еді.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью