Жеке детективтердің қызметі заңнамалық тұрғыда реттелмек

03.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Отырысқа мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және салалық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі — жеке детективтік қызмет саласындағы реттеушілік әсерді талдау. Ішкі істер министрлігі жеке детективтерді лицензиялауды, олардың жұмыс орнына қойылатын талапты белгілеуді, сондай-ақ кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыруды көздейтін реттеуші құралдарды енгізуді ұсынды.

Фото: Үкімет

— Қазір жеке детективтердің қызметі, соның ішінде жоғалған адамдарды іздеу, бақылау, азаматтық, әкімшілік іс бойынша дәлелдеме жинау іс жүзінде заңнамалық жағынан реттелмеген. Ұсынылып отырған шаралар азаматтардың құқығын қорғауға, білікті мамандардың қызмет көрсетуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік құпия және жеке өмірге қол сұқпау талабын сақтауға бағытталған. Бұл мәселелер бойынша реттеушілік әсерді талқылау өткен жылғы 27 қараша — 2 желтоқсанда ашық нормативтік құқықтық актілер порталында өткізілген. Оған жұртшылықтан ескертулер түскен жоқ, — делінген хабарламада.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жеке детективтердің кәсіби жауапкершілігін лицензиялау мен сақтандыру азаматтардың жеке өміріне араласу тәуекелін азайту, осы сала қызметінің ашықтығын арттыру үшін қажетті шарт екенін атап өтті. Оның айтуынша, жеке сот орындаушылар институтымен ұқсастығы бойынша бұл шаралар азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған өркениетті детективтік қызмет нарығын қалыптастыруға ықпал етеді.

Фото: Үкімет

Сондай-ақ мұнай базалары иелерінің резервуарларды есепке алатын бақылау құралдарымен (ЕБҚ) жарақтандыру жөніндегі міндетіне қатысты реттеушілік әсерді талдаудың нәтижесі қаралды. Энергетика вице-министрі Санжар Жәркешов еліміздегі мұнай өнімдерінің айналымын кезең-кезеңімен цифрландыру барысы туралы хабарлады. Осы жұмыс шеңберінде заңнамада мұнай өңдеу зауыттары мен автожанармай құю стансаларын есепке алатын бақылау құралдарымен жарақтандыру міндеттелген.

— Бұл ретте қолданыстағы нормада ЕБҚ қолданылмаса, мұнай өнімін өткізу және тиеп жөнелту үшін жауапкершілік белгіленгені, ал отынды сақтау және өткізу кезінде олардың мұнай базасында болмауы үшін жауапкершілік бекітілмегені атап өтілді. Осыған байланысты мұнай базасы иелерінің есепке алатын бақылау құралдарын орнату және пайдаланғану мәселесі бойынша жауапкершілік белгілеу ұсынылады, — делінген хабарламада.

Фото: Үкімет

ЕБҚ мұнай өнімінің түсуі мен жіберілуін, отын қалдығын, ЖЖМ қозғалысын нақты уақыт режимінде автоматты есепке алады. Қазір мұнай базалары көп жағдайда бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл есепке алынбаған мұнай өнімі айналымы қаупін туғызады.

Мұнай базаларын ЕБҚ міндетті жарақтандыруының болмауы ЖЖМ нарығының көлеңкелі тұстарын, сұр аймақтарды қалыптастырып, салық түсімінің алынбауына, әсіресе көрші елдермен 40-60% деңгейінде сақталып отырған баға диспаритетіне ықпал ететіні атап өтілді. Есепке алатын бақылау құралдарын енгізу мұнай өнімі айналымының барлық тізбегін жіті бақылауды қамтамасыз етуге, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға және нарықтағы барлық қатысушы үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Отырыстың қорытындысында Ведомствоаралық комиссия қаралған мәселелер бойынша реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін мақұлдады.

Бұдан бұрын Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью