Жеке кәсіпкерлер үшін оңайлатылған салық режимі қалай өзгерді маман пікірі

27.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Бұл туралы Астана қаласы Сарайшық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшының орынбасары Дархан Молдажан Jibek Joly арнасындағы «Бүгін live» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.

- Биыл салық салу жүйесі оңтайландырылып, бұрынғы онға жуық режимнің орнына нақты үш арнайы салық режимі бекітілді. Бірінші режим – оңайлатылған салық режимі. Биыл бұл салық түрі кеңейтілді. Енді табыс шегі 2,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды (бұрын 20 000 АЕК болатын). Осы режимді таңдаған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тек табыс салығын төлейді. Бұрын табыс көлемі 60 млн теңгеден асқан жағдайда қосымша құн салығын төлеу міндеті туындайтын. Биылдан бастап арнайы салық режимінде бұл шектеу алынып тасталды. Екінші режим – фермерлік және шаруа қожалықтарына арналған. Бұрын бөлек-бөлек төленетін жер салығы, көлік салығы және жеке табыс салығы біріктіріліп, бір реттік төлем ретінде енгізілді. Бірыңғай төлемнің базалық мөлшерлемесі – 0,5 пайыз. Осылайша, бірнеше салық түрі бір төлеммен алмастырылды, - деді маман.

Ал үшінші режим өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған. Бұл кәсіпкерлер үшін де арнайы өзгерістер енгізілген.

- Үшінші режим – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған. Егер жеке тұлғаның жылдық табысы 300 АЕК-тен (шамамен 1,2 млн теңге) аспаса, оған жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Мұндай азаматтар «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы көрсеткен қызметі бойынша чек жүктеп отырады. Есептілік тапсыру талап етілмейді және олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді. Бұл режим қырықтан астам қызмет түріне арналған. Мысалы: такси жүргізушілері, жеткізушілер, шаштараздар және өзге де қызмет көрсетушілер, - деді Дархан Молдажан.

Спикердің айтуынша, салық режимін кәсіпкерлер телефондағы «E-Salyq Business» қосымшасы немесе екінші деңгейлі банктер арқылы таңдай алады. 1 наурызға дейін санаулы күндер қалды, үлгермеген жағдайда өзге тәртіп қолданылады.

- Кәсіпкер 1 наурызға дейін салық режимін өз еркімен таңдамаса, ол автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне көшіріледі. Бұл режим бойынша табыс салығының базалық мөлшерлемесі – 10 пайыз. Сонымен қатар бір жыл ішінде табыс көлемі 10 000 АЕК-тен асқан жағдайда қосымша құн салығын төлеу міндеті туындайды. Биыл қосымша құн салығының мөлшерлемесі 16 пайызға дейін өсті, - деді ол.

Осы тұста Дархан Молдажан кәсіпкерлер салық төлеу барысында жиі жіберілетін қателер туралы да айтты.

- Қазіргі уақытта жиі кездесетін мәселенің бірі – кәсіпкердің тіркелген мекенжайы мен нақты қызмет көрсететін жерінің әртүрлі болуы. Мысалы, кәсіпкер Есіл ауданында тұрып, бизнесі Байқоңыр ауданында тіркелуі мүмкін. Мұндай жағдайда әлеуметтік төлемдер жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді, ал табыс салығы кәсіпкерлік нысаны тіркелген жер бойынша төленеді, - деді Астана қаласы Сарайшық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшының орынбасары.

Маманның пікірінше, жаңа салық режиміндегі басты өзгеріс – табыс шегінің 2,5 млрд теңгеге дейін ұлғайуы және қосымша құн салығы бойынша шектеудің алынып тасталуы. Бүгінде жеке кәсіпкерлік субъектілер 90 пайыздан асады. Бұл кәсіпкерлерге табыс көлемін асырып аламын деген алаңдаушылықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп мәлімдеді.

Еске сала кетейік, жақында елде қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдеріне салық салу тәртібі өзгермейтіні жайлы жазылды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью