7kun.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін жеке көмекші қызметін онлайн форматқа көшіруді көздейтін жаңа өзгерістер жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
Жаңа бастама қолдау көрсету жүйесін цифрландыруға және қызметті икемді форматта ұйымдастыруға бағытталған.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, жеке көмекші қызметі енді азаматтық-құқықтық қатынас ретінде рәсімделеді. Яғни бұл қызмет еңбек қатынастары санатына кірмейді. Соның нәтижесінде табель жүргізу, қатаң жұмыс кестесі секілді бюрократиялық талаптар азайтылмақ.
Министрлік мәліметінше, қызмет көрсету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы азаматтың нақты өтінімі негізінде жүзеге асырылады. Сүйемелдеу қызметі тек қажетті жағдайда — медициналық мекемелерге, мемлекеттік органдарға немесе өзге де нысандарға бару кезінде ұсынылады.
Төлем әр орындалған өтінім бойынша жүргізіледі. Қызметтің көрсетілгені жүйе арқылы расталып отырады. Бұл қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа тәртіп аясында тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілетін үлгілік шарт енгізу жоспарланып отыр.