Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Мәжіліс депутаты Максим Рожин Конституцияда жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режим енгізу бастамасына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта Алатау мен Түркістан қалалары ерекше мәртебеге ие болып жатыр. Бұл статус бойынша аталған қалалар тікелей Үкіметке бағынатын болады. Алайда, мұндай басқару үлгісі ертеңгі күні заңнамалық кедергілерге тап болмауы үшін, оны елдің негізгі заңы — Конституция деңгейінде бекіту маңызды.
«Осы қыста Алатау қаласында болдым. Президенттің айтуынша, ол жерде дамудың озық үлгілері қолданылады. Дамудың озық үлгісі қолданылатын қалада Конституциялық арнайы режимдерді бүгіннен қарастыру керек. Оларды басқару, жаңа тетіктерді қолдану барысындағы жергілікті атқарушы органдардың үкіметпен байланысын қазір қарастырмасақ, ертең ол жердегі жұмысты жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті арнайы режим жөнінде мәселе көтеріліп отыр», — деді Максим Рожин.
Бұл бастаманы заңгер ғалымдар да қолдап отыр. Конституциялық комиссияның отырысында профессор Исидор Борчашвили жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігін конституциялық заң арқылы бекітуді ұсынды. Бұл дегеніміз — белгілі бір аймақтардың экономикалық, әлеуметтік немесе басқару ерекшеліктеріне қарай оларға икемді заңнамалық жеңілдіктер беру.