Желден жарық алған аймақ

13.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Табиғаттың төл сыйы – желдің екпіні, күннің шуағы мен судың қуаты да экономиканың жаңа серпініне айналып келеді. Жаңартылатын энергия көздері бір жағынан энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашса, екінші жағынан қоршаған ортаға түсетін экологиялық салмақты барынша азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде Ерейментау мен Аршалының әлеуетті желі, Целиноградтың мол күн сәулесінің энергиясын тиімді пайдалану Ақмоланың энергетикалық қуатын арттырып, өңірдің Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуіне қосар үлесін еселей түсуде.

Энергетика министрлігінің 2026 жыл­ғы екінші тоқсанындағы рес­ми дерегіне жүгінсек, Ақмола облысында жал­пы белгіленген қуаты 542,75 МВт бо­латын 19 жаңартылатын энергия көзі ны­саны жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш өңір­ді республикадағы жаңартылатын энер­гетика қуаты жоғары аймақтардың қа­тарында ұстап отыр. Өңірдің атап өтер­лік басты ерекшелігі – Ақмоладағы жа­сыл энергетиканың басым бөлігі жел энер­гетикасына тиесілі. Жұмыс істеп тұр­ған нысандардың қатарында Ереймен­тау, Аршалы, Целиноград, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласындағы іргелі жобалар бар.

Ақмоладағы жаңартылатын энер­гетика­ның қалыптасу тарихында Ерейментау ауданының орны аса ерекше. Дәл осы аумақта Қазақстандағы алғашқы жел электр стансаларының бірі іске қосылып, кейінгі ірі жобаларға жол ашылды. Осы­лайша, өңірдегі энергетикалық жобалардың географиясы кеңейіп, Ерейментау ғана емес, Аршалы ауданы да жел энергетикасының маңызды орталығына айналып отыр.

Мәселен, Аршалы ауданындағы «ЦАТЭК Green Energy» жел электр стан­са­сының белгіленген қуаты  100 МВт қуатқа жеткен. Мұнда Borey Energo-1 және Borey Energo-2 жобаларының әрқайсысы 50 МВт қуатқа ие. Сондай-ақ Energo Trust – 50 МВт, «Софиев жел электр стансасы» 39 МВт қуатпен жұмыс істейді.

Жел энергетикасы Ерейментау ауданында да қарқынды дамып келеді. Мұнда «Бірінші жел электр стансасы» – 45 МВт, Golden Energy Corp – 25 МВт және 4,95 МВт, «Восток ветер» – 10 МВт, «Электро сеть строй»  өндірістік фирмасы  4,5 МВт жо­балары жүйелі жұмыс істеп тұр.

Ал Jasyl Jel Energy-1 жобасының қуаты 10 МВт болса, Бурабай ауданындағы Jasyl Jel Energy-2 жел электр стансасы 4,95 МВт қуатқа ие. Зеренді ауданында да жаңартылатын энергетика нысаны жұмыс істей бас­таған. Мұндағы «Эталон Пауэр» жел электр стансасының белгіленген қуаты  18,15 МВт қуатқа жетіп отыр.

Ақмоланың жасыл энергетикасы тек жел­мен шектелмейді. Целиноград ау­да­нында қуаты 100 МВт KB Enterprises күн электр стансасы іске қосылған. Бұл – өңір­дегі жаңартылатын энергетиканы әртараптандырудың нақты көрінісі. Яғни Ақмола табиғи мүмкіндігіне қарай жел энергетикасына басымдық бере отырып, күн энергетикасының әлеуетін де пайдалануға көшті.

Ал Көкшетауда қуаты 7 МВт болатын «Вичи» нысаны жұмыс істейді. Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирма­сының қуаты 0,75 МВт жел электр қон­­­­дырғысы да өңірдегі жаңартылатын энер­гия жобаларының біріне айналған. Оның инвестициялық құны 200 млн теңге болған.

Жасыл энергетиканың маңызын тек нысандар саны мен бел­­­­гіленген қуат арқылы емес, нақты өн­діріл­ген электр энергиясы арқылы да ба­ға­лауға болады. Ақмола облысындағы жаңартылған энергия көздері нысандары 2025 жылы 1,169 миллиард кВт·сағаттан ас­там электр энергиясын өндіргенін атап өт­кен жөн. Бұл – өңірдің энергетикалық жүйе­сіне баламалы көздердің нақты үлесі артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Өңір үшін бұл бағыттың өзектілігі аса жоғары. Ақмола облысының электр жүк­темесі 564,2 МВт деңгейінде. Соны­мен бірге облыс өзінің генерациялық қуа­тының тапшылығына байланысты Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінен келетін электр энергиясы көздеріне әлі де тәуелді. Сондықтан жаңа генерация көздерін дамыту  өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды міндеттердің бірі екені даусыз.

Инвестицияның пайдасы орасан

Жаңартылатын энергетиканың дамуы тек электр энергиясын өн­дірумен шектелмейді. Мұндай жобалар жаңа технология, инвестиция, инфра­құрылым және жаңа мамандықтарға деген сұранысты қалыптастырмақ. Өңірде бұл бағытқа жеке инвестициялардың ай­­тарлықтай бөлігі тартылып келеді. Бұған дейін өңірде жүзеге асырылған жаңар­тылған энергия көздері жобаларына шамамен 260 млрд теңге инвестиция бағытталғаны туралы ресми ақпарат жа­рияланған еді. 2023 жылғы өңірлік деректерде жаңартылатын энергия көздері бойынша 13 жобаның 8-і Аршалы, Ерейментау, Целиноград аудандары мен Көкшетауда іске асырылғаны, іске қосылған энергетикалық нысандардың қуаты шамамен 280 МВт болғаны және жеке инвестиция көлемі шамамен 140 млрд теңгені құрағаны айтылған. Ал инвестициялық күн тәртібі мұнымен тоқтап отырған жоқ.

Биыл Ақмола облысының Аршалы ауда­нында цифрлық инфрақұрылым мен жаңартылатын энер­ге­тиканы біріктіретін ірі жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Akmola Industry, Аршалы ауданының әкімдігі және VTK Global investments and trading арасындағы келісім аясындағы жобаның жалпы инвестициялық көлемі 1,5 млрд долларға бағаланып отыр.

Жоба деректерді өңдеу ор­талықтарының көпкезеңді кам­пусын, сонымен қатар жаңартылатын энергия нысандарын салуды көздейді. Оның ішінде индустриялық аймақ пен Бабатай стансасы маңындағы 300 гектар аумақта күн электр қондырғыларын орналастыру қарастырылыпты. Жоба аясында шамамен 150 тұрақты жұ­мыс орнын ашу жоспарланған. Бұл – Ақмоланың энергетикалық әлеуетінің инвесторлар үшін де қызығушылық тудырып отырғанын көрсететін нақты мысал.

Мұндай жалпыұлттық үдеріс Ақмола үшін де жаңа жобалар мен инвестициялық мүмкіндіктердің көкжиегін кеңейтіп отыр. Өңірде бұған дейін іске қосылған жобалар көрсеткендей, Ақмоланың негізгі табиғи артықшылығы – жел энергетикасы. Ал күн энергетикасының дамуы жаңартылатын энергия көздерінің құрылымын одан әрі әртараптандыруға мүмкіндік берген.

Бүгінде энергетика саласындағы өзгеріс тек жаңа электр стансаларын салумен өлшенбейді. Оның артында инженерлер, энергетиктер, құрылысшылар, сервистік компаниялар, цифрлық технологиялар, логистика және жергілікті кәсіпкерлік саласы тұр. Демек, жел турбиналары мен күн панельдері – даланың жаңа көрінісі ғана емес, өңір экономикасының трансформациясының белгісі. Ақмола үшін жаңартылатын энергия көздерін дамыту – табиғи мүмкіндікті экономикалық ресурсқа айналдырудың бір жолы. Кеше ғана кең далада еркін есіп тұрған жел бүгінде электр энергиясын өндіруге қызмет етіп отыр. Ал күн сәулесі де өндірістік қуаттың бір бөлігіне айналып келеді. Ақмоланың энергетикалық болашағы осылайша жаңаша сипат алған. Аймақта жердің байлығы ғана емес, желдің екпіні мен күннің сәулесі де өңірдің қуатына айналуда.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью