Желіде әншілігімен танылған кітапханашы Малаховтың бағдарламасына қатысты

01.05.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Юлия күнделікті өмірде – асыл жар, сүйікті ана. Мамандығы – кітапханашы. Бірақ оны көпшілік әлеуметтік желіден «ВЕСТА» атымен, ерекше болмысы бар әнші ретінде таниды. Бір күнде жұлдызға айналған Юлия Коршунова Kazinform тілшісіне сұхбат берді. 

– Танымалдылық өміріңізге қалай әсер етіп жатыр? 

– Бұған дайын болмай шықтым. Қазір көшеде, қоғамдық орындарда танып жатады, жақындап, фотоға түсуді өтінгенде толқитыным бар. Фотоға түсуге қарсы емеспін, бірақ аздап ыңғайсызданамын. Тыныш, өз әлемімде өмір сүріп жатқан едім, қазір күнде қарбалас, дегенмен бұл маған ұнайды. 

Фото: Юлия Коршунованың жеке мұрағатынан

– Әлеуметтік желідегі танымалдық қалай басталды?

– MONA-ның «Воин и дракон» деген әніне кавер жаздым. Жаңа жыл қарсаңы болатын, осы және тағы екі ролигім санаулы күнде 700-800 мың қаралым жинады. Менің бейнежазбаларым бұлай қызығушылық тудырып, көп қаралым жинайды деп күтпедім. Көбіне жеке архив үшін, өзімді сырттан байқау үшін түсірдім. Мысалы бір шығарманы бір жылдан кейін қалай орындадым, өзгеріс-өсу бар ма деген сияқты. Алайда адамдарға менің шығармашылығымның ұнағанына қатты қуандым. 

– Өнерге қалай келдіңіз? Кітапханашы мен әншілік бір-біріне жақын сала емес қой. 

– Көкшетау қаласының тумасымын. Бала кезімде Жезқазғанда тұрдық, кейін анам қайтыс болғаннан кейін бауырым екеуіміз Көкшетауда тұратын аға-тәтемізге көшіп келдік. Музыка менің өмірімде әрдайым болды. Тек 5-сыныпта ғана ашылып, түрлі ән байқауларына қатыса бастадым. Шіркеу болатын, сонда барып, анда-санда хорда ән айтатынмын. Мектепті бітіргеннен кейін Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары колледжде оқыдым. Музыкамен кейінгі бес жылдан бері тұрақты айналысып келемін.

Фото: Юлия Коршунованың жеке мұрағатынан

Ән айту – менің хоббиім, ол негізгі жұмысыма кедергі келтірмейді. Түскі үзілісте отырып ән айтуым мүмкін, өйткені жаным қалап тұрады. Немесе бір іс-шараға дайындық барысында. Мысалы, былтыр Абайдың мерейтойы болды ғой, сонда мен «Желсіз түнде жарық ай» әнін айтатын болдым. Қазір әлеуметтік желіде жүрген ролик дайындықтың бірі болатын.

– Бүгінде әлеуметтік желі таланттарды танытатын үлкен алаңға айналды. Сіз өз тыңдармандарыңызды немен баурап алдыңыз?

– Көп адам жалған бейне жасап, «маска» кисе, оларды көпшілік қабылдайды, әрі оларға табынады деп қателеседі. Осылайша Pinterest-тегі мінсіз, бірқалыпты әдемілікке ұмтылып келді. Бірақ, өмір бір орында тұрмайды, адамдар жасандылықтан шаршады, 2026 жылы басымдық шынайылыққа берілген. Табиғаттың өзі де мінсіз емес, десек те әдемі көрінеді. Адам өз болмысымен өмір сүрген кезде, ол табиғаттың бір бөлшегіне айналады. Дәл сол сәтте ғана ол өзін табады. 

Тыңдарманды менің дауысым емес, әнді эмоциямен жеткізуім қызықтырады деп сенімді түрде айта аламын. Әнді жан-дүниеммен орындаймын, өз оқиғамды айтып жатқандай боламын. Сондықтан вокал екінші орында тұр деп ойлаймын.

Фото: Юлия Коршунованың жеке мұрағатынан

– Аудиторияңыз кімдер? 

– Менің аудиториям – мейірімді, мәдениетті жандар. Олардың қолдауы маған үлкен мотивация. Қазіргі жетістігім – осы оқырман-тыңдармандарымның арқасы. Бүгінде оқырмандарым саны 75 мыңнан асты, сондықтан қазір әр роликке үлкен жауапкершілікпен қараймын, арнайы түсіремін, дайындаламын. Қазір, тіпті сапалы клиптер түсіру де ойымда жүр. Қазір екі әнімді жарыққа шығаруға дайындап жатырмын. 

Фото: Юлия Коршунованың жеке мұрағатынан

– Мәскеуге Малаховтың бағдарламасына шақырту алып, қатысып келдіңіз. Осы сапардан кейін қандай да бір жобаларға шақырулар болды ма?

– Кездесуден ерекше әсер алдым. Талантты, танымал тұлғалармен, белгілі артистер, композиторлармен бір үстелде отырып, еркін әңгіме өрбіту – бұрын тіпті армандамаған дүнием еді. Әлемнің әр түкпірінен адамдар хабарласып, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Жақында SuperStar KZ жобасына қатысуға шақырту алдым, сондай-ақ «Qyzyljar» креативті орталығынан бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті. 

Жалпы, өмірімде оң өзгерістер көп. Әрине, қарбалас сәттердің де өз қиындығы бар – соның бірі, отбасыма бөлетін уақыттың азайып кеткені. Бірақ бұл тепе-теңдікті реттеуге тырысып жатырмын. Өйткені адам үшін кәсіби жетістік қаншалықты маңызды болса, отбасының орны да соншалықты бөлек. Алдағы уақытта осы екеуін қатар алып жүріп, үйлесімді өмір сүру – басты мақсатым.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью