Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстанда паспорттың жаңа дизайны әзірленіп жатқанда, әлеуметтік желілерде оның болжамды сыртқы түрі талқылана бастады. Желі қолданушылары болашақ құжат деп қабылдаған суреттер дизайн төңірегінде дау тудырды, деп хабарлайды Tengri Travel.
Бұл неден басталды?
Әлеуметтік желілерде қолданушылар Қазақстан азаматының жаңа төлқұжатының макеті деп атаған суреттер қайта пайда болды. Бұл жазба тез арада назар аудартып, бірі құжаттың безендірілуін талқыласа, енді бірі оны өзге елдердің төлқұжаттарымен салыстырды, ал үшіншілері жаңарту идеясын сынға алды.
Скриншот: threads.com/@bazablankwear
Кейбір желі қолданушылары жарияланған суреттердің стилистикасы Оңтүстік Кореяның төлқұжатына ұқсайтынын атап өтті.
"Бағасы: триллион теңге", "Тек ішін өзгерту керек, сырты өте керемет", "Мұқабасын бір түрлі арзан етіп жасапты", "Іш пыстырарлық екен", "Шыны керек, өте тартымды, ерекше әсер береді", "Әдемі екен", "Сыртына алтынмен апталған барыстың суреті жетіспейді", "Көлсай мен Қайыңдыны қоса ма?" - деп жазды пікір қалдырушылар.
Скриншот: threads.com/@bazablankwear
ІІМ не дейді?Біз Ішкі істер министрлігіне таралып жатқан суреттерге қатысты түсініктеме беруді сұрап жүгінген едік, ведомство өкілдері әлеуметтік желілерде жарияланған макеттер ресми емес екенін мәлімдеді.
"Әлеуметтік желілерде тарап жатқан эскиз Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары әзірлеген немесе бекіткен ресми жоба, жұмыс нұсқасы немесе өзге де құжат емес. Аталған материал Қазақстан Республикасы азаматы төлқұжатының әзірленіп жатқан жаңа дизайнына ешқандай қатысы жоқ", - деп хабарлады ведомство баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ведомство құжаттың жаңа дизайны бойынша жұмыс жалғасып жатқанын растады.
"Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы азаматы төлқұжатының жаңа дизайн макеті әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстың аяқталғаны және түпкілікті дизайн бекітілгені туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға белгіленген тәртіппен жеткізіледі", - деп бөлісті министрліктегілер.
Бұл ретте ІІМ эскиздерді әзірге көрсету мүмкін емес екенін, себебі түпкілікті нұсқа әлі бекітілмегенін атап өтті.
Мән-жайы"Әзірлеудің қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы азаматы төлқұжатының жаңа дизайн эскиздерін немесе макеттерін ұсыну мүмкін емес, өйткені құжаттың түпкілікті дизайны әлі бекітілген жоқ", - деп түйіндеді ведомство.
Қазақстанда төлқұжаттың жаңа дизайны дайындалып жатқаны туралы ІІМ бұған дейін хабарлаған болатын. Ол кезде де интернетте жарияланған суреттер талқылауға себеп болған еді. Ведомство олардың ресми жобаға қатысы жоқ екенін, бірақ жаңа безендіру бойынша жұмыс расында жүріп жатқанын түсіндірді.
ІІМ мәліметінше, жаңа төлқұжат макетіне қатысты жұмыс дизайн саласындағы мамандармен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте әзірлеменің аяқталу мерзімі мен түпкілікті нұсқаның бекітілу уақыты әзірге айтылған жоқ.
Қолданыстағы паспортты ауыстыру керек пе?Жаңа дизайн әзірленіп жатқаны туралы ақпарат шыққаннан кейін, қазақстандықтардың көпшілігін "бұрын берілген құжатты ауыстыру қажет пе?" деген сұрақ мазалады.
Бұған дейін ІІМ міндетті түрде ауыстыру жоспарланбағанын түсіндірді. Жаңа үлгі айналымға енгеннен кейін де, қолданыстағы төлқұжаттар мерзімі аяқталғанға дейін заңды күшін сақтайды. Бұл азаматтарға дизайнның өзгеруіне байланысты жаңа құжатты арнайы рәсімдеудің қажеті болмайтынын білдіреді.
Қазақстан паспорты қаншалықты беделді?Төлқұжаттың жаңа дизайны әзірленіп жатқанда, Қазақстанның қазіргі құжаты халықаралық рейтингтердегі позициясын жақсартып жатыр.
Мәселен, Henley Passport Index 2026 рейтингінде Қазақстан паспорты 57-орынға көтерілді. Зерттеу мәліметтері бойынша, ел азаматтары 78 мемлекетке алдын ала виза рәсімдемей бара алады.
Тағы бір зерттеу - Global Passport Index 2026 бойынша Қазақстан жалпы әлемдік рейтингте 109-орынға ие болды, бірақ Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Бұл индекс авторлары саяхаттау мүмкіндігін ғана емес, инвестициялық тартымдылық пен өмір сапасы сияқты көрсеткіштерді де бағалайды.
Қазақстандықтар 2026 жылы қай елдерге визасыз бара алады?
Қазір паспорт рәсімдеу қанша тұрады?Мемлекеттік баж салығының мөлшері құжаттың бет санына және өтініш берушінің жасына байланысты. 2026 жылы рәсімдеу құны келесідей:
36 беттік төлқұжат - 34 600 теңге (8 АЕК); 48 беттік төлқұжат - 51 900 теңге (12 АЕК); 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік төлқұжат - 17 300 теңге (4 АЕК).Осылайша, әлеуметтік желілердегі кезекті талқылау толқынына қарамастан, жарияланған жаңа төлқұжат суреттері ресми емес. ІІМ жаңа дизайн әзірленіп жатқанын ғана растап, құжаттың түпкілікті нұсқасы әлі бекітілмегенін атап өтті. Жұмыс аяқталған соң, жаңа төлқұжат туралы ақпаратты ресми түрде хабарлауға уәде берді.
Тағы оқыңыз: Қазақстан паспорты Орталық Азияда көш бастады
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу