Жеңіл табыстың ауыр зардабы

11.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Сурет: kp.ru

Бүгінде есірткі саудасы көшеден виртуалды әлемге толық­тай дерлік ауысты. Бұл – құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатып тұр. Өйткені киберқылмыскерлер тікелей байланыстан бас тартып, дүниенің бір бұрышында отырып-ақ заманауи технологиялар мен психологиялық айла-тәсілдерді шебер қол­данады. Мәселен, әлеуметтік желілерде «Жеңіл әрі қауіпсіз табыс» туралы жарнамалар өріп жүр. Одан бөлек, наркодилерлер жасөспірімдерге «сен ештеңе істемейсің, тек сәлемдеме қалдырасың немесе картаңды бересің, сені ешкім ұстамайды» деп миын улайды. Салдарынан заңнан бейхабар немесе оңай олжаға қызыққан отандастарымыз санаулы сәттің ішінде қылмыскерге айналып, өмірлерін қор қылып жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігінің кейінгі мәлі­мет­теріне сүйенсек, осы жар­тыжылдықта қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекетке 500-ден астам азаматтың тартылғаны белгілі болды. Дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы сомасы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операциялар жүргізіліпті.

Кейінгі екі айдың ішінде мыңнан аса дроп-карта бұғат­талған. Мәселен, ҚМА Батыс Қазақстан облыстық депар­таменті интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банктік шоттарын пайдаланған ха­лықаралық «дроповодтар» желісінің қызметін тоқтатты. Анықталғандай, бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілген. Кейін ұйымдасқан топ мүшелері шот иесі болған 18 жастағы азаматты күштеп ұстап, қор­қытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қалпына кел­тіруге мәжбүрлеген.

Дәл осындай схема Жетісу облысында да тіркелді. Әлеу­­меттік желідегі жұмыс ­туралы хабарландыруға сенген жер­гілікті тұрғын кура­тор­лар­дың нұсқауымен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өзінің банктік шоттарына қабылдаған. Ол қаражатты криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың шоттарына аударып, әр операциядан комиссия алып отырған.

Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Қуандық Әлжановтың айтуын­ша, жыл басынан бері елде есірткі бизнесіне қатысы бар 177 мың шетелдік төлем картасы бұғатталған. Бұдан бөлек, есірт­кі бизнесінен түскен кірісті заңдастыру белгілерін тексеру үшін 26 мың криптоәмиян Қаржылық мониторинг агент­тігіне жіберіліпті.

– Қылмыскерлер бар­лық мессенджерді және элек­трондық төлем жүйелерін пайдаланады. Бұл бағытта тек Ішкі істер министрлігі ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар жүйелі жұмыс ат­қа­рып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі жа­нындағы киберқадағалау қыз­меті есірткіге қатысты сайттарды бұғаттаса, Ұлттық банк жанындағы Антифрод орта­лы­ғы көлеңкелі қаржылық опе­ра­цияларды анықтап, олар­дың жолын кесумен айналысады. Ғаламторда жасалған бірде-бір қылмыс із-түзсіз жоғалып кетпейді. Міндетті түрде электрондық ізі қалады. Мәселен, құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топтардың 9 ұйымдастырушысы мен 29 белсенді қатысушысын ұстады. Есірткі қылмысына қарсы күрес аясында 15 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс «Киберқадағалау» жүйесіне бұғаттау үшін жолданды. Ұлт­тық банкпен бірлесіп 135 млн теңге көлеміндегі күмәнді транз­акциялар тоқтатылды, – деді ол.

Қабылданып жатқан шара­ларға қарамастан, синтети­калық есірткіге сұраныс жо­ғары көрінеді. Қуандық Әлжановтың сөзіне қарағанда, 580 кило синтетикалық есірткі тәркіленген. Ал олардың өндірісі ауылдық жерлерге ауысып жатыр. Жойылған синтетикалық есірткі өндіретін 15 зертхананың шамамен 70%-ы шалғай ауылдарда орналасқан.

Жалпы, осы жылы 1 885 есірткі қылмысының жолы кесілді. Оның ішінде бір транс­ұлттық топты қоса алғанда, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойылды.

– Халықаралық ынты­мақ­тастық трансұлттық есірткі қыл­мысына қарсы күрестегі негізгі бағыттың бірі болып қала береді. Биыл мамыр айында ІІМ Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, алғаш рет отандастарымызды заңсыз әрекеттерге тартумен және оларды есірткі би­несінің қылмыстық схемаларына қатыстырумен айналысқан ірі call-орталықтың қызметін тоқтатты. Бірлескен операция нәтижесінде Киев қаласында 11 күдікті ұсталды. Олардан арнайы жабдықтар мен ірі көлем­дегі ақша қаражаты тәркіленді, – деді ІІМ Есірткі қылмы­сына қарсы іс-қимыл коми­тетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.

Айта кету керек, кейінгі бір айдың ішінде елімізде ауқымды профилактикалық, ақпараттық-түсіндіру, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, алғаш рет есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі республикалық және өңірлік кеңестер өкілдерінің форумы өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеу­меттік желілерде 2,5 мыңға жуық материал жарияланды. Бұған қоса, алдағы үш жылға арналған нашақорлық пен есірткі биз­несіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью