Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Оның айтуынша, биыл елордада 173 қоғамдық және аула кеңістігін жаңарту жоспарланған. Олардың қатарында саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аулалар, жаяу жүргіншілер аймақтары және тұрғындар күнделікті пайдаланатын басқа да демалыс орындары бар.
Қала әкімінің сөзінше, негізгі мақсат – әр ауданда тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру.
Қазіргі таңда Омаров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықтағы «GreenLine» желілік саябағының екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында серуендеу жолдары, демалыс орындары, спорт алаңдары, жасыл желек пен экологиялық шешімдер қарастырылған.
Сонымен қатар «Кіші Талдыкөл» экосаябағының құрылысы жалғасып жатыр. Жоба табиғи ландшафты сақтауға, жаңа рекреациялық аумақтар қалыптастыруға, экожүйені қорғауға және су деңгейін тұрақты ұстауға бағытталған.
Сондай-ақ «Мыңжылдық» аллеясында жаңа қоғамдық кеңістіктер салынып жатыр. Алғашқы жұмыстар Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры маңындағы гүлзарда және «Нұрлы жол» теміржол вокзалына іргелес саябақта басталған.
Бұдан бөлек, Мәңгілік Ел даңғылын абаттандырудың екінші кезеңі мен Бейбітшілік және келісім саябағының екінші кезеңі іске асырылып жатыр. Бұл аумақтарда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың демалысына арналған жаңа кеңістіктер жасалуда.
Қала әкімінің мәліметінше, соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылған. Бұл жұмыстардың барлығы елорданы тұрғындар үшін жайлы, заманауи әрі жасыл қалаға айналдыруға бағытталған.