Жер қойнауын игерудің өзектілігі

09.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Орталық коммуникация­лар қыз­метінің алаңында Энер­гетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мұнай-газ және көмір сала­ла­рының ағымдағы көрсет­кіш­тері, геологиялық барлау бағ­дар­­ла­маларын өзектендіру және сала­ға ин­вес­тиция тарту шаралары туралы баяндады.

Көмірсутектерді өндіру секто­рында бүгінде қолданыста жер қойнауын пайдалануға арналған 317 мемлекеттік келісім­­­шарт бар. Оның ішінде 138 келісім­­шарт жер қойнауын терең геологиялық зерттеудің толық циклін қамтып, республиканың ресурстық базасын жоспарлы түрде толықтыруға мүмкіндік береді. Жобаларды іске асыруға 215 инвестор тартылған. Бел­сен­ді келісімшарттардың негізгі бөлігі (шамамен 72%) Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына тиесілі. Сонымен қатар өндірістік қызметтің едәуір көлемі Қызылорда облысы мен Каспий теңізінің отандық секторындағы учаскелерде жүргізіліп жатыр.

Уәкілетті орган жұмы­сы­ның басты басымдығы – инвес­тор­лардың өңірлер алдындағы мін­дет­темелерін толық әрі сапалы орындауын қамтамасыз ету. Елі­мізде қызмет ететін ірі жер қой­науын пайдаланушылар («Теңіз­шевройл», «Қарашығанақ Пет­ро­лиум Оперейтинг», «Норт Кас­пиан Оперейтинг Компани») әлеу­­­меттік және ғылыми бағыт­тар­ды тұрақты түрде қаржы­лан­дырып келеді. Былтыр және биыл­ғы бірінші тоқсанда өндіру­ші ком­паниялар тарапынан батыс өңір­лердің әлеуметтік дамуы­на 59 млрд теңге бөлінді. Елдегі мамандарды оқытуға, олардың білік­ті­лігін арттыруға, қолданбалы ғылыми зерттеу мен тәжірибелік-құ­­рас­­­тырушылық жұмысты жүр­гі­зу­ге 32 млрд тең­­­геден астам қара­жат бағыт­талды.

Жаңа цифрлық пара­метр­лер мен қабаттарды баға­лау алгоритм­дерін енгізуді қамти­тын қол­даныстағы шөгінді бас­сейн­дер­ді ауқымды қайта баға­­лау нәти­­­жесінде елдің көмір­сутек ресурс­­тарының болжамды көле­мі 76 млрд тоннаға дейін ұл­ғай­ды. Негізгі әлеует Каспий маңы, Үстірт-Бозашы және Оңтүстік Тор­ғай ойпат­тарында шоғыр­лан­ған.

Инвестициялық тұрақтылық отын-энергетика кешенінің өзге бағыт­тарында да байқалады. Рес­­­пуб­­ликадағы көмір өнер­кә­сібін жаңғырту тұрақты қаржы­лан­­­ды­румен қамтамасыз етіліп жатыр. Өткен жылы инвес­тор­лар­дың көмір өндірісі қуат­тарына бағыт­таған расталған инвес­тиция көлемі шамамен 692 млрд теңгені құрады.

Брифинг қорытындысында Ерлан Ақбаров министрліктің стра­тегиялық міндеті геология­лық барлау­ды дамыту, қолданыс­тағы кен орындарын тиімді игеру, заманауи технологияларды енгізу және ірі мұнай-газ жобаларын іске асыруға отандық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту арқылы саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью