Жер заңнамасында жетілдірер тұстар бар

14.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Сурет: latifundist.com

Осыған байланысты жер қатынастарын реттеу­де оларды ше­тел­дік тұл­ғаларға және заң­мен шектелген субъектілерге беруге қатысты шек­теулер енгізілген. Бұл өзгеріс­тер қоғамда кең қоғамдық тал­қы­лау туғызған жер реформа­сы­на қатысты оқиғалардан кейін қабылданған құқықтық шешім­дер­дің жалғасы болды. Осыған байланысты 2016 жылы 6 мамырда «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлық қа­был­данды.

Осы Жарлық негізінде жер ре­формасы жөнінде комиссия құ­ры­лып, заңнамаға түзетулер енгізілді. Мораторийдің қол­даны­лу мерзімін 2026 жыл­дың соңына дейін ұзарту жөнінде заң қабыл­да­нып, қазіргі таңда қолданылып жатыр.

Алайда құқық қолдану тә­жіри­бесі көрсетіп отырғандай, қолданыстағы құқықтық реттеу негі­зінен жер учаскелерін тікелей иеліктен шығару мәмілелеріне бағыт­талған. Ал меншік құқы­ғының немесе жер пайдалану құқығының өзге азаматтық-құ­қық­тық тетіктер арқылы ауы­су мүмкіндігі толық көлемде біріз­ді реттелмегені байқалады. Яғни заңнамалық түзету Жер кодек­сінің 33-бабындағы тікелей сату, сыйға тарту және өзге де иеліктен шығару мәмілелерін шектеуге бағыт­талғанымен, азаматтық құ­қық­тағы кейбір өзге құқықтық тетік­тер арқылы жерге қатысты құқық­­тардың жанама түрде ауысу тәуекелі толық жоққа шыға­рыл­майды.

Мәселен, жер учаскесін заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде енгізу немесе заң­ды тұлға қатысушылары құра­мы­ның өзгеруі нәтижесінде жер иеленушілердің өзгеріп жат­қан жағдайы орын алуда. Бұдан бөлек, Жер кодексіндегі құқықтардың ауысу тәртібі 63 және 83-бап­та­рындағы мәжбүрлеп өндіріп алу жағдай­ла­рында да өзгеріссіз қал­ған. Бұл мәселелер заңнамалық өзге­рістер шеңберінде арнайы реттелмеген күйінде қалып отыр.

Биыл мораторий мерзімінің аяқталуына байланысты ал­дағы уақыт­та мораторийді әрі қарай ұзарту немесе заңнамаға өзгеріс­тер енгізу мәселесі күн тәртібінде тұрғаны анық. Осыған орай, қан­дай шешім қабылданған жағ­дайда да аталған нормалар әр­түрлі құқықтық институттар ая­сын­­да қарастырылатындықтан, олар­­ды жүйелі түрде үйлестіру қа­жет­тілігі байқалады.

Мұндай жағдайлар заңна­малық шектеулердің мақсат­ты қолданылуы мен құқықтық те­тік­тер арасындағы үйлесімді­лікті күшейтуді қажет етеді. Бұл ретте құқық қолдану тәжірибе­сін­де әртүрлі түсіндірмелердің туындау қаупі де сақталады.

Осыған байланысты Жер кодексінің 33-бабын тек жеке­леген мәмілелермен шекте­мей, ауыл шаруашылығы жер­ле­ріне құқықтың заңмен шектелген тұлғаларға кез келген азаматтық-құқықтық негіз бо­йынша ауысуына жол бермейтін бірыңғай қағидатпен толықтыру орынды.

Сонымен қатар заңды тұл­ға­ларды тіркеу заңнамасы мен Жер кодексіндегі 63 және 83-бап­тар­дағы құқықтардың ауы­суы­на қатысты нормаларды осы қағи­дат­пен жүйелі түрде үйлес­тіру қажет.

Аталған тәсіл заңнаманың ішкі тұтастығын арттырып, ауыл шаруашылығы жерле­рі­не қатысты құқықтық режім­нің біркелкі қолданылуын қамта­масыз етуге ықпал етеді. Сондай-ақ құқықтық шектеулерді айналып өтуге бағытталған ықтимал конструкциялардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, ауыл шаруа­шылығы жерлеріне қатысты құ­қық­тық реттеуді жетілдіру жеке­леген баптарды өзгерту ғана емес, құқықтық институттардың өзара байланысын кешенді түрде қарастыруды талап етеді.

Нұрлан ЖАРМАХАНБЕТ,

құқық магистрі

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью